Сөз танысаң, Қонағым боп төрлегін

Ана тілім — асыл ойдың бұлағы

Сахнаға Ахмет Байтұрсынұлы баяу әуенмен шығып, өлең оқиды.

Бұл сөзді біреу алмас, біреу алар,
Құлағын біреу салмас, біреу салар.
Теп-тегіс көпке ұнау оңай емес,
Кейіне жарамаса, кейіне жарар.

Қайсысы ықыласын салып тыңдап,
Жаратпай қайсыбірі теріс қарар.
Дүниеде сүйгенім бар, күйгенім бар,
Солардан аз да болса белгі қалар.

Ахмет Байтұрсынұлы

Жүргізуші 1

Қайырлы күн, Ахметтей ұлт ұстазының жолын жалғастырушы ізгі жандар! Бұл мереке — Тіл мерекесі! Бұл мереке — Ел мерекесі!

Жүргізуші 2

Бүгін — Абай, Ыбырай, Шоқан ұлыларымыз бастаған ағартушылық-демократиялық бағытты ілгері жалғастырған ірі ғалым, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының дүниеге келгеніне 146 жыл. Осыған орай, Қазақстан халықтарының Тілдер мерекесі 5 қыркүйек күні болып белгіленді.

Қош келдіңіздер!

Тіл мәртебесін ұлт мүддесімен бір деңгейде биік қойған, Ахмет ардақтаған ана тілімізге арналған «Ана тілім — асыл ойдың бұлағы» атты әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер!

Ұйықтасам, ана тілде күбірледім,
Оянсам, сөйлеп кеттім, кідірмедім.
Анамның ақ сүтімен сіңген тілім,
Бітпейді менің одан бұрын демім.

Даланың даналығы

Мәңгі өлмес, мейлі заулап көшер заман.
Жиреншедей дария шешен бабам.
Қазыбек, Төле, Әйтеке — ердің құнын
Екі ауыз сөзбен шешкен көсем бабам.

XX ғасырға дейін түрік тілін асыл қалпында сақтап жеткізген жұрттың бірі — қазақ. Тіл туралы абырой мен алғыс қазаққа тиесілі екенін айтқан ақын арманы орындалып, бүгінде асыл тіліміз Тәуелсіз елдің төрінен орын алды.

Әннен шашу

Ата арманын әлдилеп жүрген бүгінгі ұрпақ өкілдері алдарыңызда әннен шашу шашпақ. Қарсы алыңыздар!

Орындау

«Жырым менің — ана тілім»

Квартет

Бір шаңырақ астындағы бірлік

Ендеше, ұлты басқа болса да, бір шаңырақ астында бір тіл біріктірген шәкірттеріміз де бүгінгі мерекеге өз үлестерін қоспақ. Қарсы алайық!

  • Поплавская Полина
  • Рау Милана
  • Андреева Валентина

Тәрбиенің бастауы — оқу ісі

«Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», — деген абыз Ахмет ұрпақ болашағына үлкен үміт артты. Ол мысалдарды тәржімалап, ел санасын оятуға қызмет етті.

Солардың бірегейі — «Қасқыр мен қозы» мысалы.

Сахнаға алып шығатын: _____ сынып оқушылары

Халық әнінің айрықша қуаты

Қазақтың отаншылдық жігеріне толы халық музыкасының ешкімге, ештеңеге ұқсамайтын ерекше тартымдылығы сондай — қазақ әнін тыңдағанда күллі дала көз алдыңнан өткендей болады.
Р. Роллан

Ән

Ендеше, ана тілімізде шырқалар тартымды әннің куәгері болуға сіздерді де шақырамыз.

Орындау

«Мен — Қазақ!»

Бейбітов Думан

Сөз құдіреті

«Айналайын, сөз танитын ер ме едің? Сөз танысаң, қонағым боп төрлегін. Асаудың да асауы бар деуші еді, сөзден асқан асауды мен көрмедім», — деген Қадыр Мырза Әлі де қара сөздің қайнарынан қанып ішкен ақындардың жалғасы емес пе еді?!

Дайындаған

Құндыз Жұбаева Естерекқызы

Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, «Новый» орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі