Жиб - Жица күресі мәтінінің бірінші бөлігін оқыту
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Пән
Әдебиеттік оқу
Тақырып
Қ. Әбдіқадыров — «Жиб-Жица күресі» (Қажымұқан туралы)
Негізгі идея
Мәтін арқылы адам бойындағы мінез-құлық қасиеттерін тәрбиелеу.
Дереккөздер
- «Қажымұқан» кітабы
- Көрнекі материалдар: флипчарттар, слайд
Сабақтың мақсаттары мен күтілетін нәтижелер
Жалпы мақсат
- Мәтінді түсініп оқып, мазмұнын терең ұғыну.
- Шығарманың жанрлық сипатын анықтауға дағдылану.
- Әдеби-теориялық ұғымдарды меңгере отырып, оқиға шиеленісі туралы түсінікті кеңейту.
Оқу нәтижелері
- Оқушылар мәтінді түсініп оқиды және мазмұнын жүйелі жеткізеді.
- Жанрлық ерекшеліктерді ажыратып, дәлел келтіреді.
- Оқиғаның шиеленісу кезеңдерін танып, талдауға үйренеді.
Оқыту әдістері
Топтық жұмыс, бағыттап оқыту, болжау және талқылау.
Сабақ барысы
Психологиялық ахуал
- Ынтымақтастық атмосферасын қалыптастыру.
- Оқушыларды топтарға бөлу.
Үй тапсырмасын тексеру
Тест арқылы. Әр дұрыс жауап — 1 балл.
Материалдар
- Флипчарттар
- Қажымұқан туралы слайд
Тест сұрақтары (үй тапсырмасы)
1-сұрақ
Мәтіндегі оқиғалардың ретін көрсет:
- Ағашқа сүйеніп қатып қалған бала
- Қасымның әжесінен айырылуы
- Тау ішіндегі қорқыныш
- Иса мен Қадишадан көрген қорлығы
2-сұрақ
Қасым әжесінен айырылған кездегі жоқтау сөздерін жаз:
3-сұрақ
Неліктен Қасым Иса үйінде жетімдік көрді?
4-сұрақ
«Құлынымның бұғанасы қатқанша рахым ет. Сорлы қылып қақсатпа, зарлатпа, көрде мені күңірентпе!» деген әженің тілегінің мағынасы қандай?
5-сұрақ
Қасым Иса үйінде қандай қорлық көрді? Мысал келтір.
6-сұрақ
Тау ішіндегі қорқынышты суреттеп жаз.
7-сұрақ
Егер сен Қасымның орнында болсаң, не істер едің? Оның жағдайын жақсарту үшін қандай амал ұсынар едің?
Ой қозғау (топтық жұмыс)
I топ
Күрес өнері туралы не білесіңдер?
II топ
Қажымұқан туралы не айтасыңдар?
III топ
Қазіргі қазақ күресі туралы пікірлерің қандай?
Қажымұқанға арналған сипаттама
«Қалың бет, бура түсті, қара нардай,
Жұп-жұмыр жуан діңгек, бойшаң нардай.
Өзге жұрт ергежейлі ол келгенде,
Айбыны жолбарысқа болар пардай»
Мағынаны тану: бағыттап оқыту
I қадам
«Жиб-Жица күресі» мәтінінің бірінші бөлігін оқу. Оқиға ары қарай қалай өрбуі мүмкін екенін болжау.
II қадам
Екінші бөлікті оқу. Болжаулардың мәтінмен сәйкестігін талқылау және жаңа болжам жасау.
III қадам
Мәтінді аяқтау. Оқушылардың қызығушылығын сақтай отырып, қорытындыға келу.
Тақырыпқа тірек ақпарат
Анықтама
Жиб-Жица — жапон күресі. Бұл сайыста қатаң ереже болмайды: палуандар қарсыласын кез келген жерінен ұстап, күшіне қарай әдіс қолдануға тырысады.
Оқиға контексі
Саракики Харбин қаласында Қажымұқанмен күреседі. Уақыт өте келе Қажымұқан түрлі елдердегі атақты палуандармен белдесуге шақырылады.
«Жылысып жыл артынан жылдар өтіп,
Барғанда қырыққа жуық жасым жетіп.
Шақырады Жапония үкіметі,
Атақты палуандарды хабар етіп.
Он сегіз Ресейден палуан жүрдік,
Белсеніп күреспеске білек будық.
Маньчжурия қаласы Харбин екен,
Сауық пен салтанатты келіп көрдік.
Дейді екен бұл күресті “Жиб-Жица”,
“Сайыс” деген болады қазақша айтса.
Күресте өліп кетсе, құны болмас,
Үлкен олжа басы аман, тірі қалса.»
Ой толғаныс (талдау сұрақтары)
Түсіну және мазмұндау
- Мәтін кімдер туралы? Олардың арасында не болды?
- Оқиға қашан және қайда өтті?
- Мәтіннің мазмұнын қысқаша өз сөзіңмен баянда.
Талдау және салыстыру
- Саракики мен Қажымұқанды салыстыр.
- Мәтінді неше бөлікке бөлуге болады? Неліктен?
- Қажымұқанның ережесі белгісіз, ешкім сырын білмейтін күреске шығуына көзқарасыңды білдір.
Қазіргі өмірмен байланыстыру
- Бұл әңгімені қазіргі заманмен қалай байланыстырар едің?
Қорытынды бөлім
Үй тапсырмасы
«Қазақстан барысы — ел намысы» тақырыбында эссе жазу.
Рефлексия
- «Екі жұлдыз, бір тілек» әдісі.
- Топ басшыларының бағалауы.