Қыз ұзату Ұлын ұяға, қызын қияға қондыру ата ананың тілегі әрі парызы

Қазақтың салт-дәстүрлері – ұлттық құндылық

Қазақ халқының көнеден келе жатқан салт-дәстүрлері өте көп. Қазақ жұрты өзінің той-думаны, мерекесі, жол-жосыны және тұрмысқа қатысты әдет-ғұрпымен талай елді таң қалдырып келеді. Ата-бабамыз қалдырған асыл мұраны қадірлеу, ұмыт қалғанын жаңғырту және кейінгі ұрпаққа аманаттау — бүгінгі буынның да, болашақтың да ортақ міндеті.

Баланы қырқынан шығару

Нәресте дәстүрі

Дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен қырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күн өтпелі кезең саналып, оны қауіпті әрі қатерлі уақыт деп қабылдаған. Сондықтан жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағып отырған.

Бала қырқынан шыққанша сүт тырнағы мен қарын шашы алынбайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, қырқынан шығару рәсімі жасалады.

Рәсімнің негізгі ерекшеліктері

  • Шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салынады.
  • 40 қасық таза су құйылады.
  • Күміс адалдықтың белгісі саналып, күміс салынған су ең таза су деп ұғынылған; жын-шайтан жоламайды деген сенім болған.

Бесікке салу

Отбасылық салт

Бесікке салу — нәрестені алғаш бесікке бөлеу рәсімі. Бесікке саларға шақырылған ауыл-аймақтың әйелдері шашуымен, жол-жоралғысымен келеді.

Баланы алғашқы рет бөлеу үлгілі ұрпақ өсірген, қадірлі әйелге тапсырылады. Ол бір-екі келіншектің көмегімен бесікті жабдықтайды. Сәбидің әжесі немесе анасы түбектің тесігі арқылы балаларға тәтті үлестіреді. Бұдан кейін бесік отпен аласталып, нәресте бөленеді.

Сый-сияпат және тілек

Бесікке салған әйелдерге көйлек, жаулық сияқты сый тартылады. Үлкендер бата беріп, баланың ер жетуін, ананың үбірлі-шүбірлі болуын тілейді. Осы рәсімде «Бесік жыры» да айтылады.

Тұсау кесу

Баланың алғашқы қадамы

Бала еңбектеуден өтіп, аяғын қаз-қаз баса бастағанда, оның алғашқы қадамы ерекше қуаныш саналған. Өз аяғымен туған жердің топырағын басып, айналасын танып-білуі — баланың өмірге талпынысының белгісі.

Осындай сәтте халық баланың келешегіне ақ жол тілеп, «тез жүріп кетсін» деген ниетпен тұсаукесер тойын жасайды. Ел түсінігінде тұсауы кесілмеген бала сүріншек болады деген ұғым бар. Тұсаукесер — әр қазақ шаңырағында ерекше дайындықпен аталып өтетін дәстүрлі қуаныш.

Сүндет той

Діни-ғұрыптық дәстүр

Ислам дінінің жол-жосығы бойынша қазақтар ұл баланы көбіне бес немесе жеті жасында сүндетке отырғызған. Осыған байланысты үлкен той жасалады.

Той қарсаңындағы рәсімдер

  • Сүндеттелетін баланың басына және екі иығына үкі тағылып, атқа мінгізіліп, жақын туыс-жұрағат аралатылады.
  • Туыстар шашу шашып құттықтап, баланың киіміне үкі қадап, кепеш кигізеді.
  • Әл-ауқатына қарай лақ, қозы, құлын сияқты жас төлдің бірін ен салып береді.

Қазақ арасында бала сүндеттеу ісін көбіне осы кәсіппен шұғылданатын қожалар жүргізген. Қазақ қауымы оларды Мұхаммед пайғамбар әулеті деп құрметтеген. Халық ұғымында сүндет той — баланың «қарақұлақ болып», қатарға қосылуының алғашқы белесі.

Қыз ұзату

Үлкен той, үлкен жауапкершілік

Ұлды ұяға, қызды қияға қондыру — ата-ананың тілегі әрі парызы. Қыз ұзату — үлкен той, думан, әрі әсерлі салт. Бұл күні ата-ана қуанады да, толқиды: қуанышы — қыз өсіріп, құтты жеріне қондыру; толғанысы — қимастық сезімі.

Құдалар әдетте кешкілік келеді. Бұл кезде ойын-сауық, құдалық рәсімдері және кәде-жоралар жасалады. Жақын адамдар құдаларды үйіне шақырып, кәде-құрмет көрсетеді.

Ұзатылатын қызды дәстүр бойынша таң ата, күн шыға жөнелтеді. Оның алдында қыз «Қоштасу жырын», жастар «Жар-жар», «Ау-жар», «Аушадияр» айтысады.

Беташар

Тәрбиелік мәні жоғары дәстүр

Шымылдық ішінде отырған келіннің басына орамал жауып, той өтіп жатқан үйдің ең жақын әрі үлгілі келіндері екі жағынан қолтықтап алып шығады. Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіннің екі жағына тұратын әйелдердің абырой-беделіне қатты мән берілген.

Орамалдың теңге түйілген ұшын домбыраның мойнына немесе таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол жаңа түскен келінге ата-енесін, үй ішін таныстырып, туыстық жақындығын, әрқайсысының беделі мен қадір-қасиетін шебер тілмен жеткізеді де, келінге бір-бірлеп сәлем салдырады.

Сәлемнің өтеуі

Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сияпатын атайды. Кейбір ауқатты туыстар құлынды бие, енді біреулер отауға тігетін киіз үй сияқты бағалы тарту жасаған. Дәстүр бойынша, беташар жасалмай тұрып келінді қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген.

Бата беру

Ақ тілек дәстүрі

Бата беру — адал ниет пен ізгі тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Дастарқан басында, түрлі жиын-тойларда және өмірдегі қуаныш сәттерінде үлкендер қол жайып, тілек арнайды. Сондай-ақ, қиын сапарға немесе алыс жолға аттанған азаматқа ақ жол тілеу — ежелден келе жатқан кең тараған ғұрып.

Батаны көбіне көпті көрген ақсақалдар, шешендігімен танылған дуалы ауыз билер береді. Халық түсінігінде бата қысылғанда — қуат, қиналғанда — медет болып, әр іске даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген. Бата көзі тірілерге ғана емес, аруақтарға да бағышталған.

Мағыналы нақыл

«Батамен ер көгереді, жаңбырмен жер көгереді» деген сөз батаның қадірін айқын көрсетеді. Батаның да өз орны, өз реті бар: қуаныштың түріне қарай айтылар тілектің де мазмұны лайықталып, үйлесім табады.

Мәлімет

Дайындаған

Телбаева Айымгүл

Ұйым

Ясли-сад «Қызғалдақ»

Ескерту: мәтін редакциялық тұрғыда түзетіліп, стильдік жағынан ықшамдалып берілді.