Туған өлкем, табиғатың қандай көркем
Мақсаты
Туған өлкенің байлығын, табиғат көріністерін таныту; оқушыларды өскен жерін қадірлеуге тәрбиелеу және дүниежүзілік мәдениетке ұмтылуға бағыттау. Рухани-танымдық тұрғыдан дамыта отырып, өз туған өлкеміздің және туған халқымыздың өткені мен бүгінін қастерлеуге үйрету.
Түрі
Топтық пікір алмасу
Көрнекілігі
Буклеттер, Қазақстан картасы
Қатысушылар
3 топ (сынып 3 топқа бөлінеді)
Сабақ құрылымы
Ойын/іс-шара бірнеше бөлімнен тұрады. Әр бөлім оқушылардың шығармашылығын, білімін және сөйлеу мәдениетін дамытуға бағытталған.
І бөлім. «Туған өлкем, табиғатың қандай көркем»
Бұл бөлімде топ мүшелері берілген тақырыптар бойынша сурет салады.
-
1) Адам және табиғат
-
2) Ауыл кеші — көңілді
-
3) Жазғытұрым
-
4) Жайлауда
ІІ бөлім. «Жері байдың — елі бай»
Бұл бөлімде топтар берілген тақырыптар бойынша білімдерін ортаға салады.
І топ
«Қазына — қара жерде»
Қазақстанның қазба байлықтары туралы.
ІІ топ
«Күте білсең, жер жомарт»
Егіншілікке құнарлы жерлер және одан алынатын өнімдер.
ІІІ топ
«Еліміздің ертеңі — білімді ұрпақ»
Топтар сұрақтарға топтама түрінде жауап береді.
І топ сұрақтары
- 1. Жібек жолының тарихи орындарын ата.
- 2. Қазақстанның экологиялық аудандарын ата.
- 3. Халық ауыз әдебиетінің жанрларын ата.
- 4. Отан туралы мақал-мәтелдер айт.
- 5. Ат үстінде ойналатын ұлттық ойындарды ата.
ІІ топ сұрақтары
- 1. Бес арысты ата.
- 2. Қазақтың халық сазгерлерін ата.
- 3. Қазақтың атақты билерін ата.
- 4. Қазақтың әйгілі күйшілерін ата.
- 5. Қазақ батырларын ата.
- 6. Крестшілердің ең соңғы жорығына тойтарыс берген, есімі тарихқа алтын әріппен жазылған сұлтанды ата.
ІІІ топ сұрақтары
- 1. Асар деген қандай салт?
- 2. Қымызмұрындық деген қандай дәстүр?
- 3. Қонақкәде деген не?
- 4. Ерулік деген не?
- 5. Төрт түліктің пірлерін ата.
- 6. Қазақтың төрт тойын ата.
ІІІ бөлім. «Өнерлі өрге жүзер» — өнер сайысы
Тақырыбы: туған жер, туған ел туралы өлең оқу және мақал-мәтелдер айту.
IV бөлім. «Ел дәулеті — өзімізде»
«Туған өлкеме мен болашақта тигізер пайдам» тақырыбы бойынша топтық пікірталас. Бағалау кезінде сөйлеу мәдениеті, шешендік қабілет, сондай-ақ саяси және экономикалық сауаттылық ескеріледі.
Мұғалімнің сөзі
Кіндік қаның тамып, туып-өскен мекеніңді, табаның тиген туған топырақты бәрінен артық көруге хақылысың. Туған жердің бір түйір тасы жаттың ат басындай алтынынан қымбат емес пе?
Дулығалы ата-бабаларымыз кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап, мақтан еткен, бізге мұраға қалдырған. Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат күндей жарқырап, сәуле шашып тұруы керек.
Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерін мақтан тұтуға тиіс.
Қорытынды
Ел тағдырының экономикаға тәуелді екенін бүгінде үлкен де, кіші де біледі. Ендеше ХХІ ғасырда мемлекет тізгінін ұстайтын ұрпақ — дәл қазір мектеп партасында отырғандар. Олар экономиканың алғашқы қадамын қарыштай басуға айналдырып, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Жапония секілді дамыған елдермен иық теңестірер деңгейге жеткізе алатын ел иелері болуы тиіс.