Ана тілім болмаса, Бүтінделмес кемдігім

Өзін-өзі тану: «Тілім — менің тірегім»

Сүйемін туған тілді, анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

С. Торайғыров

Негізгі идея

Ана тілінің адам өміріндегі маңызын ұғындыру.

Ынта

Оқушылардың ана тіліне деген құштарлығын арттыру.

Тәрбиелік мән

Ана тілін сүюге және құрметтеуге тәрбиелеу.

Мақсаты

Оқушылардың тіл және Отан құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту, сөз мәдениетін қалыптастыру, туған тілдің қадірін сезіндіру.

Көрнекі құралдар

  • Дәптер, оқулық
  • Қатты қағаздан жасалған «Таным», «Ғұламалар», «Қазына» атты үш үлкен қақпа
  • Қазақ ғұламаларының портреттер топтамасы

Ұйымдастыру

Балалар шеңбер құрып тұрады. Сабақ тақырыбы таныстырылып, өлеңді бірге айту ұсынылады.

Бірге айтылатын өлең

Ана тілім — ұраным,
Ана тілім — құралым.
Ана тілім болмаса,
Болмас еді жыр-әнім.

Ана тілім — елдігім,
Ана тілім — ерлігім.
Ана тілім болмаса,
Бүтінделмес кемдігім.

Сахналық көрініс: «Тілдер патшалығына саяхат»

Ана тілінің маңызын терең түсіндіру және оқушылардың туған тілін жан-жақты білуге қызығушылығын арттыру мақсатында сабақ сахналау түрінде ұйымдастырылады.

Ортаға патша рөліндегі оқушы және уәзірлері шығады.

Патша

«Тілдер патшалығына саяхат жасауды көптен көңіліме түйіп жүр едім. Соның сәті бүгін түскендей. Мен қазақ тілі туралы көбірек білгім келеді».

Мұғалім

«Сонау V–VI ғасырлардан бастап уақыт сынына төтеп беріп, бүгінге дейін жеткен Орхон–Енесей және Талас сына жазулары қазақ тілінің өркендеген дәуірін айғақтайды».

«Ғұламалар» қақпасы

Патша уәзірлерімен бірге «Ғұламалар» қақпасына келеді. Бұл жерде қазақтың маңдайына біткен ғұламалардың портреттері ұсынылады.

Патша

«Туған тілім туралы өлең тыңдасам деймін».

Оқушы

Д. Әбіловтің «Туған тілім» өлеңін мәнерлеп оқиды.

Талқылау сұрақтары

  • Неліктен тілді «ана» ұғымымен байланыстырамыз?
  • Қандай адам өз тілін ерекше құрметтейді деп ойлайсыңдар?
  • Неліктен өз тілінде еркін сөйлейтін адам сыйлы болады?

«Қазына» қақпасы: жұмбақ сұрақ

Патша «Қазына» қақпасына жақындайды, бірақ қақпа ашылмайды. Қақпаны қағып қалғанда арғы жағынан бір парақ қағаз түседі:

«Дүниеде не тәтті? Дүниеде не ащы?»

Патша сұрақтың мәнін оқушылардан сұрайды. Оқушылардың жауаптары тыңдалады.

Мұғалімнің түсіндіруі

«Бұл сұрақтың жауабын білу үшін біз Данышпан атаға хат жолдағанбыз. Бүгін жауабы келді».

«О, хан ием! Дұрыс сөйлей білу де өнер. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жанды жібітеді. Сондықтан тіл — тәтті. Жебе салған жара жазылар, балтамен оталған орман қайта өсер, бірақ тілден түскен жара жазылмас. Сондықтан тіл — ащы».

Осы сәтте қақпа ашылады.

«Ана тілім — қазынам» кітабы және мақал-мәтелдер

Патша «Бақтағы бұлақ басынан! Ана тілім — қазынам» деген жазуы бар кітапты қолына алып, парақтайды да, балалардан көмек сұрайды: кітаптағы мақал-мәтелдердің жалғасын табу керек.

  1. Өзің білмегенді кісіден сұра,
    Үлкен болмаса, кішіге сұра.
  2. Өнер алды — қызыл тіл.
  3. Жіптің ұзыны, сөздің қысқасы жақсы.
  4. Піл күшті, піл күшті емес — тіл күшті.
  5. Отыз тістен шыққан сөз,
    Отыз рулы елге тарайды.
  6. Жүйелі сөз — жүйесін табар,
    Жүйесіз сөз — иесін табар.

Патша

«Ойпырмай! Тілдің құдіреті осы екен. Балалар, сендерге көп рақмет. Енді барып үш ұлымды сынап көрейін».

Дәйексөз және қорытынды ой

Тіл балаға ананың сүтімен бірге, дүниеге келген сәттен-ақ дариды. Тіл адамды жақсы қырынан да, жағымсыз қырынан да танытады: адамды өсіреді де, өшіреді. Жүрекке жылы, ізгі сөзді жиі айтқан адам жұрт арасында қадірлі болады.

Тілді білу — елді таныту

Өз тіліңді жетік меңгеріп, оны дамыта білсең, сондай-ақ өзге елге барғанда ана тіліңде сөйлесең — олар сенің халқыңды таниды. Демек, ұлтыңды әлемге танытып, мәртебесін көтересің.

Еске сақтар жол

С. Торайғыровтың «Сүйемін туған тілді, анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім» деген өлең жолдарын ұмытпайық.

Жаңа ақпарат

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Ана тілін сүю, құрметтеу, мақтаныш ету — әрбір азаматтың міндеті.

Тапсырмалар

Ойтолғау

«Ана тілің — арың» деген сөздің мағынасын түсіндір.

Дәптермен жұмыс

Дәптердегі нақыл сөздерді оқып, мағынасын түсініп ал және күнделікті өмірде қолдануға тырыс.

«Жүректен жүрекке»

Оқушылар ана тіліне деген махаббатын өлең жолдары арқылы білдіреді. Барлығы бірге Б. Үсенбаевтың «Жүрегімнің бөлшегі» өлеңінің жолдарын қайталайды.