Астана мәтінімен жұмыс
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Сәлемдесу.
- Оқушыларды түгендеу, келмеу себептерін анықтау.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
- Тіл дамыту сәтін өткізу.
II. Өткен материалды еске түсіру
- Үй тапсырмасын сұрау және тексеру.
- Өткен сабақты меңгеру деңгейін бақылау.
- Сөйлеу қабілеті мен сөздік қорын байқау.
- Нені назарда ұстау керегін нақтылау.
Үй тапсырмасы
Бүгінгі сабаққа Астананың көрікті жерлері туралы мәлімет жинақтап келу тапсырылған. Саяхат сабағы барысында сол материалдар тексеріліп отырады. Өздерің тапқан ақпаратты қайталап шығыңдар.
III. Жаңа сабақты меңгерту: «Астанаға саяхат»
Бүгінгі сабағымыз ерекше форматта өтеді: біз елордаға саяхат жасаймыз. Саяхатқа шығу үшін бізге ең алдымен карта керек. Мұғалім оқушыларға «саяхат картасын» таратады.
Топтық жұмыс ережесі
- Жұмыс басталар алдында оқушылар бір-біріне сәттілік пен жетістік тілейді.
- Әр қатардан көмекші тағайындалады.
- Көмекшілер бағалау парағына жауаптарды белгілеу арқылы бағалап отырады.
1-аялдама: Сөздік алқабы
Оқушылар алдымен жаңа сөздерді тыңдайды, кейін тізбектей оқиды. Соңында сөз тіркестері мен сөйлемдер құрастырады.
Жаңа сөздер
- ғимарат
- здание
- аялдама
- остановка
- көрікті
- красивый
- жаға
- берег
- орталық
- центр
- ойын-сауық орталығы
- развлекательный центр
Жаттығу үлгісі
- Сөз тізбегі: көрікті, орталық, аялдама, ғимарат…
- Сөз тіркесі: көрікті ғимарат, орталық аялдама, өзен жағасы…
- Сөйлем: Астанада көрікті ғимараттар көп.
2-аялдама: Бәйтерек
Мәлімет
Астана қаласының сол жағалауында «Астана – Бәйтерек» монументі орналасқан. Бұл нысанда Өмір ағашының көк аспанға самғауы бейнеленген. Ғимараттың биіктігі — 97 метр. Кешенді салу идеясын ұсынған — ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаев.
Тапсырма: «Даналық ағашы» ойыны
- Мәтін алдымен тыңдалады, кейін тізбектей оқылады.
- Оқушылар мәтін бойынша сұрақ құрастырады.
- Сұрақтар «экскурсоводқа» беріледі, жауаптар кезекпен айтылады.
Мәтін: «Астана» (қысқаша)
Астана — Қазақстанның төртінші астанасы. 1997 жылдан бастап Ақмола қаласы Астана деп аталады. Астанада 2002 жылы биіктігі 97 метр болатын монумент салынды. Ол — Бәйтерек. Бәйтерек Есіл өзенінің сол жағында орналасқан.
Бәйтерек үш бөліктен тұрады: бірінші бөлігі — жер асты бөлігі, екіншісі — ұзын темірден жасалған тірек, үшіншісі — үлкен дөңгелек шар. Шардың ішінде елбасымыздың қолтаңбасы (қол ізі) бар тас орналасқан. Бәйтерек — Астананың символы.
Сонымен қатар елордада «Думан» ойын-сауық кешені бар. Ол 2000 жылы салына бастады. Кешенде океанариум, «Джунгли» балалар аттракционы, боулинг залы және шағын дүкендер орналасқан. «Думан» океанариумы — Қазақстандағы алғашқы океанариум. Онда 2000-ға жуық жәндік пен балық түрлері кездеседі.
3-аялдама: Пирамида
Бейбітшілік пен келісім сарайы
Бейбітшілік пен келісім сарайы — 2006 жылы көрнекті британдық сәулетші Норман Фостер салған ерекше пирамида. Оның биіктігі — 62 метр. Пирамиданың табанында 1,5 мың орынға арналған опера залы бар, ал жоғарғы бөлігінде негізгі зал орналасқан. Мұнда Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңселері, мұражайлар мен көрме залдары жұмыс істейді.
Тапсырма
«Астана» мәтінінен сан есімдерді теріп жазып, мағынасына қарай ажыратыңдар.
Жауап үлгісі
- екі мыңыншы — реттік сан есім
- мың тоғыз жүз тоқсан жеті — есептік сан есім
- тоқсан жеті — есептік сан есім
- үш — есептік сан есім
- бірінші — реттік сан есім
- екіншісі — реттік сан есім
- үшіншісі — реттік сан есім
- екі мың — есептік сан есім
4-аялдама: Ақ Орда
Мәлімет
Ақ Орда — ҚР Президентінің резиденциясы. Ол Есіл өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы — 36 720 м². Резиденция маңында ҚР Парламенті, ҚР Үкімет үйі, ҚР Жоғарғы Соты және министрліктер үйі орналасқан.
