Бес қаруды ата

Лекция-концерттің мақсаты

Білімділік

Оқушыларға Ұлыстың ұлы күні — Наурыз туралы және әлем халықтарының бұл мерекені тойлау дәстүрлері жайлы толық мағлұмат беру. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын таныстыра отырып, Наурыздың қазақтың ұлттық мейрамы екенін айқындау.

Дамытушылық

Өлеңдер, мақал-мәтелдер арқылы оқушылардың тілдік қорын байыту, көркем сөйлеу дағдыларын дамыту. Өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру.

Тәрбиелік

Ата-ана, оқушы, ұстаз және жұртшылық өкілдерінің бірлігін нығайту. Қазақ халқының тілі мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сақтауға және қастерлеуге тәрбиелеу.

Көрнекілігі

  • Сахнаның мерекеге сай безендірілуі
  • Ұлттық киімдер
  • Слайдтар және қосымша материалдар

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық.

1-жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар! Сіздерді Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгін 6-сынып оқушылары дайындаған «Қош келдің, төрлет, әз Наурызым!» атты лекция-концерт сабағына қош келдіңіздер!

2-жүргізуші

Наурыз тойы — тамаша, Наурыз тойы — жаңаша. Табиғат та тамаша, Тамылжып тұр жараса. Наурыз тойы — салтанат, Наурыз тойы — мархабат. Әр жүректен ән тарап, Шаттанады шартарап.

Шашу шашып, мейрамды қарсы алу

Наурыз тойын жұп жазбай, Қошеметпен қарсы алайық! Досқа құшақ ашайық, Өлең-жырға басайық. Қазақтың бір салты деп, Тойға шашу шашайық. Наурыз келсе — құт келгені, Халайық, ел боп қарсы алайық!

Уа, халайық, халайық, Ақ сандықты ашайық. Бұл мереке, бұл тойдың Жыр шашуын шашайық.

Ән

«Көктем келді» — орындайтын Киреева Аягүл.

Наурыздың шығу тарихы

Тәуелсіз биік халқымның Желбіреп туы шалқысын. Әз Наурыз келіп еліме, Жер-Ана бойы балқысын. Жаңғырар дәстүр-салтымның Көзделсін бұлақ жылғасы. Қастерлі менің халқымның Мереке Наурыз — жыл басы!

Енді Наурыз мерекесінің шығу тарихына тоқталайық.

Негізгі мағынасы

Наурыз — өте көне мейрам. «Наурыз» парсы тілінде «Жаңа күн» дегенді білдіреді. Ел аңызында бұл түні Қыдыр ата жер кезіп, береке-ырыс дарытады делінеді. Сондықтан бұл түн «Қыдыр түні» аталған.

Наурыз күні «ырыс мол болсын» деген ниетпен үйдегі ыдыстарды аққа, дәнге, суға толтырып қояды.

Әлем халықтары Наурызды қалай қарсы алады?

Қазақ халқындағы Наурыз дәстүрі көпке мәлім. Ал өзге елдер бұл мейрамды қалай атап өтеді? Төменде қысқаша шолу берілді.

Түрік елі

Ежелгі түріктер Ұлыс күндері жаңа киім киіп, шаш алып, сақал-мұрт түзеген. Алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге — жамбы атып жарысқан. Жамбыны бірінші болып түсірген адамға бір күн патша болып, ел басқаруға ерік берілген.

Иран елі

Иран патшасы Наурыз күні қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартқан. Тіліміздегі «Құлға бір күн азаттық» деген сөз осы көне рәсімге қатысты айтылған деген болжам бар.

Парсы тілдес халықтар

Наурызды бірнеше күн тойлап, үлкен от жағып, отқа май құяды. Жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешек егінге болжам жасайды. Жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже — сумалақ ұсынады. Соқамен жер жыртып, ат шаптырып, жамбы атысып жарысады.

Ескі киімдерін тастап, ұсталған шыны ыдысты сындырады; бір-біріне гүл ұсынып, үй қабырғасына күн белгісін білдіретін дөңгелек ою салады, тіреу ағашына гүл іледі.

Ауған елі

«Алғашқы түрен» — кулкабаши деп аталатын ғұрып бар: шаруалар егіс алқабына барып алғашқы түрен түсіреді, ал соқаның соңынан сый-құрметі мол адамдар еріп жүреді. Жеті күн бойы жеті түрлі жемістен дәмді сусын әзірлейді.

Міндетті түрде жаңа киім тігіліп, бұл күн «Жаңа киім күні» деп аталады.

