Соғыс жылдарындағы ауылдың тынысы
Тақырып
«Сарғайса да тарихтың ақ парағы, ол күндер мәңгі есте сақталады…»
Мақсаты
- Ұлы Жеңістің 68 жылдығын атап өту.
- Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегін еске алу.
- Соғыста ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың ерлік істерін қастерлеп, рухын көтеру, үлгі-өнеге тұту.
Түрі
«Айтуға оңай…» бағдарламасының желісі бойынша тыл ардагерлерімен кездесу.
Көрнекілігі
Тақырыптық презентация, шарлар, гүлдер.
Барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Өтетін орны: акт залы. «Кестелі орамал» әні ойнап тұрады.
- Келген ата-аналар мен қонақтарды қарсы алу.
- Сынып бойынша ата-аналардың қатысуын бақылау.
II. Кіріспе бөлім
Жібек Серікқызы: Соғыс деген сөзді естігенде, адамзат баласының жүрегі дір ете қалады. Неге? Өйткені соңғы 5 мың жыл ішінде ірілі-ұсақты 15 583 соғыс болған екен. 4 миллиард адам қаза тапқан. Осы уақыттың ішінде небәрі 295 жыл ғана соғыссыз, тыныш өткен.
Осынау жойқын соғыстардың ішіндегі ең ірісі — 72 мемлекет қатысқан Екінші дүниежүзілік соғыс. 110 миллион адам қолына қару алып, қанды шайқасқа кірді.
Шәрбат Амангелдіқызы: 1941–1945 жылдардағы соғысқа 35 миллион адам қатысты, соның ішінде 1,5 миллион қазақстандық болды. Бұл республика халқының 18–50 жас аралығындағы ересектерінің 80%-ын құрады.
Қазақстаннан аттанған 1 500 000 адамның 700 000-ы ғана, облысымыздан аттанған 40 000 азаматтың 20 000-ы ғана, ауданымыздан аттанған 4 929 адамның 2 932-сі ғана аман-есен елге оралды.
Шәрбат Амангелдіқызы:
Отан-ана жылағанда шерленіп,
Тапжылмастан шөгеді екен жерге бұлт.
Қара бұлтты қақ жарайық деді де,
Қолдарына қару алды ерленіп.
Бұл соғыс халқымызға төнген ауыр сын болды. Төрт жыл бойы, 1418 күн мен түн сұрапыл майдан үзілген жоқ.
Жібек Серікқызы:
Батыр ұл-қыз есімдері сақталады,
Жыр болып жүректерде жатталады.
Ғасырдан ғасырларға аңыз болып,
Ұрпағы мәңгі бақи мақтанады.
Сол жылдары 500-ден аса жерлесіміз, оның ішінде 96 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Солардың бірі — жерлесіміз Нұркен Әбдіров.
Ұлы Жеңіске тылдағы еңбек те өлшеусіз үлес қосты: апаларымыз бен аналарымыз, әкелеріміз уақытпен санаспай, ыстыққа күйіп, суыққа тоңа жүріп еңбек етті. Айтылатын дерек те бар: жауға атылған үш оқтың екеуі Қазақстанда жасалды.
III. Негізгі бөлім
Рыскелді Иманбекқызы: Соғыс жылдарындағы ауылдың тынысы (мұражай деректерімен толықтыру).
Жібек Серікқызы:
Соғыс жалмап аға-іні, бауырды,
Зар жылатты тыныш жатқан ауылды.
Бірақ біздер сіздердің арқаларыңызда,
Көрген жоқпыз сол бір қырғын дауылды.
Жалғызынан айырыпты ананы,
Әкесінен айырыпты баланы,
Бірақ біздер сіздердің арқаларыңызда,
Көрген жоқпыз қайғы жұтқан даланы.
Қан майданға шығарып сап ардағын,
Қыз-келіншек түсірмепті салмағын.
Тыл ардагерлеріне арналған сауалдар
- 1 Сұрапыл соғыс жылдарындағы ауылдың тұрмыс-тіршілігіне қысқаша тоқталып өтсеңіздер.
- 2 Соғыс жылдарындағы еңбек түрлерін атап өтсеңіздер.
- 3 Қаралы қағаз келгендегі ауылдың жағдайы қандай болды?
- 4 Сол кездегі ауылда басқарма кім еді? Басқарманың іс-әрекеті туралы қысқаша түсінік берсеңіздер.
- 5 Ең алғаш соғыс уақытында елге оралған жауынгерлер кімдер еді? Естеріңізде бар ма?
