Менің денім сау

Сынып сағатының қысқаша мәліметі

Сынып

3-сынып

Тақырып

«Денсаулық – зор байлық»

Мақсаты

  • Салауатты өмір салтын насихаттау.
  • Денсаулықты сақтау және аурудың алдын алу жолдарын үйрету.
  • Жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу.
  • Санитарлық-гигиеналық талаптарды ұстануға дағдыландыру.

Қолданылған модульдер

  • Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер
  • Сыни тұрғыдан ойлауға үйрету

Әдіс-тәсілдер

  • Сұрақ-жауап
  • Постер, коллаж жасау
  • Ребус шешу
  • Түсіндіру, көрініс
  • «Салат» және «Жалғасын тап» ойындары

Көрнекіліктер

Плакаттар мен маркерлер, нақыл сөздер, көрініске қажетті атрибуттар.

Кіріспе: ынтымақтастық атмосферасы

Отбасымыз бен қаламызды сүйеміз,

Үлкендердің сөзін ойға түйеміз.

Денсаулықты әрқашанда сақтаймыз,

Бейбіт өмір баршамызға тілейміз.

Ой қозғау сұрақтары

  • Соңғы үлгідегі қымбат көлігі бар, бірақ жиі ауыратын адам бақытты ма?
  • Ақшасы мол, алайда жүрегі ауыратын адам бақытты ма?
  • Үлкен, әдемі үйлері бар, бірақ ауыр дертке шалдыққан адам бақытты ма?

Қорытынды ой: бақыттың негізі — денсаулық. Сондықтан бүгінгі сынып сағаты «Денсаулық – зор байлық» тақырыбына арналады.

Мақалдың мәні

«Денсаулық – зор байлық» деген сөз — денсаулықты ешбір дүниеге теңеуге болмайтынын білдіреді. Адамдар бір-біріне алдымен денсаулық тілейтіні де сондықтан. Дені сау адам сергек, көңілді болады, жүзінен шаттық нұры байқалады. Ендеше әрқайсымыз өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарап, оны сақтауға тиіспіз.

Топтық жұмыс: зиян және пайдалы әдеттер

1-топ: «Шымыр»

Ұраны: «Шынықсаң, шымыр боласың»

Тапсырма:

«Денсаулыққа не зиян?» тақырыбына постер жасау.

2-топ: «Денсаулық»

Ұраны: «Денсаулық – ел байлығы»

Тапсырма:

«Денсаулыққа не пайдалы?» тақырыбына постер жасау.

Көрініс 1: «Шылым шегудің пайдасы» (мысқыл арқылы түсіндіру)

Сахнаға бір топ бала шығады. Олардың алдынан «Темекі» кейіпкері көрінеді.

Балалар: Сен кімсің? Қайдан шықтың?

Темекі: Мені танымайсыңдар ма? Мен — темекімін. Мен күштімін. Менің «пайдам» көп. Мені тек мықты балалар ғана ұстайды. Қане, менімен кім дос болады?

Балалар: Темекімен дос болайық. Сонда біз де мықты боламыз!

Осыны байқап тұрған ақ сақалды қария балаларға жақындайды.

Қария: Балалар, тыңдаңдар. Темекінің «үш-ақ пайдасы» бар.

  • «Темекі шеккен адам қартаймайды»

    Себебі ол қартайғанша өмір сүрмей, ерте кетіп қалады.

  • «Үйіне ұры түспейді»

    Себебі түні бойы жөтеліп, мазасызданып жатады. Ұры жөтелді естіп, жақындай алмайды.

  • «Оны ит қаппайды»

    Себебі денсаулығы әлсіреп, таяққа сүйеніп жүреді. Таяғы бар адамға ит те жоламайды.

Балалар темекіден бас тартып, кетіп қалады. Көріністің негізгі ойы — шылымның «пайдасы» деп айтылғандардың бәрі шын мәнінде оның аса зиян екенін дәлелдейді.

Көрініс 2: «Тіс ауруы»

Бір оқушы шығып, тісінің ауырғанын айтып жылайды.

Бала: Ой, тісім қақсап барады… Жанымды қоярға жер жоқ.

Қыз: Не болды? Жасыма, айтшы. Неге көзің жасаурап тұр?

Бала: Не істеймін? Тісімнің ауырғаны қоймай тұр.

Қыз: Неге тісің ауырады?

Бала: Кәмпитті көп жегеннен… Енді кәмпитті азайтамын!

Дәрігер:

Кәмпит жесең көбірек —

Тісің жүрер мазалап.

Не жесең де күніне

Екі рет жүр тазалап.

Жүрген жақсы қаралып,

Жылына екі тексеріп,

Тіс дәрігерге барайық.

