Бүгінде алтын ұямызбен қоштасқалы тұрмыз
Соңғы қоңырау мерекесіне кіріспе
Жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және осыдан 10 жыл бұрын, 20 жыл бұрын мектеп табалдырығынан түлеп ұшқан түлектер! Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймыз!
Міне, 11 жыл зымырап өтіп, аяулы алтын ұямызбен қоштасар сәт те келді. Осыдан 11 жыл бұрын мектеп есігін жүрексіне ашқан бүлдіршіндер бүгін ел сенімін арқалар азамат атанды. Құлын-тайдай тебіскен шәкірттер алтын ұясына қимастықпен көз тігеді.
Негізгі ой
Мектеп-ана баптаған тұлпарларын өмір бәйгесіне қосады: әр түлек өз арманына қанат қағып, қалаған мамандығына ұмтылады.
Түлектерге тілек
Мақсат айқын болсын, ұстаз батасы жолдан тайдырмасын, достық пен жауапкершілік серік болсын.
Түлектердің жүрекжарды жыр жолдары
Жүргізуші: Түлектерге кезек берейік.
1-оқушы
Мектебім, ыстықсың алтын ұям, Ұшатын кез келді, қалай қиям?!. Оң-солды танитын болдық бүгін, Бала едік бір кезде — нәзік, ұяң.
2-оқушы
Бағыт сілтеп арманға, Қанат бердің, ұшырдың. Өмір сырын ғажайып Сенде алғаш түсіндім.
3-оқушы
Болашаққа жетелеп — алда арман, Балалық шақ бүгінде артта қалған. Самғаймыз біз сан тарау тараптарға, Бата алып қадірлі ұстаздардан.
4-оқушы
Өтіп кетті он бір жыл, Қол бұлғайды балалық. Балалықтан арылып, Өсіп қалыппыз таралып. Сан тарау жол, сан қиял Шақырады қияға. Талпынамыз ұшуға біз, Қимай қарап ұяға.
5-оқушы
Есігін қақтым мектептің, Балапандай қалпыммен. Ер жеттім, сенде есейіп, Таныстым барша салтыңмен. Бүгінде алтын ұямнан Ұшқалы тұрмын қияға. Сан жолдар күтіп тұр алдан, Сонда да жүрек қия ма?
6-оқушы
Ұстазға онша көптің керегі жоқ, Шәкірті жүрсе — көңілі тоқ. Шарықтап қанат қағып кетсе-дағы, Көңілінде тұрады екен кішкентай боп.
7-оқушы
О, мектебім — махаббатым, мақтанышым, Сенде өтті ең бақытты бар шақтарым. Өзің берген күш-қуаттан нәр алып, Мен өмірдің өрлеріне аттармын.
8-оқушы
Шаттықпенен шайқалтқанбыз аспанды, Сол күнді аңсап қара көзден жас тамды. Бір ананың баласындай тел өскен, Қоштасуға қимай тұрмыз достарды.
9-оқушы
Ақылшы асыл ұстазым, Жолымды айқын нұсқадың. Қасыма келіп қаншама, Қамқор боп, қалам ұштадың.
10-оқушы
Сөйлеуді де әдепті, нұрлы үмітпен, Жазуды да үйреттің сырлы түптен. Тек өздерің қаламды нық ұстатып, Арылттыңдар жиналған көңіл күптен.
11-оқушы
Мектебім — алғаш қаққан есігім, Тек өзіңнен жаңа сөздер естідім. Білім нәрін құйдың бойымызға, Ұмытпаймын мұғалімдер есімін.
Ұстазға тағзым
Жүргізуші: Аяулы да ардақты ұстаздар! Сіздерге тең келер кім бар?! Көмірдей қара шаштарыңыздың ағаруына, үлбіреген жүздеріңізге әжім түсуіне себеп болған — біз. Ал бүгін біз болашақ өмірге жолдама алып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрмыз.
Әрқайсымыз өз ойымызбен арпалысып, сүйікті мектебімізге қайта-қайта қарап, ержеткенімізді терең сезінеміз. Енді шәкірт жүрегінен шыққан жыр жолдарын қабыл алыңыздар.
Оқушылардың авторлық өлеңдері
Оқушылар өздері шығарған өлеңдерін оқиды.
Мектеп туралы ой
Мектеп — әр адамның қиялына қанат бітіретін білім ұясы, тәлім-тәрбие бастауы. Адамның өмірге қанаттануы, түрлі мамандық иесі атануы — бәріне кең жол ашып, қоғамның толыққанды азаматы болуына берік негіз қалайтын алынбас қамал секілді. Батыр да, ғалым да мектептен білім алады. Ал сол білімді бойға сіңіріп, жүрекке жол тапқызатын — ұстаз.
Арнаулар
Алғашқы ұстазымыз Раиса апайға
Әліппені ұстаттырған қолыма, Алғаш рет мен мектепке барғанда. Мейірімді шапағатпен қарсы алған, Раиса апай — мәңгі қалар жадымда.
Сынып жетекшімізге
Анамдайсың ой салдырған балаңа, Түсінікпен сенім құйдың санама. Білмеуші едік ақ па, әлде қара ма, Мұғалімсіз оқушы адам бола ма?!. Жетекшісіз алып шықтың қиядан, Ұшырасың түлектерді ұядан. Жақын болып кетіп еді арамыз, Өзіңізбен қоштасуға қиналам.
Терме
Жүргізуші: Мектебіміздің мақтанышы, аудандық, облыстық, республикалық «Жыр алыбы — Жамбыл» айтысының жүлдегері Женей Ерген бүгінгі мерекеге арнаған термесін тарту етеді.
Терме орындалады.
Аманат және құттықтау
10-сыныпқа үндеу
Жүргізуші: Құрметті 10-сынып оқушылары, болашақ түлектер! Бүгін біз үлкен өмір жолына қадам басқалы тұрмыз. Сыныбымызда талай талант, талай дарын өсті. Біздің жолымызды сіздер жалғап, мектеп абыройын әрқашан биік ұстайды деп сенеміз.
Мектеп символын өздеріңе аманат етіп табыстаймыз.
Құттықтау сөз
Жүргізуші: Ендігі сөз кезегін 11-сынып түлегі, республикалық Ілияс оқуларының жеңімпазы, Бауыржан оқуларының екі дүркін жүлдегері, мектебіміздің және ауданымыздың мақтанышы Лепесбаев Әлиханға береміз.
Құттықтау сөз сөйлінеді.
Қоштасу сәті
Жүргізуші: Иә, шындығында уақыт зымырап өтті. Бүгін алтын ұямызбен қоштасқалы тұрмыз. Соңғы рет мектеп вальсін билеп, соңғы рет қоңырау үнін естігенде, жанарға еріксіз жас келеді. Бұл — балалықпен қоштасудың соңғы баспалдағы.
Мектеп вальсі
Мектеп вальсі ойналады. Оқушылар билейді.
Ант-тілек
Біз үшін өмір болашақ есігін айқара ашып тұр. Енді біз — өмір додасының тұтқасындамыз. Көк туымызды биік шыңда сан мәрте желбіретіп, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін білім алып, еңбек етуге уәде береміз!
Ақ көгершіндер аспанға ұшырылады.