-
6
Соғыстың құны сіздерше не?
Соғыстың құны — кесілген білек.
Соғыстың құны — тесілген жүрек.
Соғыстың құны — лаулаған орман.
Соғыстың құны — уланған арман.
Соғыстың құны — өртенген аспан.
Соғыстың құны — төгілген жас қан… - 7 «Жеңіс» деген сөзді қандай жағдайда естідіңіздер? Сол уақыттағы көңіл-күйлеріңіз қандай болды?
- 8 Соғыс уақытында оқу-білім мәселесі қандай болды? Ұстаздар кімдер еді?
- 9 Бейбіт өмірдегі жас жеткіншектердің патриоттық, отансүйгіштік қасиеттеріне көңілдеріңіз тола ма?
Оқушылар тілегі
Меруерт Құсайынқызы:
Жас ұланбыз жаны жарқын,
Қайрат-күші құрыш мығым.
Тамылжыған жаны алтын,
Қорғаймыз ел тыныштығын.
Желбіреген жалауымыз,
Ұлы Отанның ұланымыз.
Бейбітшілік — қалауымыз,
Асқақтаған жыр-әніміз!
Дильназ:
Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін,
Оқ борап, снарядтар қаққанда ызың,
Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған,
Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын.
Рәсіл:
Жеңіс келді далама,
Жеңіс келді қалама,
Жеңіс келді әке боп,
Елдегі бар балаға.
Жеңіс келді ән болып,
Келді ауылға сән-көрік,
Жеңіс келді, алақай,
Тойып жейтін нан болып.
Ән: «Ақ көгершін»
Орындайтын: Сарсекеева Құндыз
Қонақ кәде
Бүгінгі кешімізге арнайы шақырылған қонақтарымыз да бар. Ауылымыздың мәйегі — кітапхана. Тақырыпты жалғастырып, өз ойларымен бөлісу үшін кітапханашы апайларымызды ортаға шақырамыз.
Көрермендер сауалы
Тыңдарман қауымның ішінен сауал қойып, тілек айтамын деушілерді ортаға шақырамыз.
Отан-ана (Назерке), зарлы үнмен:
Жиырма миллион солдаттар жоқ тізімде,
Жиырма миллион жұлдыз жоқ көк жүзінде.
Олар қалды Сталинград биігінде,
Курск иінінде!
Жиырма миллион бастарын тікті өлімге,
Олар қалды теңіздің түптерінде.
Алтын ошақ көре алмай мекендерін,
Олар қалды жерінде шет елдердің.
Олар қалды Освенцим түрмесінде,
Олар қалды Берлиннің іргесінде.
Жұтты соғыс оларды отты тілмен,
Жапты соғыс жүздерін көк түтінмен.
Жиырма миллион — Отанның солдаттары,
Анттай бізге қасиетті болды аттары.
Ескерткішке батыр қыз, нар жігітке,
Жиырма миллион от жақтық мәңгілікке!
IV. Қорытынды
Қымбат Сапарғалиқызы: Жиырма миллион азаматтың ерлігіне тағзым етіп, құран бағыштасақ.
Содан бері 68 бейбіт жыл артта қалды. Жеңіске қарумен, қаһармандықпен үлес қосқан майдангерлерді еске алып, оны жанқиярлық еңбегімен жақындатқан тыл ардагерлеріне айрықша құрмет көрсетеміз.
Құрметті тыл ардагерлері, сіздерді Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Мықты денсаулық, молшылық пен бақыт, отбасыларыңызға береке тілейміз.
Жібек Серікқызы:
Жас ұрпақ асыр салып, ерлікті ән қылып шырқайды.
Небір заңғар таулар құлазып шөксе де,
Ерлердің бейнесі мәңгі жасайды.
Мамай қорғанындағы ескерткіш ансамбліндегі мрамор тақтаға жазылған өсиет сөзбен кездесуімізді аяқтаймыз:
Соғыста құрбан болғандардың жете алмаған жеріне сен жетесің!
Жер бетінде баянды бейбітшілік орнату — тірі адам, сенің борышың!
Саған қалған үлес — осыны өтеу: адамгершілік парыздан құтылу,
Отан міндетін, ана сүтін ақтау.
Естелік ретінде «орамал — тон болмайды, жол болады» деген салтпен апаларымызға көйлек кигізіп, аталарымызға тәтті кәмпит қораптарын тарту етеміз. Сонымен бірге ескерткіш жанында естелік фотоға түсеміз.