Араб елдері

Кей өңірлерде мейрамдық «жеті зат» дәстүрі өзгеріп, атауы «с» әрпінен басталатын өзге тағамдармен алмастырылған: сарымсақ, бидай, жиде, сірке суы, рута шөбі және т.б.

Үнді елі

Үндістанда жаңа жылды жыл ішінде бірнеше рет атап өтетін дәстүр бар. Оңтүстік Үндістанда көктемгі жаңа жыл Наурыз айында басталып, үйлер өрілген гүлдермен әсемделеді.

Күй

Қазанғаптың «Шыны аяқ» күйі — орындайтын Билялов Алишер.

Наурыздағы салт-дәстүрлер

Наурыз — тек мереке емес, ұлттың жады мен тәрбиелік құндылықтарын жаңғыртатын кезең. Төменде Наурызға қатысты ұғымдар мен дәстүрлер берілген.

Наурызшешек

Наурыз айында өсетін, түрлі түсті гүлді әсем өсімдік. Майының емдік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында бірнеше түрі кездеседі. Наурызшешек Қызыл кітапқа енген сирек, бағалы өсімдік.

Наурызек

Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Бұл құсты алғаш көргендер «Наурызегім, келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Оны ешкім қумайды, үркітпейді.

Наурызнама

Шат-шадыман ойын-сауыққа толы думан. Тойда ат жарыс, палуан күрес, спорт сайыстары, айтыс, ұлттық ойындар өтеді; жұмбақтар айтылып, ән мен өлең, Наурыз жырлары шырқалады.

Ұйқыашар

Наурызнамада қыздар бас қосып «ұйқыашар» әзірлейді. Ол ет, уыз секілді дәмді тағамдардан жасалады.

Селт еткізер

Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлық береді. Айна — пәктік пен жастықтың, тарақ — әдемілік пен сұлулықтың белгісі деп ұғынылады.

Бел көтерер

Бұл күні қарттарға арналып жылы, жұмсақ тағамдардан «бел көтерер» деп аталатын дәм әзірленіп, таратылады.

Наурызша

Наурыз айында жұп-жұқа, қиықша қырбық қар түсуі мүмкін. Халық оны «наурызша» деп атайды.

Наурыз көже

Наурыз тойына тән мерекелік тағам. Әр үй оны жеті түрлі дәмнен (сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс және т.б.) дайындап, қазы, шұжық секілді сыйлы мүшелерді қосады. Қонақтарға ықыласпен ұсынылады.

Наурыз көженің тағылымы — бірлік, молшылық және ақ ниет.

Ән

«Дастархан» — үштіктің орындауында.

Өнер бағдарламасы

Құттықтау жыры

Қыс өтіп, қар кетіп, Шырайлы жаз жетіп, Шаруаның кенелген Мейрамы — ежелден. Құтты болсын, Наурыз!

Би

Қазақ биі — сахнада бишілер тобы.

Өзбек биі — орындайтындар: бишілер тобы.

Әндер

  • «Наурыз — думан» — Нұрғалиева Эмилия.
  • «Гүлдер» — Таубаева Әсем.
  • «Наурызым» — Ишанғалиева Ұлжан.

Көркем сөз

Оқитын: Медетұлы Мұхамедали

Аманбысың, ардақты халқым менің, Ардақты Наурыз тойын, салтыңды, елім. Мереке басы болсын берекенің, Игі еңбек жемісін бәрің жегің! Наурыз тойға жиналған халқым менің, Бәріңнің ойға алғаның — жарқын сенім. Бүгінгі той — ертеңгі ардақты ісің, Ғажап болсын таппайтын тепе-теңін. Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен, Маңдайымнан сүйіп жатыр күн — көктем. Жарығымен, шуағымен Күн-ана, Алып келді жер бетіне гүл көктем. Қош келдің, Наурызым, ардақты, Халқым саған бар үмітін арнапты. Жылда осылай келе берсін жасарып, Гүлге бөлеп, жырға бөлеп аймақты.

Көрермендерге сұрақтар

Қазақтың дәстүрі көп, сырын ашсаң — қызығы мол. Енді ата-аналар мен көрермендерге шағын сұрақтар қоямыз. Дұрыс жауап бергендерге тәттілер беріледі.

  1. Ертеде жеті жігіт жеті шырақ жағып, ауылды аралаған. Неліктен?
  2. Наурыз күні дастархан үстінде қандай тағамдар болуы керек?
  3. Наурыз тілек деген не?
  4. Қыдыр ата қай түні адамдар арасына келеді?
  5. Бес қаруды атаңыз.
  6. Наурыз бата дегеніміз не?

Қорытынды

Соңында өнер көрсеткен оқушыларға ауылымыздың имамынан Наурыз батасын сұраймыз.