Суретті тест жаттығуы
ҰБТ-ға дайындалуға психологиялық көмек
ҰБТ — түлектің алдағы оқу бағытын айқындайтын маңызды кезең. Жоғары оқу орнына түсіп, білімін жалғастыру- жалғастырмауы көбіне осы емтихан нәтижесіне тәуелді. Сондықтан дайындық тек пәндік біліммен шектелмей, күйзелісті басқару, өзін-өзі бақылау және сенімділік сияқты психологиялық дағдыларды да қамтуы тиіс.
Кіріспе
Қазіргі білім беру жүйесі оқыту мен тәрбиенің құрылымы, мақсаты, мазмұны және технологияларының түбегейлі өзгеруімен ерекшеленеді. Мұндағы басты міндет — білім, білік, дағдыны механикалық түрде дамыту ғана емес, танымдық қабілеті жоғары, өзін көрсете алатын, тұлғалық-психологиялық қасиеттері қалыптасқан жеке тұлғаны дамыту.
ҰБТ тапсыру кезінде кейбір оқушыларда өзін-өзі реттеу дағдылары жеткіліксіз болып, өзін-өзі бақылау әлсірейді, стрессқа төзімділік төмендейді. Емтиханды қабылдау ерекшеліктері де қосымша қиындық тудыруы мүмкін. Осы тренингтің мақсаты — талапкерлердің бойындағы уайым, жан күйзелісі, қорқыныш пен үрейді азайтып, нақты әрі қолжетімді тәсілдер арқылы психологиялық тұрақтылықты нығайту.
Тренингтен күтілетін әсер
- Жағымды қарым-қатынас пен қолдау атмосферасы
- Уайым деңгейінің төмендеуі
- Өзіндік бақылаудың күшеюі
- Емтиханға дайындық стратегиясының айқындалуы
Жаттығулар мен жұмыс кезеңдері
«Достық торы» жаттығуы
Мақсаты: жағымды қарым-қатынас орнату және достық сезімді қалыптастыру.
Нұсқау: жаттығуды бастайтын оқушы жіптің бір ұшын саусағына іліп, өз есімін және есімінің бірінші әрпінен басталатын бір сын есімді айтады. Кейін жіпті кез келген оқушыға лақтырады. Барлығы кезекпен орындаған соң, ортада «достық торы» пайда болады.
Сәлемдесу жаттығуы
Мақсаты: мейірімді, ашық қарым-қатынас қалыптастыру.
Нұсқау: әртүрлі тәсілдермен амандасу ұсынылады. Қатысушылар оң және сол жақтағы көршілерімен дәл солай амандасады және бір-бірінен хал-жағдай сұрайды.
Психологиялық көмек жадынамасы
Мақсаты: емтиханға дайындалудың тиімді тәсілдерімен таныстыру.
Қатысушыларға «ҰБТ-ға дайындалуға психологиялық көмек» тақырыбындағы кітапша (жадынама) таратылады. Негізгі ойлар бірге талқыланып, әркім өзіне сай келетін әдістерді таңдайды.
«Менің жарқын үміттерім, менің қауіп-қатерлерім»
Нұсқау: алдарыңыздағы А4 парағын екі бағанға бөліңіз. Оң жағына — «Менің жарқын үміттерім», сол жағына — «Менің қауіп-қатерлерім» деп жазыңыз.
ҰБТ-ға байланысты ішкі сезімдеріңізді белгілеңіз: «жарқын үміттерім» бөліміне жағымды ойлар мен мақсаттарды, ал «қауіп-қатерлерім» бөліміне нені уайымдайтыныңызды жазыңыз. Соңынан ортақ талқылау жүргізіледі.
- Қалаған балл жинау
- Таңдаған мамандыққа түсу
- Өз мүмкіндігімді толық көрсету
- Толқу салдарынан қателесу
- Уақытты дұрыс бөле алмау
- Өзіме деген сенімнің төмендеуі
«Өмір — күрес» бейнеролигі
Қатысушылар мотивациялық бейнероликті тамашалайды. Мақсат — қиындықты жеңуге деген ішкі күшті ояту және күрескерлік көзқарасты нығайту.
Суретті тест
Нұсқау: қатысушылар ақ параққа күн, бұлт немесе жаңбыр суретін салады және тренингтен алған әсерін қысқаша жазады.
Қатысушы толық қанағаттанды, көңіл-күйі көтерілді.
Әсері төмен, әлі де ойлануды қажет етеді.
Айтарлықтай әсер алмады немесе тренинг күткеніне сай болмады.
Қорытынды
Күн сайын биіктеген әр сатымыз —
Біздің бір тілегіміз, мақсатымыз.
Әрдайым ашық болсын аспанымыз,
Сеніммен шыға берсін жақсы атымыз.
Негізгі ой
Өмірде өзіңізге сенімді болғыңыз келсе, қиындықпен бетпе-бет келуден қорықпаңыз. Үнемі сынақтан қашқақтап, жеңіл жол іздеу уақытша ғана жұбаныш береді, ал кейін қиындық көбейе түседі. Сондықтан өмірдің күрделі сәттерін батыл қабылдап, кедергілермен күресіңіз — дәл осы әрекет сізге өз-өзіңізге деген сенімділік сыйлайды.
Тренингке қатысқандарыңызға рақмет. Сау болыңыздар!