Әділ қазылар алқасының сөзі

Тақырып

Тәуелсіздік — елімнің ерлік жолы

Сабақтың мақсаты

  • 1

    Білімділік: оқушылардың мемлекеттік рәміздер (Ту, Елтаңба, Әнұран) туралы білімін жан-жақты саралап, олардың маңызын ұғындыру; рәміздерді ерекше құрметтеп, мақтан тұту қажеттігін түсіндіру.

  • 2

    Тәрбиелік: отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, өз еліңді, тегіңді, тарихыңды қадірлеуге тәрбиелеу.

  • 3

    Дамытушылық: ой-өрісті, танымдық қабілетті дамыту; оқушыны тұлға ретінде қалыптастыруға ықпал ету.

Көрнекіліктер

Рәміз авторларының фотосуреттері, мемлекеттік рәміздердің бейнелері, таңба-белгілер, сайыс кезеңдері жазылған плакаттар және қосымша материалдар.

Сабақ түрі

Сайыс сабақ.

Сабақтың барысы

Рәсімдік бастау

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады.

Кіріспе

Қазақстан халқы 1 желтоқсанда еліміз үшін елеулі оқиғаны — Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Бұл мерекенің негізі 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен тығыз байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, елдің болашағына бағыт-бағдар берген тұлғаның еңбегі халық алдында айрықша бағаланады.

Жүргізушілер сөзі

1-жүргізуші (Қасымхан)

Кіріспе сөз

Қазақ елі — ұлан-байтақ. Аңыздарда бір қиырынан екінші қиырына дейін ұшқан құстың қанаты талып, жортқан аңның тұяғы шағылған деп суреттеледі. Айтса айтқандай, батыстан шығысқа дейін 3000 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке дейін 1600 шақырымға созылған, жалпы аумағы 2 717,3 мың шаршы шақырым алып аймақ — мақтануға әбден лайық кеңістік.

2-жүргізуші (Айкен)

Мемлекеттік рәміздер

Осындай кең-байтақ жерге ие жас, егеменді еліміздің өзге елдердегідей өз нышаны бар. Ол — желбіреген Туы мен айшықты Елтаңбасы, асқақтай шырқалған Әнұраны. Еркіндікке ұмтылған әр ел өз даусымен сөйлеуді, өз үнімен жар салуды армандайды.

Конституциялық негіз

ҚР Конституциясы, 9-бап

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері — Туы, Елтаңбасы және Гимні.

ҚР Конституциясы, 34-бап, 2-тармақ

Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті.

Осыған орай 6-сынып оқушылары ұйымдастырған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер.

Сайыс форматы

Топтарға бөліну

Оқушылар 3 топқа бөлініп, өз білімдері мен өнерін сайыс түрінде ортаға салады:

1-топ

Ту

2-топ

Елтаңба

3-топ

Әнұран

Әділқазылар алқасы

Оқушылардың жұмысына баға беріп, әділ төрелік айтатын қазылар алқасы тағайындалады және таныстырылады.

Сайыс кезеңдері

  1. I

    «Сәлем — сөздің анасы»

  2. II

    «Менің алғашқы Президентім»

  3. III

    «Тарихы терең төлтаңбам»

  4. IV

    «Құлақтан кіріп, бойды алар»

Ой қозғау

Сайыс басталмас бұрын көрермендерге сұрақ қойылады: «Рәміз дегенді қалай түсінесіңдер? Рәмізге нелер жатады?» Оқушылар мен ұстаздар пікір білдіреді.

Топтастыру (ұғымдар картасы)

Конституция Астана Ту Әнұран Елтаңба Президент

I кезең: «Сәлем — сөздің анасы»

«Кез келген мемлекет өз Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты, Туымен тұғырлы» деген ұғымды негізге ала отырып, «Ту», «Елтаңба», «Әнұран» топтары сәлемдесіп, таныстыруларын ұсынады.

Нәтиже

I кезең бойынша жинаған ұпайлар хабарланады.

II кезең: «Менің алғашқы Президентім»

Өлең жолдары

Талапты бала — талпынған құстай,
Құмары қанбас — аспанға ұшпай.

Осы кезеңде оқушылар шығармаларын оқып, білімдерін көрсетеді.

