Әжесі қолын көлегелей төбеге қарап

Ертегіге қатысушы кейіпкерлер

  • 1 Әже
  • 2 Немере
  • 3 Ана
  • 4 Қарлығаш
  • 5 Айдаһар
  • 6 Маса
  • 7 Түлкі
  • 8 Уәзірлер
  • 9 Биші тышқандар
  • 10 Жолбарыс

Ертегі декорациялары

  • Киіз үй бейнесі
  • Ағаш (қарлығаштың ұясымен)
  • Бесік
  • Шиырмалар
  • Есек
  • Еліктің макеті

Бірінші бөлім

Киіз үй іші: әже мен немере

Сахнада киіз үйдің бейнесі көрінеді. Баяу күй ойнап тұрады. Әже ұршық иіріп отырады, ал немересі кітап оқып жатады. Сол сәтте шаңыраққа ұя салған қарлығаш төбеден айналып ұшып, шиқылдайды.

Немере шаңыраққа қарап:

— Әже, қараңызшы: қарлығаш біздің шаңыраққа ұя салыпты ғой!

Әже қолын көлегейлеп төбеге қарап:

— Е-е, бәрекелді, жарқыным… Шаңырағымызға құт-береке қонады екен. Қарлығаш — құс төресі, киелі құс қой.

Немере:

— Әже, қарлығаш неге адамдарға үйір? Басқа құстардай емес, құйрығы неге айыр?

Әже:

— Әй, тентегім-ай, ақылыңнан айналдым. Қане, ісімізді аяқтайық. Қазір саған қарлығаштың құйрығы неліктен айыр болғаны туралы халық ертегісін айтып беремін. Сонда өзің-ақ түсінесің, құлыным.

Екеуі заттарын жинай бастайды. Әже немересін ертіп: — Жүр, ботақаным, анау төбенің басына шығайық, — дейді.

Киіз үй, бәйтерек және бесік жыры

Сахнада киіз үй, жанында үлкен бәйтерек өсіп тұрады. Бәйтеректің басында қарлығаштың ұясы бар. Киіз үй ішінде ана баласын тербетіп отырып, бесік жырын айтады:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат, бөпем.

Бесігіңнен басталар,

Құны қымбат құт-мекен.

Сол мезетте қарлығаш шиқылдап ұшып шығып, балапандарына жем береді.

Қарлығаштың биі (қимыл сипаттамасы)

Қарлығаш қанатын жоғары-төмен қағып, аяқтың ұшымен залды айналып, ағаш тұсына келеді.

  1. 1–2 санына: қанатты жоғары көтеріп, оң аяқты алға созып, оң аяққа тұрады; сол аяқтың өкшесі көтеріледі.
  2. 3–4 санына: қайтадан сол аяққа отырады. Бұл қимыл 2 рет қайталанады.
  3. 8 санына: аяқтың ұшымен жыбырлап, қолды кезек-кезек жоғары-төмен көтере ортаға келеді.
  4. 1–2 санына: оңға айналады.
  5. 3–4 санына: оң қолды жоғары көтеріп созылып, төмен түсіреді. Осы қимыл сол жаққа да қайталанады.

Күрт өзгеріс

Бір кезде балапанның бірі жерге құлап кетеді. Балапандардың шиқылдаған дауысы естіледі. Қарлығаш әбігерге түседі.

Бесікті тербетіп отырған ана қарлығаштың даусын естіп, сыртқа шығады. Қарлығаш адамды көріп, жанына келіп: — О, адамзат, маған жәрдем ете көріңіз! — деп өтінеді.

Ана жүгіріп барып, балапанды ұясына қайта салып жібереді. Қарлығаш анаға бас иіп: — Рақмет, адамзат! Бұл жақсылығыңды ұмытпаспын, — дейді.

Екінші бөлім

Айдаһар патшаның сарайы

(Сахнада айдаһар патшаның сарайы көрінісі.) Әженің дауысы естіледі: сол маңдағы тау қыраттарының ортасында бір айдаһар өмір сүріпті. Ол жер бетіндегі тіршілік атаулыны жайпап отырған тойымсыз, залым екен.

