Оқушыларға іштей оқыту

Сабақ туралы қысқаша мәлімет

С. Аманбайұлы атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Айжан Жакупова өткізген сабақ жоспары: «Су мен Балық. Кейіптеу».

Сабақтың мақсаты

Мысалдың мазмұнын түсініп, негізгі идеясын ашуға дағдыландыру; кейіптеу туралы ұғым қалыптастыру.

Күтілетін нәтижелер

  • Пәндік нәтиже: мысал арқылы кейіптеу туралы теориялық түсінік қалыптастыру, талдауды өмірмен байланыстыру.
  • Жүйелік-әрекеттік нәтиже: оқу және жазу, өз бетінше іздену арқылы шығармашылық дағдыларды дамыту.
  • Тұлғалық нәтиже: кейіпкерлерді бағалау арқылы отаншылдыққа, кішіпейілділікке, адамгершілікке тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер мен ресурстар

Сабақтың әдістері

Сұрақ-жауап, жұптық және топтық жұмыс, топтастыру, салыстыру.

Көрнекіліктер

Ш. Смаханұлының портреті, сюжетті суреті бар плакат, суреттер, қағаздар, қаламдар.

Сабақтың құрылымы

1

Ұйымдастыру кезеңі

  • Ұстаздар мен оқушыларды келе жатқан Мешін жылымен құттықтау.
  • Оқушыларға қалаған түстерімен «қар» бейнесін таратып, қар бетіне жазылған тілектерді оқыту.
  • Қардың артқы жағындағы сөздерге қарай «Найза» және «Қалқан» болып екі топқа бөлу.
2

Үй тапсырмасын тексеру

«Қарауыл» мәтінін оқу, түсіну, мазмұндау.

Қалқан тобы

Мәтіндегі атасы мен немересінің іс-әрекеттері туралы мәтін құрастыру, қорғау.

Найза тобы

Қарауылда тұрған күзетшілердің іс-әрекеттері бойынша сурет салу, қорғау.

Бағалау

Екі топ бір-бірін өзара бағалайды.

Қорытынды ой

Туған жерді сүю — парыз,

Сүю үшін білу — парыз.

Күзетінде тұру — парыз,

Қасиетін ұғу — парыз.

Өлең мазмұнын мәтін мазмұнымен салыстыра отырып қорытынды жасалады.

3

Қызығушылықты ояту

Оқушылар жұмбақ шешу арқылы жаңа тақырыпқа бағытталады.

Суға сепкен ұрығын,

Бұлғаңдатқан құйрығын,

Суда өсіп-өнеді,

Судан шықса өледі.

Жауабы: Балық

Қақпақсыз қазан,

Іші толған сазан.

Жауабы: Көл

Таратылған «қар» түстеріне қарай оқушылар қайта топтасады: көк түс — «Теңіз», ал қызыл түс — «Балық». Әр топ өз атауына сипаттама береді.

4

Мағынаны тану

  • Жұмбақ шешіміне сүйеніп, сабақ тақырыбын анықтау.
  • Шона Смаханұлы және оның шығармалары туралы қысқаша таныстыру.
  • Оқулықпен жұмыс: «Су мен Балық» мысалын оқу.

1-қадам

Оқушыларға іштей оқыту.

2-қадам

Мысал мазмұнын әңгімелету.

3-қадам

Тапсырмалар орындау, талқылау.

Талдау сұрақтары

  • Мысалдағы күлкілі және аянышты сәттерді тауып оқы.
  • Балықтың тәкаппарлығы неге әкелді?
  • Автор Балықтың мінезін сынау арқылы нені меңзейді?
  • Оқиға ішінде Балықтан басқа қандай кейіпкерлер бар?

Сюжетті суретпен жұмыс және диалог құрастыру

Оқушылар суретке қарап, мысалдағы оқиғаның қай тұсы бейнеленгенін анықтайды және Теңіз бен Балық арасындағы диалогты құрастырады.

Балықтың уәжі

Балық сусыз-ақ өмір сүре алатынын, судан жалыққанын, құрлықтағы өмір ұнайтынын, су астының қапас екенін айтады.

Теңіздің жауабы

Теңіз бос қиялға берілмей, ойланып шешім қабылдауды, әркімге туған жерінен артық мекен жоқ екенін ескертеді. Бірақ Балық тыңдамайды.

Екі топтан бір оқушыдан шығып, Балық пен Су (Теңіз) рөлінде сөйлеседі.

Топтастыру: кейіпкерлердің мінездемесі

Балық

  • өркөкірек
  • мақтаншақ
  • өзімшіл
  • менмен
  • өтірікші

Теңіз

  • сабырлы
  • ақылды
  • ақкөңіл
  • кішіпейіл
  • қамқор

Кейіптеу ұғымын бекіту

Кейіптеу ережесі оқытылады және өткен сабақтардағы мысалдармен байланыс жасалады (мысалы: «Қағаз бен қалам», «Екі парта»).

5

Ойтолғау және өмірмен байланыстыру

Балық өз қатесін кеш болса да түсінеді. Оқушылармен бірге мына сұрақтар талқыланады: бәрі қателесуі мүмкін бе, Балықты кешіреміз бе, Балықты құтқару үшін қандай жол бар?

Оқушылардың болжамы

Балық құрлықта өмір сүре алмайтынын, сусыз өліп қалатынын түсініп, кешірім сұрайды.

Теңіздің ұстанымы

Теңіз Балықтың ақылға келгеніне, туған жердің қадірін түсінгеніне қуанады.

6

Қорыту: мақал-мәтелдер арқылы түйіндеу

Оқушылар «өмірде осы Балық сияқты адамдар бар ма, болса не айтар едіңдер?» деген сұрақ төңірегінде пікір білдіреді және оқиғаға сай мақал-мәтелдер айтады.

  • Туған елдей ел болмас, туған жердей жер болмас.
  • Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол.
  • Елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын.
  • Ер жігіт елін аңсайды, сарыала қаз көлін аңсайды.

Соңында оқушылар туған жерін қалай көретінін, немен мақтанатынын және Отан дамуына қандай үлес қоса алатынын айтады.

7

Рефлексия

  • Мен өзімді ........................................ бағалаймын.
  • Мен нені білдім ......................................
  • Мен нені үйрендім ...................................
  • Маған не қызық болды ...............................
8

Тапсырма

Баспа дәптерімен жұмыс: оқушы өзі таңдаған бейне бойынша мысал құрастырады.