Кәрім Сауғабаевтың Нан туралы өлең шығармасын оқушыларға мәнерлеп оқу
Сабақтың тақырыбы
Кәрім Сауғабаевтың «Нан туралы өлеңі».
Сабақтың мақсаты
Білімділік
Өлеңнің мағынасын түсіндіру; RWST стратегиялары арқылы оқушыларды ойлануға, ізденуге және қорытынды жасауға баулу.
Тәрбиелік
Нанның қасиетті ас екенін ұғындыру; еңбекті қадірлеуге, ысырапқа жол бермеуге үйрету.
Дамытушылық
Шығармашылық қабілетті дамыту; ауызша сөйлеу мәдениетін жетілдіру.
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Әдістер
- Сөздік әдіс
- Көрнекілік әдіс
- Топтау әдісі
- RWST стратегиялары
Сабақтың түрі және көрнекілігі
Сабақ түрі: жаңа сабақ.
Көрнекіліктер: суреттер, кітап, дәптер, слайд.
Сабақтың барысы
1) Қызығушылықты ояту
Сәлемдесу (өзін-өзі тану элементі)
Мейірімді жүрекпен,
Ақ пейілді тілекпен,
Амандасып алайық,
Бір жадырап қалайық.
Ойқозғау (сұрақ–жауап)
- 1 Біз ана тілі пәнінен қандай тарауды меңгеріп жатырмыз?
- 2 Біздің Отанымыз қай ел?
- 3 Отанымыз қандай байлықтарымен дүние жүзіне мәлім?
- 4 Еліміз шаруашылықтың қай түрлерімен айналысады?
2) Мағынаны тану
Кітаппен жұмыс және кіріспе
- Тақтадан «Ас атасы — нан» тақырыбына арналған слайд көрсетіледі.
- Слайд мазмұны арқылы сабақтың тақырыбы ашылады.
- Кәрім Сауғабаевтың «Нан туралы өлеңі» мұғалім тарапынан мәнерлеп оқылады.
Автор туралы мәлімет
Кәрім Сауғабаев 1941 жылы 20 қазанда Қарағанды облысы, Егіндібұлақ ауданы, Едірей ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1964 жылы Қарағанды педагогикалық институтын, 1972 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай тәмамдаған.
Балаларға арналған өлеңдері 1972 жылы жеке кітап болып жарық көрді. 1973 жылдан бастап Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы қызметін атқарған.
Негізгі шығармалары:
- «Мойындау» (өлеңдер) — Жазушы, 1972
- «Көктем келді, алақай» (өлеңдер) — Жалын, 1977
- «Ақша қар» (өлеңдер) — Жазушы, 1980
- «Балқан таудың басында» (өлеңдер) — Жазушы, 1982
- «Үлкендерден үлгі аламыз» (өлеңдер) — Жазушы, 1983
Оқу әрекеті
- Өлеңді мұғалім мәнерлеп оқиды.
- Оқушылар өлеңді тізбектей оқиды.
Топпен жұмыс (ойды дәлелдеу)
Тапсырма үлгілері:
- «Нан — өмір, нан — ән, нан — нәр» — себебін түсіндір.
- «Нансыз тыныштық болмайды» — ойыңды дәлелде.
- «Бір дән жатса, еңкейіп көтер» — неге екенін түсіндір.
Сергіту сәті
Нан қиқымын шашпаңдар,
Жерде жатса баспаңдар.
Теріп алып қастерлеп,
Торғайларға тастаңдар.
Қосымша тапсырмалар
1) Әңгімелеу
«Нан дастарханға қалай келеді?» тақырыбында слайдқа сүйеніп әңгіме құрау.
2) Мақал-мәтел
Еңбек туралы мақал-мәтелдер жазу немесе жинақтау.
3) Шығармашылық жұмыс
«Нан» сөзіне бес жол өлең (синквейн) құрастыру.
Музыкамен жұмыс
Ескендір Хасанғалиевтің «Ақ бидай» әнін орындау.
3) Ой толғаныс
Талқылау
Оқушылар дастарханымыздағы нан тағамдарын атайды: тоқаш, бәліш, торт, тәтті кекс, печенье, бауырсақ және т.б.
Өмірмен байланыс
«Бауырсақты қалай жасаймыз? Үйде аналарыңнан көргендерің бар ма?» деген сұрақ арқылы оқушылар бауырсақтың жасалу жолдарын әңгімелейді.
Қорытынды
Сыныпқа бауырсақ әкелініп, ортақ дастархан мәдениеті мен нанды қастерлеу туралы ой түйінделеді.
«Біз нені үйрендік?» сұрағына жауап бере отырып, сабақ қорытындыланады. Оқушылар бағаланады.