Ғұлама Шәкәрім және оның ұрпақтарының қилы тағдыры

Шәкәрім Құдайбердіұлы және ұрпақ тағдырына қатысты ғылыми ізденіс

Тобықты руының зерделі қызы, Шәкәрім Құдайбердіұлының шөпшегі саналатын Эльмира Назарқызымен бірлескен ғылыми ізденіс барысында біз Ұлы тұлғаның көп айтыла бермейтін өмір қырларына және оның ұрпақтарының қилы тағдырына қатысты деректерге көз жеткіздік. Сол нәтижелерді оқырман қауымға ұсынуды жөн санадық.

Ұлы Дала және рухани сабақтастық

Географиялық рельефіне қарай Ұлы Дала атанған ұсақ шоқылы Сарыарқалы кең жазықта Ақ Орда мұрагері қазақ елі өзіндік тілімен, ғұрпы мен салт-дәстүрімен, фольклоры және әдебиетімен дараланады. Дегенмен терең зерделеген жанға бұл құндылықтардың әлемдік мәдениетпен сабақтасып жатқанын аңғару қиын емес.

Қазақ шежіресі мен мақал-мәтелдері, фольклоры — ғаламдық диалектикалық ойлау жүйесінің Азия кеңістігіндегі, соның ішінде қазақ ұлтына ғана тән ой-толғау табиғатын айқын танытатын рухани қор.

Тарих куәландыратын тұлғалық сабақтастық

Ұлы Даланың тарихи атауы әлемді тітіренткен Мөде мен Еділ тәңірқұттарынан бастап, Шыңғыс хан, Әмір Темір, қазақ мемлекеттігін нығайтқан Жәнібек, Керей, Қасым, Бұрындық, Есім, Абылай хандарға, сондай-ақ Төле, Қазыбек, Әйтеке билер секілді алыптарға дейін жалғасқан рухани-тарихи арнамен айқындалады.

Алаш-Орда тарихымен де сабақтас Семей өңірінің әлемге танылуы — осы топырақта туған Абай, Шәкәрім, Мұхтар секілді кемеңгерлер есімімен тікелей байланысты.

Шәкәрім тағдыры: әділет пен ардың жолы

Әр тұлғаның тағдыры әрқилы. Шәкәрім Құдайбердіұлының өмір жолынан дауылға қарсы тұрған бәйтеректей иілмеген қайсарлықты көреміз: ол халқының намысы мен ар-ождан жолында құрбандыққа барған азамат.

Тәрбиенің бастау көзі

Әкеден жастай жетім қалған Шәкәрімді (1858–1931) жетімдіктің тауқыметіне ұрындырмай, зеректігін аңғарған атасы Құнанбай қажы оны ұлы Абайдың тәрбиесіне береді. Осы орта болашақ ғұламаның дүниетанымын қалыптастырған рухани мектепке айналды.

Ел ісіндегі жауапкершілік

«Ат тұяғын тай басар» дегендей, жасы жиырға да тола қоймаған шағында Шәкәрім ел басқару ісіне араласып, бір сайлауда болыс болып сайланады. Ол «тура биде туған жоқ» қағидасын ұстанып, Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысын» және Әнет бабаның ұлағатын жадына тұтып, әділдіктен айнымауға тырысты.

Әділет ұстанымы — сөзбен де, іспен де

Оның азаматтық ұстанымы мына сөздерінен аңғарылады:

«Мен ұлтшыл емеспін, жақыным мынау демеспін.»

Сондай-ақ қызы Гүллар әкесін жоқтап айтқан сөздерінен де әділетке жақындығы көрінеді:

«Алаламай адамды, тең көрді алыс-жақынды.»

Қоғамда ақиқат пен жалғандық, қулық пен сұмдық қатар жүретінін, халықтың ауыр әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тез өзгермейтінін терең түсінген жас болыс келесі сайлауда дауысқа түсуінен бас тартады. Жеке күреспен заманды бірден өзгерте алмайтынын сезінген бұл шешім — оның шыншыл болмысын танытады.

Қажылық, тіл білімі және әлемдік кітапханалар

ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында Шәкәрім атасы Құнанбайдың жолын ұстанып, Меккеге барып, қажы атанып қайтады. Жолай және кейінгі кезеңде ол орыс, араб, парсы, түрік тілдерін еркін меңгеріп, Еуропа мен Азия елдерінің ірі кітапханаларында білімін тереңдетеді.

Ғұлама еңбектерінің тууы

  • «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» — тарихи ойлау мен дерекке сүйенген іргелі еңбек.
  • «Үш анық» — философиялық пайымға құрылған терең толғаныс.
  • «Мұсылмандық шарты» — діни-этикалық мәселелерді жүйелеген еңбек.

Қажының қазақ шежіресіне қатысты еңбегі — жазбаға түскен алғашқы басылымдардың бірі ретінде бағаланады.

Әдеби мұра: Абай дәстүрі және әлемдік кеңістік

Шәкәрім әдебиеттегі шығармашылық қырынан Ұлы Абайдың реалистік дәстүрін жалғастырып, өлеңнің ішкі құрылымын терең меңгерген, эпикалық жанрды кең тыныспен игерген ойшыл ақын ретінде танылады. Оның поэмалары мен философиялық, әлеуметтік лирикасы идеялық-көркемдік деңгейі тұрғысынан әлемдік классиктермен иықтас.

Эпикалық поэмалар

«Қалқаман–Мамыр», «Еңілік–Кебек» — ұлттық болмысты трагедиялық тартыс арқылы танытқан ірі туындылар.

Терең ойлы лирика

Философиялық және әлеуметтік өлеңдері — адам, қоғам, ар-ұждан туралы танымдық ойдың биік үлгісі.

Аударма мектебі

Лев Толстой мен А. С. Пушкин мұрасын зерделеп, бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударып, ұлттық әдеби көкжиекті кеңейтті.

Еуропада қалыптасқан «жабайы номадтар» туралы үстірт көзқарасты теріске шығаратын құбылыс ретінде Абай, Шәкәрім, Мұхтар еңбектерін әлемдік әдеби орта әлі күнге жоғары бағалайды. Зерттеушілер Шәкәрім мұрасында негізсіз догмашылдық пен жаттанды схоластикаға орын жоқ екеніне айрықша назар аударады.

Қайсар ақынның қасіретті соңы

Шәкәрім Құдайбердіұлы — демократиялық көзқарасты, жаһан таныған ғұлама; қазақ руханиятының көгіне шыққан жарық жұлдыз. Ол — ел қамын жанынан артық қойған, алған бетінен қайтпайтын, жазықсыз жапа шегіп, саясат құрбандығына ұшыраған қайсар ақын.

Қалам мен қағаз — оның өмірлік серігі болды. Халқына сөз құдіретін танытқан жүрек қағысын жендет оғы ғана тоқтатты.

Халық жадындағы қаралы белгі

Көнекөз қариялардың айтуынша, дана қарттың оққа ұшқанын ел дер кезінде естімей, көз жасын төге алмаған. Алайда сол күні Шыңғыстау басына қаралы қара бұлт үйіріліп, күркіреп, жаңбыр себелеп, табиғаттың өзі дүниенің опасыздығына және данышпанның жазықсыз шейіт болғанына күңіренгендей болған деседі.