Құстар жайлы білімін кеңейту
Өтпелі тақырып
Қанатты достар
Тобы: Ересек
Тақырыбы: Құстар — біздің досымыз
Ертегі: «Әнші тоты»
Сабақтың мақсаты
- Ертегінің мазмұнын түсіну және өз түсінігі бойынша әңгімелей білу арқылы сөздік қорын молайту.
- Сөйлеу дағдысын дамыту, құстар туралы білімін кеңейту.
- Ертегі кейіпкерлерін рөлге бөліп, өз деңгейіне сай сахналап беру.
- Ән сөздерін жаттап, әуеніне қосылып орындау.
- Ойын мен би қимылдарын қызыға орындау.
Әдіс-тәсілдер
- Сұрақ-жауап
- Слайд көрсету
- Түсіндіру
- Ойын ойнату
Көрнекі құралдар
- Құстардың суреттері
- Театрландырылған қойылым
- Слайд
- Құстарға арналған киімдер
- Ойын аспаптары, оркестрге арналған қасық
Сөздік жұмыс және билингвальді компонент
Сөздік жұмыс
- Қарлығаш
- —
- Тотықұс
- —
Билингвальді компонент
- Бұлбұл
- Соловей
- Қарлығаш
- Ласточка
- Тоты
- Папугай
Сабақтың барысы
Сәлемдесу (әуенмен)
Сәлем, сәлем, ұстазым,
Сәлем — сөздің атасы.
Сәлем, сәлем, достарым,
Ақ ниетін айтасың.
Үнтаспадан құстардың дауысы естіледі. Балалардан: «Бұл ненің дыбысы?» деп сұралады. Қорытынды: құстардың үні әртүрлі, әр түрі өзіне тән сайрайды. Қауіп төнгенде аналығы балапандарына ескертіп, шырылдайды.
Сұрақ-жауап: құстар туралы не білеміз?
Сұрақтар
- Жыртқыш құсты қалай атаймыз?
- Қандай құс жемін түнде аулайды?
- Қонақ шақыратын құсты қалай атаймыз?
- Құстардың үйі қалай аталады?
- «Орман дәрігері» деп қай құсты айтамыз?
- Қыстап қалатын құс?
Жауаптар
- Қыран
- Жапалақ
- Сауысқан
- Ұя
- Тоқылдақ
- Қарға
Балалармен бірге қорытынды жасалады: бүгінгі сабақтың өзегі — құстар.
Құстар — табиғаттың емшілері
Елімізде шамамен 500-ге жуық құс түрі бар. Құстар табиғатты зиянкестерден қорғайды, тіршілік иелері ретінде ұрпақ өрбітеді, балапандарын қанаттандырып, жауларынан қорғайды.
Құстар табиғатқа сән береді: әуені айналаны құлпыртып, адамдардың көңіл күйін көтереді.
Жыл құстары
Жыл құстары — салқын түсе жылы жаққа ұшып кетіп, көктемде қайта оралатын құстар. Мысалдар: көкек, қарлығаш, аққу, қараторғай, бұлбұл, тоқылдақ, үйрек, қаз, тырна.
Жекелеген құстар жайлы қысқаша мәлімет
Қарлығаш
Адамға дос құс. Ұясын көбіне үйдің, ауланың маңына салады. Әні жағымды. Халық ұғымында қарлығаш жақсылық тілеп, қауіп-қатерден қорғайды.
Қараторғай
Кішкентай болса да өте пайдалы құс, орман қорғаушысы. Ауылға қараторғай келсе, күн жылынады деген наным бар.
Аққу
30–40 жыл өмір сүретін сұлу құс. Халық оны киелі деп бағалап, аққуды атпаған. Қазақ сұлу қызды аққуға теңеген.
Көкек
Көктем туа «көкек, көкек» деп ән салатындықтан, халық арасында сәуір айын «көкек айы» деп атаған.
Тоқылдақ
«Орман емшісі» атанған құс. Ағашты зиянды құрт-құмырсқадан тазартады.
Қазақ халқы құстарды ерекше бағалаған: шебер әншіні — бұлбұлға, азаматты — сұңқарға, сұлуды — аққуға теңеген.
Халық болжамдары: құс қылығына қарап ауа райын болжау
- Қарлығаш жоғары ұшса — күн жылынады, төмен ұшса — жаңбыр жауады.
- Көктемде қаздар қайтқанда жоғары ұшса — су тасқыны болады.
- Жаңбыр алдында қарғалар у-да-шу болады.
- Құс жүнін үрпитсе — жаңбыр жауады.
- Шымшық ұя салса — қыс қатты болады.
- Шағала келсе — сең бұзылады.
- Жыл құсы қаптап келсе — көктем ерте келеді.