Нәтиже

II кезең бойынша жинаған ұпайлар хабарланады.

Музыкалық номер

«Елім менің» әнін С. Бақтығали орындайды.

Көркем сөз (рәміздер туралы)

Бәрі болған қазақ сынды көне елде,
Ел белгі де, ерлік, өрлік, өнер де.
Жаһандағы ең жауынгер халықта
Кім сенеді Ту болмады дегенге?

Бас білгізіп жер тарпыған тарпаңға,
Жасы тұрмақ шығады екен қарты аңға.
Қалай оның Елтаңбасы болмайды,
Түлігіне дейін салса ен-таңба?!

Батырлыққа уызынан жарыған,
Ер түркісін байрағынан таныған.
Өзі ақын, өзі әнші халықта,
Кім айта алар болмаған деп Әнұран?!

Енді бүгін өлген туым тірілді,
Әнұраным алға бастап ғұмырды.
Босағада қалып келген Елтаңбам
Баяғыша төріме кеп ілінді.

Көркем сөз: Тәуелсіздік туралы.

III кезең: «Тарихы терең төлтаңбам»

Бұл кезеңде оқушылар Ту, Елтаңба, Әнұранның тарихына тоқталып, мазмұнды деректермен бөліседі.

Ту тарихы

Тудың көк түсті болуы — бүкіл дүниеге ортақ көкжиек пен аспан әлемін білдіреді. Жер шары ұлттарға, мемлекеттерге бөлінгенімен, аспан ешқашан бөлінбейді. Күн де — барша тіршілікке ортақ. Қазақ халқы қыранды қастерлі құсқа балайды: бұл — егемен елдің қырандай биікке самғап, ғұмыры ұзақ болсын деген ізгі ниет. Тудағы ұлттық ою-өрнек қазақтың танымын, болмысын танытады.

Елтаңба тарихы

Тарихи деректерде Шыңғысхан әр рудың қолбасшы бектерін бір-бірінен оңай ажырату үшін әскери ат-ұран, құс аты, ағаш аты және таңба-белгілер бергені айтылады. Ұлы жүз үйсіндердің қолбасшысы Майқы биге: «Бүгіннен бастап сенің ұран белгің — салауат, бүркіт, қара ағаш, таңбаң — сүргі болады», — деген мазмұндағы мәліметтер кездеседі.

Әнұран тарихы

2006 жылы 7 қаңтарда халық жадында орныққан Шәмші Қалдаяқовтың әуені мен Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған «Менің Қазақстаным» мемлекеттік Әнұран ретінде бекітілді. Ол алғаш рет ел Президентін ұлықтау рәсімі кезінде орындалды.

Нәтиже

III кезең бойынша жинаған ұпайлар хабарланады.

Оқушы пікірі

Қазақстан туы халықаралық жиындар мен басқосуларда, сондай-ақ Республика Президентінің шетелге шыққан сапарында көтерілген сайын, мені «Бұл — қазақ халқының Туы» деген мақтаныш сезімі билейді.

IV кезең: «Құлақтан кіріп, бойды алар»

Көк аспандай тулардың
Желбірейтін күні — бұл!
Елім деген ұлдардың
Елжірейтін күні — бұл!

Бұл кезеңде үш топ ән сайысына түсіп, өнер көрсетеді.

Нәтиже

IV кезең бойынша жинаған ұпайлар хабарланады.

Қорытынды

Түйін

Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу — әрбір қазақстандық азаматтың парызы. Әсіресе ел ертеңі — жас ұрпақ үшін бұл әрі үлкен мақтаныш, әрі жауапкершілік.

Жеңімпаздарды анықтау және қорытынды сөз әділқазылар алқасына беріледі.

1-топ: «Ту»

Өзіңдікі туың да,
От пен ауа, суың да.
Жаса, Қазақстаным,
Белді бекем буын да!

2-топ: «Елтаңба»

Елтаңбасы елімнің
Неткен көркем, әдемі.
Тұнығындай көңілдің
Ортада аспан әлемі.

3-топ: «Әнұран»

Әнұраным — жан ұраным,
Айтар әнім, сөйлер сөзім.
Туған жерім — сағынарым,
Мәңгі бақи шырқалады
Республика Әнұраны.

Сабақты аяқтау

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалады. Сабақ қорытындыланады.