Әр жерде бейқам отырған аңдар көрінеді. Бір мезетте жанталаса сауысқан жүгіріп шығып:

— Ойбай, қашыңдар! Сұмдық! Алдындағының бәрін жайпап, айдаһар патшамыз келе жатыр! Тез қашыңдар, тірі қалған жан жоқ!

Бәрі сасқалақтап, жан-жаққа қаша жөнеледі. Жерді тарсылдата басып, айдаһар сахнаға шығады. Ол ақырып, төсін соғып:

— Мен жер бетіндегінің ең күштісі боламын!

Уәзір 1

— Иә, тақсыр, сіз күштісіз.

Уәзір 2

— Сізге жетер ешкім жоқ.

Уәзір 3

— Тақсыр, бүгін күн ұзаққа тыным көрмедіңіз, сәл демалып алыңыз.

Уәзірлер айдаһардың жан-жағына жүгіріп, жастық төсеп, желпіп әбігерге түседі. Шиырма жабылады.

Үшінші бөлім

Айдаһардың кәрілігі және уәзірлердің абыржуы

Әженің дауысы: айдаһар көп жыл патша болыпты. Жылдар өте қайраты қайтып, кәрілік жетіпті. Шиырма ашылады. Уәзірлер абыржып, ары-бері шауып жүреді.

Уәзір 1

(басын ұстап) — Патшамыз дертке ұрынды.

Уәзір 2

(демін тыңдап, бас шайқап) — Тынысы әбден тарылды.

Уәзір 3

(кеудесін сипап) — Көзден от, беттен сән кетті. Кеудеден қуат әл кетті.

Түлкінің келуі және «тәтті қан» ем-дәрісі

Жолбарыс шығып: — Патшамыздың халін білуге Түлкі ханым келіп тұр, — дейді. Бәрі жалт қарап, ду ете түседі: — Келсін! Кірсін! Тезірек!

Түлкінің жолына қызыл кілемше төселеді. Ортаға қиралаңдай басып, кербездене түлкі шығады. Уәзірлер тағзым етеді. Түлкі патшаның алдына да, артына да шығып, тыңдап, тамырын ұстайды.

Түлкінің үкімі

Қауырсын мен ақ қағаз алып жазып: — Тәтті қан іздеп тапсаңыз, патшамыз жазылар еді! — дейді.

— Кім іздеп, дәру табады?

Сол сәтте ызыңдап маса ұшып келеді: — Мен! Мен іздеп табамын! Уәзірлер де жамырай: — Иә, иә, маса тапсын! Ұш тезірек! Маса мен түлкі шығып кетеді.

Патшаның көңілін көтеру әрекеті

Айдаһар ыңырсып қозғалады. Уәзірлер ақылдасады: — Маса дәру әкелгенше, патшамыздың көңілін көтерейік.

Әсем тағамдар

Уәзірлер түрлі тағамдар әкеледі: тауық еті, жеміс-жидек, шұжықтар, сусындар. Айдаһар тағамдарға көз салып, басын шайқайды. Уәзірлер шегініп кетеді.

Биші тышқандар

Уәзірлер аспаптарда ойнай бастайды (дауылпаз, домбыра, сыбызғы). Қыздар (тышқандар) би билеп шығады. Айдаһар басын көтеріп қарап, кейін «керегі жоқ» деген ишарамен екі жаққа шайқайды. Би тоқтап, бәрі кері шегінеді.

Тышқандар биі (қимыл сипаттамасы)

  1. Барабан үнімен жүгіре басып ортаға шығады. Оң қол жоғары, сол аяқ ұшына көтеріледі.
  2. 4 санына: сол жақ мықынды солға лақтырып қозғайды, басын сол жаққа бұрып ұстайды. Осы қимыл 4 санымен сол қолды көтеріп, оң жақтан қайталанады; басты оң жаққа бұрады.
  3. Келесі қимылда бәрі тіке алға қарап тұра қалады.
  4. 8 санымен: белді оңға-солға қозғап, сәл отырып-тұрады.
  5. Екі қолды алдан бұрай, бір-бірімен айқастыра жоғары көтереді; қол қимылымен бірге сәл отырып, жоғары көтеріледі. Бұл қимыл 2 рет қайталанады.

Соңында айдаһардың қимылынан-ақ оның разы еместігі білінеді. Шиырма жабылады.