Кітап заманымыздың өмірі
Кітап – білім бұлағы
Бұл ашық тәрбие сағатының негізгі мақсаты — оқушыларды кітапты сүюге, оны үзбей оқуға және таза ұстауға тәрбиелеу. Сонымен бірге кітаптың пайда болуы мен қалыптасу тарихы туралы түсінігін кеңейтіп, білімге деген құштарлығын ояту, кітаптың адам өміріндегі ерекше маңызды рөлін ұғындыру, кітапқа деген қызығушылықты арттыру көзделеді.
Сондай-ақ ақын-жазушылар жайлы кеңірек мағлұмат алуға ықпал ету, оқушылардың ой-өрісін дамыту — сабақтың басты бағыттарының бірі.
Сабақтың барысы
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Кітап – білім бұлағы» атты ашық тәрбие сағатымызға қош келдіңіздер!
«Кітап — ғылым, тілсіз мұғалім» деп бекер айтылмаған. Бүгінгі сабағымыз білімді, өнерлі болуға жетелейтін, талай ғажайып істердің сырын ашуға көмектесетін ақыл-ой қазынасы — кітапқа арналады.
«Кітап — алма ағашы,
Жемісін біздер теретін.
Тәтті алмаға балашы,
Кітабыңның әр бетін…»— Мұзафар Әлімбаев
Әдеби кітаптар мен оқулықтар — білімнің көзі, рухани қазына. Біз кітап арқылы бастауыш сыныптан-ақ бүкіл адамзат өмірімен танысамыз.
Оқушылардың жыр жолдары
1-оқушы
Ғылым сырын білсем деп,
Көкте күн боп күлсем деп,
Кітап оқыр әр бөбек.
2-оқушы
Елімізде атақты
Ғалым ата не тапты —
Бәрін, бәрін білесің,
Оқи берсең кітапты.
Білім алар көп адам,
Жақсы нәрсе жоқ одан.
Қызыға кеп оқимын,
Кітап көрсем жаңадан.
Кітап маған ұнады,
Кітап — білім бұлағы.
Кітап — адамның ең жақын серігі
Кітап — заманымыздың тынысы. Ол кәріге де, жасқа да қажет. Біз кітаппен күн сайын қауышамыз: ол адамның дүниетанымын кеңейтеді, рухани әлемін оятады, ертегі мен әңгіме арқылы сыр шертіп, ойға жетелейді.
Ендеше, балалар, ортамызға кітапты шақырайық.
Кітаптың сөзі
Балалар, мен — білім көзі, кітаппын. Мені жасау үшін адам баласы көп еңбек сіңіреді. Әуелі орманнан ағаш кесіледі, ол фабрикаға жеткізіледі. Фабрика ағаштан қағаз шығарады. Содан кейін авторлар жазады, суретшілер сурет салады. Баспахана жазу мен суретті басып шығарып, кітапты оқырманға жолдайды.
Кітап, ендеше, сен бүгін бізге қонақ болып, балалардың өнерін тамашалап қайт.
3-оқушының толғауы
Адамның досы — кітап, өмір кілті,
Тең келмес оған жиған мүлкі.
Ақылшы — жанға серік, жол бастаушы,
Ақыл-ой қазынасы — өмір көркі.
Тұрады басып құрған әріп неден?
Басталған білім басы — әліппеден.
Қарасаң — шалқар теңіз, түпсіз мұхит,
Оқысаң, кітап сырын ашар терең.
Қорытынды ой
Қазақстан азаматтары білімді, мәдениетті әрі өнерлі болуы керек. Ол үшін терең білім алып, ғылыми жаңалықтарға ұмтылып, өткен тарихымыз бен өнерімізді танып-білуге кітаппен үздіксіз еңбек ету қажет.
Алдарыңызда — оқушы мен кітап айтысы.