Оқушылардың ауа райы туралы білімдерін кеңейту

Пәні: Дүниетану (1-сынып)

Сабақ тақырыбы

Ауа райы

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың ауа райы туралы білімдерін кеңейту.

  • Ауа температурасы мен жануарлар мен өсімдіктер тіршілігінің арасындағы байланысты анықтау.

  • Оқушыны сұраққа толық жауап беруге дағдыландырып, сөздік қорын және тіл мәдениетін дамыту.

Көрнекіліктер

  • Термометр
  • Жыл мезгілдерінің суреттері
  • Түрлі түсті қарындаштар
  • Қағаз парақтары

Әдіс-тәсілдер

Сұрақ-жауап Түсіндіру Әңгімелеу Практикалық жұмыс Бақылау

Сөздік жұмысы

Ауа райы
Термометр
Температура
Жауын-шашын

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушылардың сабаққа дайындығын тексеру.
  • Зейінді сабаққа аудару.
  • Оқушыларды түгендеу.

II. Өткен сабақты қайталау

Алдыңғы сабақта алынған білім сұрақтар арқылы қайталанып, оқушылардың жауаптары негізінде қорытындыланады.

III. Жаңа сабақ

1) Кіріспе әңгіме

Балалардың ауа райы туралы жалпы түсінік деңгейі анықталады. Оқушылардан жаз, күз, қыс, көктем мезгілдеріне тән ауа райының белгілерін атап беру сұралады.

Талқылау сұрағы

Ауа райын білу адамға не үшін қажет?

Оқушылардың пікірлері тыңдалып, нақты мысалдармен толықтырылып отырады.

2) Оқулықпен жұмыс

  • Мәтін бөліктерге бөлініп оқылады.
  • Әр бөліктің мазмұны бойынша әңгіме жүргізіледі.
  • Негізгі сөздер іріктеледі: ауа райы, термометр, жауын-шашын, жел, бұлттылық және т.б.

Практикалық бөлім

Термометрмен таныстырылады. Бөлмедегі және сырттағы ауа температурасы өлшеніп, шағын практикалық жұмыстар орындалады.

Шартты белгілер

Ауа райының шартты белгілері түсіндіріледі және бақылау күнделігіне оларды қалай белгілеу керектігі көрсетіледі.

3) Жеке оқушымен жұмыс

Әр оқушы жыл мезгілдерін атап, өзіне таныс мезгілге тән ауа райын жоспар бойынша сипаттайды:

Күн

Күннің ашық/бұлтты болуы, сәулесінің әсері

Бұлттылық

Аспандағы бұлттың түрі мен қоюлығы

Жауын-шашын

Жаңбыр, қар, аралас жауын

Термометр

Температура көрсеткіші (күндіз/түнде)

Жел

Желдің күші, бағыты

Жер

Жердің күйі: құрғақ, лай, қар жамылғысы

Үлгі: күз мезгілі туралы әңгіме

Күз келді. Күн төмен түсе бастайды, оның сәулесі жер бетін жаздағыдай жылытпайды. Күн салқындайды. Ауаның орташа температурасы күндіз шамамен +10°C, түнде +7°C болады. Аспанда қою қара бұлттар жиі пайда болады. Жаңбыр жиі жауады, кейде арты қарға айналады. Суық жел соғады. Құстар жылы жаққа ұшады, аңдар қысқа дайындалады. Жапырақтар сарғайып, гүлдер мен шөптер солады, адамдар соңғы өнімдерін жинайды.

Сергіту сәті

Ал, балалар, тұрайық, Алақанды ұрайық. Оңға қарай бұрылып, Солға қарай бұрылып, Бір отырып, бір тұрып, Бой сергітіп алайық.

Сергітуден кейін сабақ жалғасады.

4) Бақылау күнделігімен жұмыс

Оқушылар берілген суреттер мен тапсырмаларды пайдаланып, бақылау күнделігін толтырады және жұмысты аяқтайды.

5) Сабақты қорытындылау

Қорытындылау сұрақтары:

  1. Ашық және бұлтты күндердің айырмашылығы қандай?
  2. Жаз бен күзге қандай табиғат құбылыстарының белгілері ортақ?
  3. Найзағай деген не?
  4. Бұлттылық деген не?

IV. Үй тапсырмасы

Мәтінді мазмұны бойынша әңгімелеу.