Жайлау туралы
Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті туралы мәлімет
Мекеме
Коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорын №33 «Көркемай» балабақшасы
Топ және тәрбиеші
Екінші кіші топ тәрбиешісі — Шаханова Салтанат Айтқалиқызы
Білім беру саласы
Таным
ҰОІӘ
Қоршаған ортамен танысу
Тақырыбы
Жайлау
Мақсат
Білімділік
Балаларға үй жануарлары туралы мәлімет беру, түсініктерін кеңейту және олардың адамға тигізетін пайдасын түсіндіру.
Дамытушылық
Үй жануарлары мен жабайы аңдарды ажырата білуін дамыту, өлең жолдары арқылы тілін жетілдіру.
Тәрбиелік
Жануарларды жақсы көруге, оларды баптап-күтуге және қамқор болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктер
- АКТ (бейнежазба)
- Үй жануарларының суреттері
Әдіс-тәсілдер
- АКТ арқылы жайлауды көрсету және түсіндіру
- «Жайлау» өлеңін оқу, мазмұнын талдау
- Сұрақ-жауап, жұмбақ, қимылды ойын
Жаңа сөздер
Сабақтың барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
Бүгін біз үшін ерекше күн: сабағымызға қонақтар келді. Ендеше бәріміз «шаттық шеңберіне» тұрып, амандасайық.
Білер қазақ баласы,
Сәлем — сөздің анасы.
Алдымызда отырған
Көп апайды көреміз,
Бәріне де ізетпен
Біздер сәлем береміз.
2) Әңгімелесу: жыл мезгілі
Сұрақ
Қазір жылдың қай мезгілі?
Жауап
Көктем мезгілі.
Көктемнің ерекшеліктері
- Күн жылынады.
- Мұз еріп, сай-салаға су ағады.
- Құстар ұшып келеді.
- Ағаштар бүршік жарады.
- Жер көгеріп, малдар жайылымға шығады.
3) Жұмбақ шешу
Балаларға төрт түлік туралы жұмбақтар жасырылады.
Кіп-кішкене бойы бар,
Айналдырып киген тоны бар.
Жауабы: Қой
Кезекті бір жануар,
Үстінде екі тауы бар.
Жауабы: Түйе
Мүйізі айдай иілген,
Мұрнын көкке шүйірген.
Жауабы: Сиыр
Қамыс құлақ,
Тостаған тұяқ.
Мінсең — қанат,
Еті — тамақ.
Жауабы: Жылқы
4) АКТ: жайлау көрінісі
Тәрбиеші балаларға бейнежазба ұсынады: «Жайлау көрінісі». Балалардан бейнежазбада не көріп тұрғандары сұралады.
Балалардың жауабы
Жайлаудың көрінісін көріп тұрмыз.
5) Саяхат-сюжет: ата мен әжеге қонаққа бару
Тәрбиеші балаларды ата мен әженің ауылына баруға шақырады. Бұрын адамдар жайлауға ат-арбамен барғанын, ал қазір көлікпен де баруға болатынын түсіндіреді. Бұл жолы жайлауға таза ауамен жаяу серуендеп бару ұсынылады.
Балалар
Сәлеметсіздер ме, ата-әже!
Ата-әже
Сәлеметсіңдер ме, ботақандарым!
Әженің түсіндіруі
Бұл отырған жеріміз — жайлау. Жайлауда көктемнен күзге дейін мал бағып отырамыз: шөбі мол, суы көп болады. Малдың пайдасы көп: етін жейміз, сүтін ішеміз, қымыз бен шұбат ішеміз, жүнінен киім тоқимыз.
6) Төрт түлік және төлдері
Жайлауда көрген төрт түлік
Сиыр, қой, ешкі, жылқы, түйе.
Төлдері
Бұзау, қозы, лақ, құлын, бота.
Балалардың тақпақтары
Шөре-шөре лағым,
Тентек болма, шырағым.
Секеңдемей деміңді ал,
Селпеңдемей құлағың.
«Мө, мө» деген әні бар,
Үй маңынан табылады.
Ойнақтаған бұзауым —
Ойқастаған жануар.
Кіп-кішкентай ботақан,
Өзі сондай момақан.
Ақ тайлақ деп атайды,
Еркелетіп оны атам.
Әй-әй, қозым, әй, қозым,
Ұйқың келсе жат, қозым.
Оятамын ақырын,
Ұйқың қанған шақта өзім.
Қошақаным — ермегім,
Шақырғанда келмедің.
Енесіне жабысқан,
Ерке қозы сен бе едің?
Қошақаны қойдың,
Қайда қалып қойдың?
Бұлтыйып тұр бүйірің,
Қай өрістен тойдың?
Тәрбиеші балаларға алғыс айтып, топқа қайтатын уақыт болғанын хабарлайды.
7) Сабақ тақырыбын бекіту: «Жайлау»
Балалар қысқа жолмен топқа оралады. Тәрбиеші: «Біз жаңа қайда бардық?» — деп сұрайды. Балалар: «Жайлауға», — деп жауап береді. Осылайша бүгінгі оқу іс-әрекетінің тақырыбы «Жайлау» екені нақтыланады.
Нұрхан Жанаев — «Жайлауда»
Жаздың күні жайлауда,
Күнге күйіп, шынығып,
Қандай жақсы ойнауға,
Жүресің сен жайраңдап.
Жүйрік желмен жарысып,
Кең даланы сайраңдап,
Қозы, лақпен табысып.
Жайлау, жайлау, жасыл бақ,
Көл бойында тынығып,
Мәз боламыз асықпай.
Сұрақ
Өлең шумақтарында не туралы айтылған?
Жауап
Жайлау туралы.
Талқылау
Балалар «жайлау» ұғымын түсіндіреді: жайлауда мал жайылады, табиғат кең әрі әсем болады.
8) Сергіту сәті
Ауа қандай тамаша,
Серуенге шықтық таласа.
Жүгіріп, ойнап, секіріп,
Қозы-лақтай шапқылап,
Құлын-тайдай тебісіп,
Сергіп қалдық келісіп.
9) Қимылды ойын: «Үй жануарлары мен жабайы жануарларды ажырат»
Мақсаты
Үй жануарлары мен жабайы жануарларды ажырата білу дағдысын қалыптастыру.
Шарты
Үй жануарының суретін ұстаған балалар үй жануарларының мекеніне, ал жабайы жануардың суретін ұстаған балалар өз мекеніне орналасады.
Қорытынды
Бүгін қайда бардық?
Жайлауға.
Кімдерді және нелерді көрдік?
Ата мен әжені, үй жануарларын көрдік.
Немен таныстық?
Нұрхан Жанаевтың «Жайлауда» өлеңімен таныстық.
Ән айту
Қорытынды бөлімде балалар «Қошақан» әнін орындайды.
Тәрбиеші балалардың белсенді қатысқаны үшін алғыс айтып, ата мен әженің сыйлығын топқа барған соң үлестіретінін хабарлайды.