Менің қиялымдағы болашақтағы оқушылар
Қиял арманға жетелейді (3-сыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» сабағы)
Бұл сабақ қиял мен арманның адам өміріндегі маңызын түсіндіруге және «Дұрыс әрекет» құндылығын оқушылардың күнделікті дағдыларымен байланыстыра ашуға бағытталған.
Құндылығы
Дұрыс әрекет
Қасиеттері
- батылдық
- қамқорлық
- еңбекқорлық
- талаптылық
Мақсаты мен міндеттері
Мақсаты
Оқушылардың қиял мен арман туралы түсініктерін кеңейте отырып, «Дұрыс әрекет» құндылығының мәнін ашу.
Міндеттері
Білімділік
Қиял мен арманның маңызын түсіндіру арқылы оқушыларды қамқорлыққа баулу.
Дамытушылық
Жақсы қиялдар мен армандарға жетелеу арқылы батылдық қасиетін дамыту.
Тәрбиелік
Оқушыларды батыл, еңбекқор, қамқор және талапты болуға тәрбиелеу.
Сабақ барысы
1) Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушыларды топқа бөлу: әр түсті лента таратылады. Бір түсті лента алғандар бір топқа отырып, жұмысқа кіріседі.
- «5 Т» ережесі: тәртіп, талап, тыныштық, тазалық, татулық.
2) Тыныштық сәті
«Теңіз түбіне саяхат» — ішкі тыныштықты сезінуге, көңілді сабаққа бейімдеуге арналған қысқа қиял-елестету жаттығуы.
3) Үй тапсырмасын тексеру
Үйге берілген «Ана қиялы» (аңыз) тақырыбы бойынша сұхбат жүргізіледі.
Сұрақтар
- 1.Әңгімеде қандай оқиға баяндалған?
- 2.«Ана қиялы» қандай ниеттен пайда болды деп ойлайсыңдар?
- 3.Ана өз арманын балаларына қалай жеткізді?
- 4.Өз өмірлеріңде қандай қиялдарың армандарға ұласты?
- 5.Армандарыңды жүзеге асыру үшін сендер не істеулерің керек?
4) Дәйексөз
Халық мақалы
«Армансыз адам болмайды.»
Мақалды ер балалар бір рет, қыз балалар бір рет қайталап айтады. Оқушылар мағынасын түсіндіріп, дәптерлеріне жазып алады.
5) Әңгімелеу (сұхбат): «Нағыз дос»
(Оқушылар шығармашылығынан)
Кішкентай Марат пен Дархан — көрші тұратын достар. Екеуі үнемі теледидарды бірге көріп, кітап оқуды ұнатады. Бірақ Дархан денсаулығына байланысты далаға көп шықпайтын.
Бір күні Марат қатарластарымен орманға саяхатқа барады. Гүлдерді қызықтап жүріп, бір көбелекті ұстап алады да: «Қолға түстің бе — енді сені жібермеймін. Досым Дарханға апарып беремін», — дейді.
Сол сәтте көбелек сөйлегендей болып: «Жіберші мені, Марат. Мен сенің үш тілегіңді орындаймын», — дейді. Марат қуанып: «Маған велосипед керек», — дейді. Көбелек ұшып кетеді.
Кешке Марат үйіне келсе, әкесі оған шынымен-ақ велосипед сатып алыпты. Ол қуанып, велосипедімен ары-бері жүріп, Дарханның терезесінің алдынан да өтеді. Досының мұңлы көзін көріп, Марат қайтадан орманға барып, көбелек ұстауға тырысады, бірақ ұстай алмайды. Содан: «Маған велосипед керек емес, маған ұялы телефон керек!» — деп айқайлайды.
Үйіне келсе, анасы оған ұялы телефон сыйлайды. Марат қуанып, Дарханға жүгіріп барып көрсетеді, екеуі мәз болады. Бірақ біраз уақыт өткен соң Марат далаға шығып кетеді де, Дархан күрсініп үйде қала береді.
Ертеңіне Марат тағы да орманға келіп: «Көбелек, көбелек!» — деп айқайлайды. Жылап тұрып: «Маған велосипед те, ұялы телефон да керек емес. Досым Дархан басқа балалар сияқты далаға шығып ойнай алса, басқа арманым болмас еді», — дейді.
Үйіне келсе, ата-анасы: «Дархан ертең шетелге дәрігерлерге қаралуға барады», — деп айтады. Ертеңінде Марат досын шығарып салады да, оның оралуын тағатсыздана күтеді.
Бір күні Марат ұйықтап жатып, өз есімін атаған дауыстан оянады. Көзін ашса — қарсы алдында досы Дархан тұр. Қуанған Марат: «Ертең ормандағы көбелекке алғыс айтуға барамын», — деп ойлайды.
Талқылауға арналған сұрақтар
- 1.Марат орманда неге кездесті?
- 2.Көбелек Маратқа неліктен көмектесті деп ойлайсың?
- 3.Сен досыңа қандай көмек жасадың (немесе жасағың келеді)?
- 4.Өз өміріңде арманың шындыққа айналған кез болды ма?
- 5.Мараттың бойынан қандай қасиеттерді байқадың?
6) Шығармашылық іс-әрекет (топтық жұмыс)
Оқушылардың қиялын дамыту және оларды жақсы өмірге ұмтылдыру мақсатында «Жаттығу-ойлану» ұйымдастырылады. Әр топқа тапсырма беріледі. Оқушылар ақ параққа өз ойларын жазып, ортақ талқылауға ұсынады.
1-топ
Менің қиялымдағы болашақтағы адамдар
2-топ
Менің қиялымдағы болашақтағы оқушылар
3-топ
Менің қиялымдағы болашақтағы әлем
7) Топпен ән айту: «Ертегілер әлемі»
Сөзі мен әнін жазған: Е. Елгезеков
Ғажайып түс көрдім, Таң ата мен бүгін. Ертегі әлемнің қызығында жүрдім, Нұрына шомылдым бүгін. Жұлдызы, айы көркем, Әдемі еді неткен. Құстары сөйлейді, Бұлттары тербейді, Мен оянып кеттім, әттең!
Қайырмасы
Ертегілер, ертегілер, Неге мені ертпедіңдер? Әлемдеріңнің ғажап күйін Шертпедіңдер сендер? Ертегілер, ертегілер, Неге мені ертпедіңдер? Әлемдеріңнің ғажап күйін Шертпедіңдер сендер?
Гүл тердім бұлттардан, Әр гүлде бір арман. Таусылмайтын тәтті Сый әкеліп жатты Жан біткеннің бәрі маған.
8) Үй тапсырмасы
Оқулықтың 27-бетіндегі Ә. Табылдиевтің «Ата өсиеті» әңгімесін оқып келу.
9) Қорытынды сәт
Мұғалімнің қорытынды сөзі: «Оқушылар, осы сабақ барысында алған шынайы әсерлеріңді және дұрыс әрекет туралы ойларыңды жүректеріңе түйіп алыңдар. Сабақ аяқталды. Белсенді қатысқандарың үшін рақмет!»
Автор туралы мәлімет
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Абай атындағы №90 орта мектебінің «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімі — Ш. Кеулімжай.