Түйінді сөз

Алматы облысы, Ұйғыр ауданы

Сүмбе орта мектебі • Физика пәні мұғалімі: Б. К. Оразбаев

Сынып: 9 Сабақ түрі: жаңа білім беру Әдісі: иллюстративті-түсіндірмелі Технология: «Үш өлшемді әдістемелік жүйе»

Сабақ тақырыбы: Ньютонның үшінші заңы

Сабақтың негізгі мақсаты — екі дене өзара әсерлескен кезде пайда болатын күштердің ерекшелігін анықтау және олардың шамасы тең, бағыты қарама-қарсы екенін тәжірибе арқылы дәлелдеу.

Білімділік

  • Ньютонның I және II заңдарын қайталау.
  • Масса мен үдеу арасындағы байланысты бекіту.
  • Екі дененің бір-біріне бірдей күшпен әсер ететінін меңгерту.

Дамытушылық

  • Негізгіні ажырата білу және қорытынды жасау дағдыларын дамыту.
  • Теорияны практикалық тәжірибемен ұштастыру.
  • Есте сақтау қабілетін тәжірибелер арқылы жетілдіру.

Тәрбиелік

  • Материалистік-диалектикалық көзқарасты қалыптастыру.
  • Ньютонның III заңы арқылы реализмге тәрбиелеу.
  • Өз ойын дәлелдеп, ақиқатқа ұмтылуға баулу.
  • Жұптық және топтық ынтымақтастықты дамыту.

Түйінді сөз

«Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз. Бірақ асқақтаған хан болса — хан ордасын таптай білген елміз.»
Қаз дауысты Қазыбек би

Сабақ барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі

  • Оқушыларды түгелдеу, сабаққа дайындығын тексеру.
  • Сынып бөлмесінің гигиеналық талапқа сайлығын, көрнекіліктер мен ТОҚ-тың дайындығын қарау.
  • Оқушыларды топтарға және жұптарға бөлу.
  • Сабақ мақсатын қою және қысқа психотренинг жүргізу.

2) Қайталау арқылы дайындық

1-кезең: тестік тапсырма (7 сұрақ, 5–7 минут). Жекелей жұмыс. Әр дұрыс жауапқа — 1 балл.

  1. Инерциалды санақ жүйесі деген не?
  2. Ньютонның I заңын тұжырымда.
  3. Инертті масса ұғымын түсіндір.
  4. Ньютонның II заңын тұжырымда.
  5. Ньютонның II заңындағы күш формуласы.
  6. Тең әсерлі күш деген не?
  7. Екі дене әсерлескенде үдеу мен масса арасындағы байланысты көрсет.

3) Жаңа тақырыпты өздігінен меңгеру (топтық жұмыс)

Оқушылар 2 топқа бөлінеді. Әр топ тәжірибе жүргізіп, қорытынды жасайды. Әр дұрыс қорытындыға — 5 балл.

1-топ: тәжірибелер

Қорытынды уақыты: 11 минут

Тәжірибе 1 (8 минут)

Екі Ньютон арбашасына алдымен массалары тең жүктер қойылады да, арбашалар қарама-қарсы бағытта қозғалып соқтығыстырылады. Кейін массалары әртүрлі жүктермен тәжірибе қайталанады. Масса мен үдеу қатынастары арқылы қорытынды жасалады.

Тәжірибе 2 (3 минут)

Екі динамометр ілгіштері арқылы бір-біріне жалғанып, екі жаққа тартылады. Күштер салыстырылып, шамасы тең, бағыты қарама-қарсы екені анықталады.

2-топ: тәжірибелер

Қорытынды уақыты: 11 минут

Тәжірибе 1 (8 минут)

Массалары бірдей екі темір цилиндр алынады. Олардың ортасына серпімді темір сызғыш иіліп қойылып, жіппен байланады. Жіп сіріңкемен күйдірілгенде цилиндрлердің қандай қашықтыққа кеткені бақыланады. Кейін массалары әртүрлі (бірі темір, бірі мыс) цилиндрлермен тәжірибе қайталанып, қорытынды жасалады.

Тәжірибе 2 (3 минут)

Дөңгелек динамометрдің бір ілгішіне серіппелі динамометр, екінші жағына 100 г жүк ілінеді (жүк блок арқылы ілінеді). Күштер салыстырылып, олардың шамасы тең, бағыты қарама-қарсы екені көрсетіледі.

Ортақ тұжырым (интерактивті тақтада қорғау)

Топ жетекшілері тәжірибелер бойынша қорытындыны түсіндіреді және төмендегі қатынастарды дәлелдейді:

Үдеу–масса қатынасы

a₁ / a₂ = m₂ / m₁

Теңдік түрі

a₁m₁ = a₂m₂

Ньютонның III заңы

F₁ = −F₂

4) Деңгейлік тапсырмалар (жұптық жұмыс)

Оқушылар білім деңгейі шамалас сыныптастарымен жұптарға бөлінеді. Әр жұп флипчарттағы есептерді орындайды: біреуі — сапалық, біреуі — есептеуді қажет ететін тапсырма.

1-жұп • 1-деңгей

3 балл
  1. Үстелде жатқан кітап неге төмен түспейді? Қандай күштер әсер етеді?
  2. Массасы 50 кг дене екі жағы бекітілген тақтайдың үстінде тұр. Тақтайдың серпімділік күші қандай? (g = 10 м/с²)

2-жұп • 2-деңгей

4 балл
  1. Барон Мюнхгаузен өзін шашынан ұстап саз балшықтан тартып шығарғанын айтады. Бұл мүмкін емес екенін дәлелдеңдер.
  2. Екі бала динамометрді созады. Әрқайсысы 80 Н күш түсіреді. Динамометр не көрсетеді?

3-жұп • 3-деңгей

5 балл
  1. Қажымұқан екі түйені екі қолымен тартып ұстап тұрған. Ол бір түйені тартып ұстап тұра ала ма? Жауабыңды түсіндір.
  2. 240 Н күш денеге 6 м/с² үдеу береді. Осы денеге қандай күш 8 м/с² үдеу бере алады?

4-жұп • 4-деңгей

6 балл
  1. Бір тұрған адамға екінші адам жүгіріп келіп соқтығысты. Қайсысы көбірек зардап шегеді? Неге?
  2. Үстел бетімен үйкеліссіз сырғанай алатын динамометрдің бір ұшына 20 Н күш түсіріледі. Динамометр нені көрсетеді?

5-жұп • 5-деңгей

7 балл
  1. Ат жүк артылған арбаны тартады. Ньютонның үшінші заңы бойынша аттың арбаны тарту күші арбаның атқа әсер ететін күшіне тең. Онда неге арба аттың артынан қозғалады?
  2. 6 м/с жылдамдықпен келе жатқан массасы 2 т автокөлік 6000 Н күштің әсерінен тежеледі. Автокөліктің үдеуі қандай?

5) Шығармашылық деңгей

Қазыбек бидің түйінді сөзін еске ала отырып, Ньютонның III заңымен байланыстырып эссе жазу немесе өлең шумақтарын құрастыру.

6) Үй тапсырмасы

Барлығына

§13. 11-жаттығу: (1, 2)

«4» немесе «5» алғысы келетіндерге

11-жаттығу: (1–5)

7) Қорытындылау және бағалау

Жиналған ұпай саны бойынша бағалау:

15–19 ұпай «3»
20–21 ұпай «4»
22–25 ұпай «5»