Салтанатты портрет
Сабақ туралы мәлімет
Пәні
Бейнелеу өнері
Сыныбы
3-сынып
Сабақтың тақырыбы
Портрет түрлері. Салтанатты портрет
Сабақтың түрі
Саяхат сабақ; білік пен дағды қалыптастыру сабағы
Сабақтың әдістері
Түсіндіру, сұрақ-жауап, портретті бейнелеу
Көрнекіліктер
- Оқулықтағы иллюстрациялар
- Белгілі суретшілердің портрет репродукциялары
- Интерактивті тақта, слайдтар
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушыларды портрет түрлерімен таныстыру, олар туралы мәлімет беру және портретті бейнелей білуге үйрету.
Дамытушылық
Портрет түрлерін ажырату, суретшінің ойын және модельге деген көзқарасын түсіне білу дағдыларын дамыту.
Тәрбиелік
Өнерді қастерлеуге, эстетикалық талғамды қалыптастыруға, ұқыптылыққа және сұлулықты сезіне білуге тәрбиелеу.
Сабақ құрылымы
- I. Ұйымдастыру
- II. Үй тапсырмасын тексеру
- III. Жаңа сабақ
- IV. Оқулықпен жұмыс
- V. Сергіту сәті
- VI. Сарамандық жұмыс
- VII. Сабақты қорытындылау
- VIII. Бағалау
- IX. Үйге тапсырма
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру
- Сәлемдесу, түгендеу, сабаққа дайындық, оқушылардың назарын жаңа тақырыпқа аудару.
Шырылдады қоңырау —
Біз сабақты бастаймыз.
Партамызға отырып,
Өзара көз тастаймыз.
Табыс тілеп көзбенен,
Жаңа білім алуға,
Алға қадам аттаймыз.
Мұғалім: «Балалар, бүгін біз “Портреттер әлемі” атты көрмеге саяхатқа барамыз.»
Сұрақ
«Осы көрмеге барғыларың келе ме?»
Жауап: Иә.
Жағдай
Көрменің есігі жабық. Есікті ашу үшін тапсырма орындау қажет.
II. Үй тапсырмасын тексеру
Үй тапсырмасы: «Пейзаж» тақырыбына өз бетінше сурет салып келу.
Оқушылардың жұмыстары тақтаға ілінеді, қысқаша талқыланады.
Қайталау сұрақтары
- Пейзаж дегеніміз не?
- Пейзаж салатын қандай суретшілерді білесіңдер?
Нәтиже
Тапсырма орындалды — «көрме есігі» ашылады, сынып көрмеге кіреді.
III. Жаңа сабақ
Өткен сабақта біз пейзаж жанрымен таныстық. Пейзажда табиғат көрінісі бейнеленеді. Бүгін біз портрет түрлерімен, соның ішінде салтанатты портретпен танысамыз.
Портрет дегеніміз не?
Портрет өнерінде адам бейнесі бейнеленеді. Бұл өнер түрі өте ерте замандарда — бірнеше мың жыл бұрын пайда болған. Ең көне үлгілердің бірі ретінде ежелгі Мысыр перғауындарының мүсіндерін атауға болады.
Суретшілер туралы қысқаша
Әбілхан Қастеев (1904–1973) — Қазақстанның тұңғыш халық суретшісі. Екі мыңнан астам кескіндемелік пейзаждар мен портреттердің авторы. Алматы қаласында оның атымен аталған музей бар.
Айтбай Құлбаев — Ақтаудағы танымал суретші. Арт-галереясы бар, көптеген жетістіктерге жеткен. Өз тәжірибесін жастарға үйретуге үлес қосып келеді.
Портрет түрлері
Камералық портрет
Адамның ішкі дүниесін ашуға бағытталған, көлемі шағын портрет. Модель табиғи қалыпта болады, назары басқа жаққа ауғандай әсер қалдырады.
Топтық портрет
Екі немесе бірнеше адамның бейнесі бір композицияда берілген портрет.
Жұптық портрет
Екі адамның (ерлі-зайыптылар, жақын достар) бейнесі бірге көрсетілетін портрет.
Автопортрет
Суретшінің өзін-өзі бейнелеуі.
Салтанатты портрет
Модель мерекелік, салтанатты сипатта бейнеленетін портрет. Әдетте модель арнайы киініп, ұстамды әрі жинақы қалыпта отырады немесе тұрады.
Салтанатты портреттің алғашқы үлгілеріне Мысыр патшалары — перғауындардың мүсіндері жатады. Сол дәуірдегі ең танымал бейнелердің бірі — Мысыр патшайымы Нефертитидің кескіні. Ежелгі портреттер көбіне атаусыз сақталған, ал кей суретшілер тапсырыс берушіні әсемірек көрсетуге тырысқан.
IV. Оқулықпен жұмыс
Оқулықтың 125-бетін ашып, тапсырманы мұқият орындаймыз. Мұғалім тапсырманы түсіндіреді, оқушылардың жауаптары тыңдалады.
Келесі суретті «көрсету» үшін сергіту сәтін орындаймыз және «сиқыр сөзді» бірге айтамыз.
V. Сергіту сәті
Алдым қолға қарындаш,
Бейнеледім суретті.
Бояуларды аламын,
Қылқаламмен саламын.
Суретім дайын болған соң,
Үлкен «бестік» аламын.
Сұрақ: «Бұл сурет портреттің қай түріне жатады?»
Жауап: Салтанатты портрет.
Енді біз осы үлгіге сүйеніп, өз салтанатты портретімізді салуға кірісеміз.
VI. Сарамандық жұмыс
Тақырып: Салтанатты портрет
Тапсырма: ұлттық киім киген қыздың бейнесін салтанатты портрет түрінде бейнелеу.
Назар аударамыз
- Киімнің сәндік элементтері мен ою-өрнек
- Тұлғаның ұстамды қалпы
- Бет әлпеті мен мінезді жеткізу
Композиция
Модельді парақта дұрыс орналастыру, фон мен негізгі бейненің үйлесімін сақтау.
Түстер
Түстерді таза қолдану, ұлттық киімнің айқын реңктерін үйлестіру, жарық пен көлеңкені ескеру.
VII. Сабақты қорытындылау
- 1 «Портрет көрмесі» ұнады ма?
- 2 Портрет дегеніміз не?
- 3 Портрет неше түрге бөлінеді?
- 4 Көрмедегі суреттер портреттің қай түріне жатады?
- 5 Бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма?
VIII. Бағалау
Оқушылардың сабаққа қатысу белсенділігі мен жұмысының сапасына қарай бағалау жүргізіледі. Әсіресе ұқыпты, мазмұнды және көркем бейнелеген оқушылар атап өтіледі.
IX. Үйге тапсырма
1-тапсырма
Суретті аяқтап келу.
2-тапсырма
Суретшілер туралы қосымша мәлімет жинап келу.