Көз дәрігері
Сабақ туралы мәлімет
Бұл материал мектепке дейінгі ұйымдағы әлеуметтік орта бағытына арналған. Тақырыбы — «Аурухана» (сюжеттік-рөлдік ойын).
Білім саласы
Әлеуметтік орта
Тақырыбы
«Аурухана» (сюжеттік-рөлдік ойын)
Негізгі бағыт
Қарым-қатынас, тіл дамыту, өмірлік жағдайларды ойын арқылы меңгеру
Мақсаты
Дамытушылық
- Баланың сөз қорын, тіл байлығын дамыту.
- Көңіл күй сезімдерін, ой-қиялын және өзара жағымды қарым-қатынасты жетілдіру.
Тәрбиелік
- Ойын арқылы қоршаған өмір туралы білімін кеңейте отырып тәрбиелеу.
- Ақ халатты абзал жандардың игілікті еңбегіне сүйіспеншілік қалыптастыру.
- Дәрігердің сезімталдық, кішіпейілділік, қамқорлық сияқты қасиеттерін түсіндіру және бойына сіңіру.
Құрал-жабдықтар
Ақ халат, ойыншықтар, түрлі сюжеттегі плакаттар, медициналық ойыншық құрал-жабдықтар.
Алдын ала жұмыстар
Топ бөлмесі аурухана үлгісінде безендірілді: әр салаға арналған кабинеттер (тіс дәрігері, көз дәрігері және т.б.) ұйымдастырылды, макеттер қойылды.
Ойын барысы
Шаттық шеңбері
Аспанымыз ашық болсын,
Еліміз тыныш болсын.
Деніміз сау болсын,
Достарымыз аман болсын!
Кіріспе сұрақ-жауап
Тәрбиеші: Біз тісіміз немесе ішіміз ауырса, қайда барамыз?
Балалар: Дәрігерге.
Тәрбиеші: Дәрігер қайда жұмыс істейді?
Балалар: Ауруханада, емханада.
Тәрбиеші: Ендеше бүгін «Аурухана» ойынын ойнаймыз. Әрқайсың өз орындарыңа жайғасып, рөлдеріңді орындауға дайындалыңдар.
Сюжеттік-рөлдік көріністер
Кабинет
Педиатр
Ана (Бану): Сәлеметсіз бе, дәрігер?
Дәрігер (Несібелі): Сәлеметсіз бе. Қандай шағымдарыңыз бар?
Ана: Қызыма екпе салдыру керек еді. Тексеріп жіберіңізші.
Дәрігер: Жақсы. (Өкпесін тыңдап тексереді.) Тәбеті қалай?
Ана: Жақсы.
Дәрігер: Онда жеке медициналық кітапшаны алып, медбикеге барыңыз. Екпені сол кісі салады.
Ата-ана (Тоғжан): Сәлеметсіз бе. Қызымның іші ауырып жүр, тәбеті жоқ.
Дәрігер: Сәлеметсіз бе. Қане, тексерейін. Аузыңды аш. Кеше қандай тамақ жедің?
Ата-ана: Кеше кешке көкөністі көп жеп қойған.
Дәрігер: (Тексеріп, рецепт жазады.) Мына дәрілерді алып, күніне екі рет беріңіз.
Ата-ана: Рахмет, дәрігер. Сау болыңыз!
Кабинет
Стоматолог
Ата-ана: Сәлеметсіз бе, дәрігер.
Тіс дәрігері: Сәлеметсіз бе, кіріңіз.
Ата-ана: Баламның тісі түнімен ауырып шықты. Көріп жіберіңізші.
Дәрігер: Қане, аузыңды аш. (Тексереді.) Тісіңді құрт жеп қойыпты. Тәттіні көп жемейік. Тісті күніне екі рет тазалау керек.
Ата-ана: Рахмет сізге, дәрігер!
Дәрігер: Екі сағаттай ештеңе жемеңіздер. Сау болыңыздар!
Кабинет
Окулист
Ата-ана: Сәлеметсіз бе? Баламның көзі қызарып кетті, тексеріп жіберіңізші.
Көз дәрігері: Сәлеметсіз бе! Қане, көзіңді аш. (Арнайы құралмен тексереді.) Көзіңді шаң-тозаңнан қорға. Теледидардың алдында көп отырма, компьютерде де көп ойнама. Мына дәріні күніне екі рет тамызасың.
Ата-ана: Рахмет, дәрігер. Сау болыңыз.
Аймақ
Дәріхана (аптека)
Ата-ана: Сәлеметсіз бе! Мына дәрілерді беріңізші.
Дәріханашы: Сәлеметсіз бе! (Рецепт бойынша дәрілерді береді.) Мінекей, алыңыз. Ауырмаңыздар!
Ата-ана: Сәлеметсіз бе! Маған көзге тамызатын дәрі керек. (Қағазын ұсынады.)
Дәріханашы: Мінекей, дәріңіз. Ауырмаңыздар, сау болыңыздар!
Қонақпен кездесу және тіл дамыту
Тәрбиеші: Балалар, жарайсыңдар! Бүгін бізге қонақ келетін сияқты.
(Осы кезде балабақшаның медбикесі кіріп келеді.)
Медбике: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Қал-жағдайларың жақсы ма? Денсаулықтарың қалай? Бүгін бәрің аппақ, әдемі болып кетіпсіңдер.
Тәрбиеші: Сәлеметсіз бе! Біз бүгін «Аурухана» ойынын ойнап, дәрігер рөлінде болдық. Балаларымыздың сізге арналған тақпақтары мен мақал-мәтелдері бар.
Медбике: Жарайсыңдар, балалар! Енді сендердің аңғарымпаздықтарыңды байқап көрейін: маған бір ойын ойнап беріңдерші.
Ойын: «Не артық?»
Зейін + логикаОртаға медициналық құралдармен бірге жеміс-көкөністер және ойыншықтар қойылады. Балалар медициналық құралға жатпайтын артық затты табуы керек.
Тәрбиеші: Барлығы ауруханаға қажет заттар сияқты көрінеді. Бірақ ішінде медициналық құралға жатпайтындары бар. Қане, қайсысы артық?
Балалар артық заттарды тауып, көрсетеді. Тәрбиеші мен медбике балалардың тапқырлығын мадақтайды.
Қорытынды және пайдалы кеңес
Медбике: Сендерге пайдалы әрі құнарлы тамақтану керек. Күнде жуынып, таза жүру қажет. Сондай-ақ дәрумендерді уақытында қабылдаған дұрыс.
Бүгін мен сендерге дәрумендер әкелдім. Алыңдар.
Тәрбиеші: Рахмет сізге! Балалар, бүгінгі «Аурухана» ойынымыз осымен аяқталды. Ауырмайық, деніміз сау болсын!
Күтілетін нәтиже
Жаңғыртады
Аурухана туралы бұрыннан білетін түсініктерін еске түсіреді.
Түсінеді
Дәрігерлердің түрлі салаға бөлініп қызмет ететінін түсінеді.
Қолданады
Рөлдерге бөлініп ойнау арқылы дәрігер еңбегін бағалауды үйренеді және олардың күрделі жұмысына құрметпен қарайды.