Тартар жолың бұлыңғыр

Мақсат

  • Оқушыларға көше қатынасы ережелерін меңгерту.
  • Жолда жүру ережелерін есте сақтап, білімді қолдануды тұрақты дағдыға айналдыру.
  • Жол ережелерін бұлжытпай орындауға, сақтыққа тәрбиелеу.

Көрнекілік

Бағдаршам Жол белгілері Плакаттағы ескерту сөздер Макеттер

Кіріспе сөз

Мұғалім: Құрметті ұстаздар, қонақтар, оқушылар! «Жол тәртібін жаныңда ұста» атты ашық тәрбие сағатымызды Шөмішбай Сариев ағамыздың өлең жолдарымен бастаймыз.

Арманға алдан күткен асығамыз,

Біз қалай толқын атпай басылармыз.

Жол жүру ережесін жақсы біліп,

Сақтықта тұра алатын жас ұланбыз.

Жалғайтын достастырып бар елменен,

Жолдардан тұрады ғой әлем деген.

Бүгінгі бізге келген қонақтарға,

Алдымен беріледі сәлем деген.

Бүгін бізге қонаққа жол полициясынан маман келді. Оған сөз кезегін береміз.

Мұғалім: Бүгін сіз бізге жолда жүру ережелері туралы көп мағлұмат бердіңіз. Үлкен рақмет!

Топтық жұмыс

I топ — «Бағдаршам»

Топ ұраны

Тоқта! Сақтан! Жол ашық!
Жүрме жолға таласып.

II топ — «Жол белгілері»

Топ ұраны

Үйрен, таппай тыным бір,
Белгілердің тілін біл!

Бағдаршамның шығу тарихы

Мұғалім: Балалар, бағдаршамды кім ойлап тапқанын білесіңдер ме? Ендеше тыңдап көрейік.

Перизат

Алғашқы бағдаршам теміржол бойында пайда болды. Оны ойлап тапқан адамның есімі тарихта сақталмаған. Оны көше қиылысына ыңғайлап қайта жасаған ағылшын инженер-механигі Д. Найт еді. Ол 1868 жылы Лондондағы Парламент үйінің алдына бағдаршам орнатты.

Сымбат

Алғашында түрлі түсті сигнал қайыс берілістің көмегімен ауыстырылып отырды. Кейін аппараттың ортасына газ шамы орнатылды. Өкінішке қарай, бірде газ жарылып, кезекші полицей қаза тапты да, бұл жүйе жарты ғасыр бойы ұмыт қалды.

Аяулым

Тек 1914 жылы Америкадағы Кливленд қаласында, кейін Нью-Йорк және басқа қалаларда электрлі бағдаршамдар пайда бола бастады. Алғашында олар екі түсті ғана болды: қызыл және жасыл. 1918 жылдан бастап үш түс қолданысқа енді. Кеңес Одағында алғашқы бағдаршам 1924 жылы Мәскеуде, Кузнецк көпірі мен Петровка көшелерінің қиылысында орнатылды.

Жол белгілері: «Белгілердің тілі»

Нұрсәуле

Үйрен, таппай тыным бір,
Белгілердің тілін біл.
Егер оны білмесең,
Тартар жолың бұлыңғыр.

Өзі қызыл, үшбұрышты ескерту — мен болам,
Хабарлаймын қауіптен, оң сапарға жолдаған.
Маған қарап жүрсеңіз — жүргізуші, жаяу да,
Жолы болып, сәтсіздікке ешқашан да қалмаған.

Меруерт

Мен бәріне әрқашан тыйым салып тұрамын,
Қайда болса алда тұрып, жібермеймін бір адым.
Түсім қызыл, өзім шеңбер, сызық болып бітемін,
Осы жолы үндемейін — бар ма тағы сұрағың?

Нұрлыай

Жолдар қиылысында
Қалтарысып қысылма.
Көлденеңнен жол болса,
Кібіртіктеп тоспа оны.
Бос болмаса алайда,
Сақтық жаса, абайла.
Қалмас үшін соқтығып,
Ол өткенше тос тұрып.

Мұғалім: Жол белгілерін және өз міндеттеріңді жақсы біледі екенсіңдер. Рақмет! Енді жұмбақ шешіп, викториналық сұрақтарға жауап берейік.

Жұмбақтар

1-жұмбақ

Арқаным бар тым ұзын,
Ала алмайсың бір үзім.
Ақылға салып ойланып,
Тапшы мұны, пысығым.

Жауабы: жол

2-жұмбақ

Бір тұлпар су ішпейді, жем жемейді,
Ескеріп ешбір адам емдемейді.
Жүк емес — жүз адам да жануарға,
Шылбырын сымға байлап, тез жөндейді.

Жауабы: трамвай

3-жұмбақ

Бұйырмапты бас та, ауыз да, құлақ та,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та.

Жауабы: бағдаршам

Викторина

1-сұрақ. Жолаушылар дегеніміз кімдер?

Жауап: Кез келген көлік түрін пайдаланатын адамдар.

2-сұрақ. Бағдаршам дегеніміз не?

Жауап: Жол қозғалысын реттейтін, автомат жүйесіне қосылған үш көзді аспап.

3-сұрақ. Велосипедпен неше жастан бастап жолмен жүруге болады?

Жауап: Жол бойымен жүруге 14 жасқа толған балаларға ғана рұқсат.

4-сұрақ. Жиекжол жоқ жерде қалай жүру керек?

Жауап: Ауылдық жерлерде жиекжол болмауы мүмкін. Ондай жағдайда жолдың бір шетімен, келе жатқан көлікке қарама-қарсы бағытта жүрген дұрыс.

Ойын: «Бағдаршам»

Ойын жүргізушісі алдын ала дайындалған үш түсті көрсетіп, оқушылардың қаншалықты жинақы екенін байқайды.

Жасыл

Балалар бір орында жүріп келе жатқандай аяқтарын қозғалтады.

Сары

Балалар ду қол шапалақтайды.

Қызыл

Балалар бір орында қимылдамай тұрып қалады.

Қызыл көзін жаққанда,

Сақтан — алға аттама.

Сары көзін жаққанда,

Қарап қалма аспанға.

Жасыл көзін жаққанда,

Өте бергін, жасқанба!

Қорытынды

Мұғалім: Қымбатты қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Бүгін оқушылар жолда жүру ережелерімен танысты. Ендеше, әрқашан жол ережесін есте сақтап, бұлжытпай орындап, сақ жүріңдер.

Балалар, жол ережесін сақтаңдар! Аман жүріңдер!

Ән: «Әрқашан жолың болсын!»

Көңіліміз күндей күліп,

Жүректерде гүлдейді үміт.

Өмір сүру мүмкін емес

Жол тәртібін білмей тұрып.

Әрқашан жолың болсын!

Жаныңа шаттық толсын!

Қасыңда болсын анаң,

Болайық біз де аман.

Балғын жаспыз, жас ұланбыз,

Гүл боп жаңа ашылғанбыз.

Жол тәртібін есте сақтап,

Болашаққа асығамыз!