Негізгі ой: тәттіні мөлшермен тұтыну, тісті күніне екі рет тазалау және дәрігерге уақытылы қаралу — денсаулықтың маңызды бөлігі.

Сергіту: «Салат» ойыны және пайдалы тағамдарды жарнамалау

Денсаулықты нығайтатын әдеттердің бірі — дұрыс тамақтану. Оқушылардың белсенділігін арттыру үшін «Салат» ойыны ойналады. Одан кейін әр топқа пайдалы тағам беріліп, 1–2 минут ішінде сол өнімді көпшілікке «сатып алатындай» етіп жарнамалау тапсырмасы беріледі.

1-топқа ұсыныс

Айран

2-топқа ұсыныс

Тәрелкеге салынған құрт

Дәрумендер: ағзаның қорғаны

Қазіргі кезде адамның ағзасының қорғаныс қабілетін арттыруда дәрумендердің рөлі ерекше. Тағамдар дәрумендерге бай болады. Дәрумен жетіспесе адам әлсірейді, тез шаршайды, түрлі ауруларға шалдығады. Дәруменнің 50-ден астам түрі бар.

A дәрумені

Жетіспесе көру қабілеті төмендейді, шаш түседі, тері құрғауы мүмкін. Көбіне мал өнімдерінде болады: жұмыртқаның сары уызында, сүт тағамдарында мол.

B дәрумені

Жетіспесе асқазан-ішек жүйесінде мәселелер туындап, жүйке жүйесі зақымдануы мүмкін. Бұршақ тұқымдастарда, сүтте, бидай кебегінде көп.

C дәрумені

Өсуге, ми қабаттарының жетілуіне қажет. Жетіспесе жұмысқа қабілет төмендеп, ұйқы бұзылып, тәбет кемиді. Негізінен жеміс-жидекте кездеседі.

E дәрумені

Тіршілікке қажетті дәрумендердің бірі. Жетіспесе бұлшық ет әлсіреп, ағзада өзгерістер байқалуы мүмкін. Мал өнімдерінде және көкөністерде кездеседі.

D дәрумені және ұлттық сусындар

D дәрумені өсу мен дамуға әсер етеді, балық майында болады. Халқымыздың сүйікті сусыны — қымыз: құрамында түрлі дәрумендер мол, күніне жарты литр ішу пайдалы. Ал шұбат дәрумендерге одан да бай.

Дәрумендерді қайдан аламыз? Азық-түліктерден, жеміс-жидек пен көкөністерден.

Бекіту: ребус және мақал-мәтелдер

Ребус

Оқушыларға суреттер беріліп, ребусты дұрыс құрастыру арқылы денсаулық туралы мақал-мәтел шығару тапсырылады. Құрастырылған мақалдың мағынасы бірлесе талқыланады.

,,, за,,, - С,,, л н і ,,, У,,, - Б, л,,,, н і

«Жалғасын тап» ойыны

Мақсат: денсаулыққа қатысты мақал-мәтелдерді еске түсіру және толықтыру.

  1. Лас адам — кіршіл, надан адам — діншіл.
  2. Тәні саудың — жаны сау, жаны саудың — дені сау.
  3. Ұйқы тынықтырады, жұмыс шынықтырады.
  4. Аш кісі — ұрысқақ, арық қой — тырысқақ.
  5. Әуелгі байлық — денсаулық, екінші байлық — он саулық, үшінші байлық — ақ жаулық.
  6. Еріншектік денсаулықты бұзады.

Қорытынды: денсаулықты сақтау — ортақ міндет

Салауатты өмір салтын қолдайық,

Ата-ана ел үмітін ақтайық.

Өмірдегі басты байлық дейтұғын,

Бірінші байлық — денсаулықты сақтайық!

Тазалық пен тәртіп

  • Тазалық — денсаулықтың кепілі.
  • Үйді әрқашан таза ұстау керек.
  • Киімге көңіл бөліп, ұқыпты жүрген дұрыс.
  • Уақытылы және дұрыс тамақтану маңызды.

Бәріміз болашақ туралы ойлаймыз, армандаймыз. Сол болашақ — бүгінгі балалар. Еліміздің ертеңі жарқын болуы үшін сендердің денсаулықтарың мықты болып, салауатты азамат болып өсу маңызды. Адамдардың амандасқанда да, қоштасқанда да «денсаулық» тілеуі — бұл тілек өмірде ең қымбат құндылық екенін білдіреді.

Бірге қайталайық

Мен денімнің саулығын қалаймын!

Менің денім сау!

Менің денім сау болады!

Сіздердің де дендеріңіз сау болсын! Сабақ соңында «Болайықшы осындай» әні орындалады.