Дауыс жаттығуы
Балалар құстардың дауысын салып көреді: әр құстың дыбысын дауыс ырғағымен келтіру арқылы дыбыстау жаттығулары орындалады.
Сюжеттік сәт: қонаққа тоты құс келеді
Есік қағылады. Ішке торда отырған тоты құс әкелінеді. Тордан хат шығады — балаларға арналған сәлемдеме.
«Сәлеметсіңдер ме, балалар! Сендердің құстар туралы әңгімелеріңді естіп келдім. Мен сендерге құстар әлемінен өз басымнан өткен бір оқиғамды — ертегі әкелдім».
Театрландырылған қойылым: «Әнші тоты» ертегісі
Автор: Ертеде бір тоты құстың балапаны болыпты. Балапан өсе келе мінез көрсете бастайды.
Бірде ол ата-анасына: «Неге ұяны жерге емес, басқа құстардай биікке салмайсыңдар? Неге алып құстардай ірі болмайсыңдар?» — деп мазасын алады.
Мұны естіген ата құс: «Саңқылдап сұңқар, қарқылдап қарға, тыраулап тырна бола алмайсың, шырағым. Ақылың болса, өз сәніңмен, өз әніңмен ата жолын жалға», — деп өсиет айтады.
Ерке тоты бұл сөзге құлақ аспайды. Әсем даусымен баурап алатын серік іздеп, ұясын тастап ұшып кетеді.
Қарға
«Мен қарғамын, қарғамын, көп қой менің арманым. Қарқ-қарқ, келе ғой, тотыжан!»
Тоты: «Өзі қап-қара, даусы қандай жаман еді. Ұнамайды маған…»
Сауысқан
«Кел, тотыжан! Сауысқанмын саңқылдаған, қонақжаймын аңқылдаған.»
Тоты: «Қалай дауыстайды? Даусы нашар екен…»
Торғай
«Келе ғой, тоты! Мен торғаймын, торғаймын, ағаштарды қорғаймын.»
Тоты: «Қызық қой мынауың, шамаңа қарашы…»
Бүркіт
«Мен бүркітпін, бүркітпін, құстың бәрін үркіттім! Ха-ха-ха!»
Тоты: «Қорқыныштысы-ай, үлкені-ай…»
Қарлығаш
«Келе ғой, тоты! Қарлығашпын қалықтаған, ұшудан ешбір жалықпаған.»
Тоты: «Қандай әдемі құс еді, бірақ құйрығы неге айыр? Ұнамайды маған…»
Ерке тоты қанша құстың тіршілігін көрсе де, жүрегіне жақын үн мен жанына жайлы ұя таба алмайды. Шаршап-шалдығып өз ұясына қайта оралады.
Балапанын көріп қуанып, атасы құбылтып ән салады. Сазды әуенге табиғаттың өзі тамсанады. Ән тербеген тотының бойы балқып, ұйқыға кетеді.
Ертеңіне таңмен бірге оянып, тоты былай деп сайрайды:
Туған жерім — қымбат мекен,
Өскен ұям — ыстық екен.
Тоты құстың әуеніне
Ешбір әуен жетпейді екен.
Осы күннен бастап әнші тотының сазды әуені барлық құсты өзіне қаратты, даңқы әлемге жайылды.
Жаңа ән: «Қарлығаш»
Балалар қонаққа келген тоты құсқа өз өнерін көрсетіп, жаңа әнді үйренеді.
Қарлығаш, қарлығаш,
Құйрығың сенің айыр.
Тілейсің адамға
Жақсылықпенен қайыр.
Қайырмасы:
Мейірімді құсым-ай,
Қанат қағып ұшсын-ай.
Мейірімді құсым-ай,
Қанат қағып ұшсын-ай.
Қарлығаш, қарлығаш,
Талмасыншы қанатың.
Нұрлы күн сәуле шаш,
Барлық бала қуансын.
Қайырмасы
Қарлығаш, қарлығаш,
Далам қандай тамаша.
Көркіңе сен-дағы
Қуанасың балаша.
Ұлттық аспаптар және сергіту
Балалар атайтын аспаптар
Домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы.
Сергіту жаттығуы
«Аспап тарту массажы» арқылы бой сергіту орындалады.
Оркестр және ойын
Оркестр
Қасықпен ритм соғу арқылы «Хрустальный вальс» шығармасын орындау.
Ойын
«Ойлан, тап! Көңілді аспаптар».
Күтілетін нәтижелер
Біледі
Ертегінің мазмұнын, әннің сөздерін.
Игерді
Құстар туралы мағлұматты, суретпен жұмыс жасауды.
Меңгереді
Аспап үні, ритм соғу дағдысы және ойын шарттары.
Автор туралы мәлімет
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасы
Музыка жетекшісі: Шайзадаева Салтанат
Материал: «Қанатты достар. Әнші тоты құс»