Көшбасшы деген кім

Коучинг тақырыбы: Мұғалім мансабы — кәсібилік және көшбасшылық

«Күшті ұлт болу үшін алдымен ішкі бірлік, ұйымшылдық пен татулық қажет. Ал сондай ұлтты алға жетелейтін білімді, патриот, еңбекқор, өз салт-дәстүрін, мәдениетін, тілін, дінін, ділін құрметтейтін азамат — нағыз көшбасшы болуға лайық».

— Н. Ә. Назарбаев

Мақсаты

Оқуға бағытталған көшбасшылық пен басқару идеясы туралы мұғалімдердің көзқарасын қалыптастыру, түсінігін кеңейту және тәжірибеде мұғалім көшбасшылығы ұғымының маңызын ашу. Сонымен қатар көшбасшылық қызметіндегі кедергілерді жою жолдарын анықтау және кәсіби ақпарат алмасуды ұйымдастыру.

Оқыту нәтижелері

Топтық жұмыс барысында мұғалімдер әріптестерімен педагогтың маңызды кәсіби қасиеттерінің бірі — көшбасшылық туралы ақпарат алмасады, оқытушы көшбасшылығы жөніндегі түсінігін қалыптастырады және өз тәжірибесімен бөліседі.

Топқа бөлу

Қатысушылар әртүрлі жемістер арқылы топтарға бөлінеді.

Топ ережелері

  • Уақытты тиімді пайдалану.
  • Тыныштық сақтау.
  • Сөзді бөлмеу.
  • Кезектесіп сөйлеу.
  • Әр топ өз топбасшысын сайлау.

Тапсырма түрлері және қолданылатын тәсілдер

Тапсырмаларды орындау барысында постер жасау, пікірлесу және ой бөлісу тәсілдері қолданылады.

Коучингтің жүру барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Қатысушыларды қарсы алу, мақсатпен таныстыру, жұмыс форматын нақтылау.

II. Сергіту сәті

«Қызыл өрік» биі арқылы сергіту және қатысушыларды топтарға орналастыру.

III. Бейнебаян талдауы

Көрсетілім

Құмырсқаның әрекеті туралы бейнебаян көрсетіледі.

Талқылау сұрақтары

  • Бейнебаяннан нені байқадыңыздар?
  • Бүгінгі коучингте қандай тақырып қарастырылуы мүмкін деп ойлайсыздар?

Әр топ өз ойын ортаға салады.

IV. Тақырыптың маңызын ашу (постер қорғау)

Қатысушылар тақырыпты тереңірек талдау үшін арнайы сауалдарды таңдап, топ ішінде талқылайды. Әр топ постер дайындап, ортада қорғайды. Әр топтың басшысы сұрақты таңдап алады.

Сұрақтар

  1. 1. Көшбасшы деген кім?
  2. 2. Көшбасшы болу үшін қандай қасиеттерге ие болуы керек?
  3. 3. Көшбасшылық мұғалімге қаншалықты қажет және маңызы қандай?
  4. 4. Алдымен көшбасшының тұлғалық қасиеттерін, содан соң оқытушының кәсіби қасиеттерін ретімен жазыңыз.
  5. 5. Өзіңізді ұжымыңызда көшбасшымын деп сезінесіз бе?
  6. 6. Егер сіз көшбасшы оқытушы болсаңыз, мұғалім мансабын қалай көтерер едіңіз?
  7. 7. Мұғалім ұжымындағы көшбасшылық іс-әрекетінде кездесетін қандай кедергілер бар?
  8. 8. «Педагогтың маңызды кәсіби қасиеттерінің бірі — көшбасшылық қабілет» дегенді қалай түсінесіздер?
  9. 9. Оқу-тәрбие үдерісін жақсарту үшін көшбасшы ретінде қандай ұсыныс айтар едіңіз?
  10. 10. Көшбасшы ретінде мұғалім мәртебесін көтеру үшін не істер едіңіз?
  11. 11. «Көшбасшы оқытушыға ұжым тарапынан қолдау қажет» деген пікірге қалай қарайсыз?
  12. 12. Көшбасшы оқытушыға өз тарапыңыздан қандай көмек көрсетер едіңіз?

Түйін: көшбасшы ұғымын нақтылау

Анықтама

Көшбасшы (ағылш. leader — «басқарушы») — формальды және формальды емес ұйымдарда бір адамның басқа адамға немесе топқа ықпал етуі арқылы басқарудың көрінісі.

Көшбасшы тұлға

Көшбасшы — жол таба білетін, өзгеге бағыт көрсете алатын, өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінетін, қиындыққа төзімді тұлға.

Көшбасшы оқытушының бейнесі

Идеялар генераторы

Жаңа бастамалар ұсынып, оқу сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Шебер ұйымдастырушы

Әріптестерін белсенді жұмысқа тартып, сендіре алады.

Мақсатқа бағыттаушы

Ортақ мақсатқа жұмылдырып, нәтижеге жетуге жетелейді.

Көшбасшылық — адам бойында кездесетін ерекше қасиет. Ол әр тұлғада біркелкі қалыптаспайды, өйткені әркімнің даму ерекшелігі әртүрлі.

Біздің ғасыр — жаңа технологиялар дәуірі ғана емес, сонымен бірге өзін-өзі тану мен ішкі әлеуетті дамыту дәуірі. Заман секунд сайын өзгергендіктен, нәтижелі әрі бақытты өмір үшін адам өмір бойы дағдыларды меңгеріп, талапқа сай көшбасшы болуға ұмтылуы керек.

Негізгі ой

Көшбасшылық — талант. Оны дамытпасаң, ол әлсірейді.

Көшбасшы және басшы: айырмашылығы

  • Басшы

    Жұмысты тапсырады және орындалуына жауап береді; нәтижені реттеп қабылдайды.

  • Көшбасшы оқытушы

    Адамдарды жігерлендіреді, болашақты көре отырып, ортақ мақсатқа бағыттайды.

Көшбасшы оқытушының кодексі

  • Өзіңнен жоғарыдағыларға қарапайым бол, бірақ өзіңді төмендетпе.
  • Өзіңмен теңдестерге қысқа бол, бірақ әрдайым сыйластық сақта.
  • Өзіңнен төмендерге мейірім танытып, достық қарым-қатынаста бол.

Көшбасшыға тән негізгі қасиеттер

Табандылық Тәуекелге бару Ақыл Жылдамдық Жақсы мінез

Көшбасшы оқытушы болу үшін кәсіби дамуға және жұмыстағы ынта-жігерге тұрақты көңіл бөлу маңызды.