Етістіктің шақтары. Келер шақ

Сабақтың мақсаты

Білімділік

Етістік туралы білімді кеңейту. Етістіктің өткен, осы және келер шақ түрлерімен таныстыру.

Дамытушылық

Танымдық қабілеттерін, сөйлеу тілін, сөздік қорын және шығармашылық қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік

Ұйымшылдыққа, мейірімділікке, кішіпейілдікке тәрбиелеу.

І. Ұйымдастыру кезеңі

Сабақ басында оқушылармен амандасып, психологиялық дайындық жасалады. Тілді жаттықтыру үшін қысқа сұрақтарға жауап беріледі:

  • Бүгін қай күн?
  • Қазір қандай сабақ?
  • Біз қай тілде сөйлейміз?
  • Бүгінгі күн қандай?
  • Қазір көңіл-күйіміз қалай?

Хормен айтылатын шағын мәтін

Мұғалім: Әрбір адам?

Балалар: Туысым, досым.

Мұғалім: Әрбір сабақ?

Балалар: Үйрену, ұғу.

Мұғалім: Әрбір ісің?

Балалар: Тірлік, тірек, адамдық.

Мұғалім: Әрбір сөзің?

Балалар: Шындық, бірлік, адалдық.

Оқушылар сабаққа жақсы көңіл-күймен кірісіп, әр тапсырманы мұқият орындауға бағытталады.

Үй тапсырмасын тексеру

«Үй тапсырмасына не берілді?» деген сұрақ арқылы өткен тақырып бойынша қысқаша қайталау ұйымдастырылады.

ІІ. Жаңа сабақ: етістіктің шақтары

Кіріспе сұрақтар

Жылдың қай мезгілі? Қыс.

Қыста ауа райы қалай өзгереді? Күн суытады, қар жауады, боран соғады, қырау түседі, аяз шымшылайды, су қатады.

Бұл сөздер заттың нені білдіреді? Қимылын.

Заттың қимылын білдіретін сөз табы? Етістік.

«Шақ» ұғымын нақтылау

«Шақ» сөзі екі мағынада қолданылуы мүмкін:

  • Мезгіл, кезең: «Бақытты балалық шақ».
  • Қимыл (етістік мағынасы емес): «Өріктің сүйегін шақ».

Бүгінгі сабақта «шақ» ұғымы іс-әрекеттің қай мезгілде орындалғанын білдіреді.

Ереже

Етістіктер іс-әрекеттің жүзеге асу мезгілін білдіреді. Етістіктің үш шағы болады: осы шақ, өткен шақ, келер шақ.

Слайдпен жұмыс (суреттер арқылы түсіндіру)

  • Осы шақ

    Іс-әрекет дәл қазір болып жатыр.

  • Өткен шақ

    Іс-әрекет болып кетті, аяқталды.

  • Келер шақ

    Іс-әрекет әлі болған жоқ, болашақта жүзеге асады.

Дәптермен жұмыс

Дәптерге күнін жазу: 8 ақпан. Сынып жұмысы. Тақырып: Етістіктің шақтары.

Оқулықпен жұмыс

1-жаттығу (жазбаша)

Сөйлемдерді үш топқа бөліп көшіріп жазу: өткен шақ, осы шақ, келер шақ. Етістіктердің астын сызу.

Өткен шақ

  1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері 1992 жылы қабылданды.
  2. Төле би бала кезінен шешендігімен елге танылды.

Келер шақ

  1. Кешке теледидардан ақпарат хабарын тыңдаймын.
  2. Біз Астанаға қолөнер бұйымдарының көрмесіне барамыз.
  3. Ата-бабалардың өсиеті ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып қалады.

Осы шақ

  1. Марат ақын М. Мақатаевтың өлеңдер жинағын оқып отыр.
  2. Сахнада «Айгүл» би ансамблі өнер көрсетіп жатыр.
  3. Шетелде тұратын қазақтар атамекеніне оралып жатыр.

Қорытынды ереже

  • Осы шақ — іс-әрекет қазіргі уақытта орындалады.
  • Келер шақ — іс-әрекет әлі орындалмаған, болашақта орындалады.
  • Өткен шақ — іс-әрекет бұрын орындалып қойған.

Топпен жұмыс және белсенді тапсырмалар

Топқа бөлу

Оқушылар таңдаған белгі арқылы топтарға бөлінеді: қар, күн, бұлт.

  • Қар — осы шақ
  • Күн — келер шақ
  • Бұлт — өткен шақ

2-жаттығу (ауызша)

Қима қағаздағы сөйлемдерден етістіктерді тауып, астын сызу және қай шақта тұрғанын анықтау. Әр топ жауап береді.

Сергіту сәті

Біз өнерлі баламыз. (өзін көрсетеді)

Шырқатып ән саламыз. (екі қолды жанына созады)

Би билейміз бұралып, (би қимылын көрсетеді)

Доспыз, тату боламыз. (бәрі қол ұстасып, жоғары көтереді)

3-жаттығу

Үлгі бойынша етістіктерді үш шақта (осы, өткен, келер) жазу. Сөздер: сал, кел, бар, ал, жат, биле, секір, ойна. Қалған оқушылар осы сөздерді қатыстырып сөйлем құрайды.

4-жаттығу

Мақал-мәтелдерді оқып, мағынасын түсіндіру. Мақал-мәтелдегі етістіктердің қай мезгілдегі әрекетті білдіретінін анықтау.

ІІІ. Қорытынды

Қайталау сұрақтары

  • Етістіктің шағы дегеніміз не?
  • Етістіктің неше шағы бар?
  • Осы шақ іс-әрекеттің қай мезгілде болып жатқанын білдіреді?
  • Өткен шақ пен келер шақ туралы не айтуға болады?

Семантикалық кесте (толтыруға арналған)

Мысалдар Осы шақ Келер шақ Өткен шақ
1 Ол жазды
2 Сіз жазып отырсыз
3 Сұрақ қиын болды
4 Ол сонда оқымаған
5 Қар жауып тұр
6 Қыс суық болды
7 Ол келе жатыр
8 Кітап оқып отырмын

Кестені толтырғанда әр сөйлемдегі етістіктің шақ белгісіне сүйеніңдер.

«Жүректен жүрекке»

Сабақ соңында оқушылар бір-біріне және қонақтарға ізгі тілектер айтады:

Татулық

Мен сыныптас достарыма татулық тілеймін.

Бірлік

Мен сыныптас достарыма бірлік тілеймін.

Табыс

Келген қонақтарға табыс тілеймін!

IV–V. Үй тапсырмасы және бағалау

Үйге тапсырма

Ережені жаттау: «Етістіктің шақтары».

Бағалау

Оқушылардың жауап беру белсенділігіне, тапсырмаларды орындау сапасына және топтық жұмысқа қатысуына қарай бағалау жүргізіледі.