Тапсырма: «Сиқырлы сандық»
Берілген сандарды таңдап, жасырынған сұрақтарға жауап беріңдер.
- 1. Есіл өзенінің жағалауында орналасқан әсем қала?
- 2. Астанадағы ойын-сауық орталықтарын ата.
- 3. Бәйтеректің биіктігі қанша?
- 4. Сан есім дегеніміз не?
- 5. Сан есімнің сұрақтары қандай?
- 6. Сан есімнің неше мағыналық түрі бар?
- 7. Астана қаласы бұрын қалай аталған?
- 8. Сан есімі бар қандай мақал-мәтел білесіңдер?
- 9. Сөздерді дұрыс ретке келтір: Астана, орналасқан, қаласы, Солтүстік, аймағында.
- 10. Астананың болашағын қалай елестетесің?
Сергіту сәті
4-аялдамадан өттік, шаршаған болармыз. Ендеше «Қара жорға» биін билеп, бір сергіп алайық.
5-аялдама: Думан
Мәлімет
«Думан» ойын-сауық орталығы елорданың сол жағалауында салынған. Мұнда 3D кинотеатр, «Джунгли» аттракционы, боулинг, көпфункционалды зал, қонақ үй кешені, сауда орындары және балаларға арналған ойын алаңдары бар. «Думан» — ересектер мен балалардың сүйікті демалыс орны.
Тапсырма: Перфокарта
Сан есімдерді мағыналық түрлеріне қарай бөліп жазыңдар.
Берілген сан есімдер
11, 50–60, алтау, жетпістей, мыңыншы, жүздей, біреу, бес-бестен, 242, қырықтай, 40–50, отыздай, 1100, жетінші, екеу, оннан екі, төртеу, бір бүтін, мың жарым.
Түрлері
- Есептік
- Реттік
- Жинақтық
- Топтау
- Болжалды
- Бөлшектік
Нұсқау
- Әр сан есімді тиісті мағыналық түріне орналастырыңдар.
- Дәлел ретінде сұрағын көрсетіңдер (неше? нешінші? нешеу? нешеден? қанша шамада? т.б.).
6-аялдама: Хан шатыры
Мәлімет
«Хан шатыры» — сауда және ойын-сауық орталығы. Ол қаланың сәулеттік доминанттарының біріне айналған ауқымды кешен. Ішінде қалалық саябақ, дүкендер, кинотеатрлар және концерт алаңы бар. Астана тұрғындары бос уақыттарын осы жерде тиімді өткізе алады.
Тапсырма: Сатылы кешенді талдау
Берілген сан есімдерге құрамына қарай сатылы кешенді талдау жасаңыздар: үшінші, тоқсан жеті, бесеу, он-оннан.
Үлгі жауап
- Үшінші — дара сан есім; нешінші?; туынды; реттік сан есім.
- Тоқсан жеті — күрделі сан есім; неше?; есептік сан есім.
- Бесеу — дара сан есім; нешеу?; туынды; жинақтық сан есім.
- Он-оннан — күрделі сан есім; қос сөз; нешеден?; топтау сан есім (шығыс септік тұлғасы).
Бекіту
Саяхатымыз аяқталды. Саяхат сабағы ұнады ма? Енді қорытындылау кезеңіне өтеміз.
Қорытынды тапсырма: Сөзжұмбақ
- Президенттің резиденциясы.
- Сан есімнің мағыналық түрлерінің бірін ата.
- 97 метр болатын монумент қалай аталады?
- Сан есімнің сұрағы.
- Елорданың сол жағалауындағы ойын-сауық кешені қалай аталады?
- Бейбітшілік пен келісім сарайы қалай аталады?
Үй тапсырмасы
Шығарма жазу: «Астана — арман қала».
Бағалау
Әр қатардағы көмекшілер бағалау парағы арқылы оқушылардың жауаптарын бағалайды.
Қорытынды ән
Сабақ соңында қонақтарға арнап Алтынай Жорабаева орындайтын «Елімнің жүрегі — Астана» әнін бірге орындаймыз.
«Елімнің жүрегі — Астана» (үзінді)
Астана, көп қараймын мен келбетіңе (3 рет)
Балғынсың жас қайыңдай, өз тербетiле (3 рет)
Жаннаттай жан біткенді елжіртесің (3 рет)
Біз үшін жаннат қала сен жер бетінде (3 рет)
Қайырмасы:
Елімнің жүрегі, жарқырап жайнай берші, сен, Астанам!
Өзіңе арналады ән-дастаным
Қашан да саған іңкәр менің жаным
Жастықтың жалауы бол, сен, Астанам!
Аңсаймын, армандаймын пәк жүрекпенен
Астана, жайна әрдайым, мен тілеп келем
Мен тілекшімін…