Мынау қандай дәстүр
Дүниетану (3-сынып)
Тақырып: Халықтық әдеп-ғұрыптар
Пәнаралық байланыс: қазақ тілі, әдебиеттік оқу, музыка
Көрнекілігі
- Интерактивті тақта
- Оқулық, дәптер
- «Қазақтың салт-дәстүрлері» кітабы
Сабақтың мақсаты
- 1. Қазақ халқының әдеп-ғұрпы туралы түсінік беру; балалардың бойында қазақ халқына, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне құрмет сезімін қалыптастыру.
- 2. Дүниетанымын, ой-өрісін және пәнге қызығушылығын арттыру.
- 3. Ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіріп, ұлтжандылыққа баулу.
Сабақ барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
Кең даланың ежелгі,
Қазақ деген халқымыз.
Өзге ұлттай бізде де,
Бар дәстүр мен салтымыз.
II. Негізгі бөлім
1) Қызығушылықты ояту
Слайдтар арқылы балаларға суреттер көрсетіліп, әр көріністегі дәстүрді анықтау ұсынылады:
- Балаға ат қою — бұл қандай дәстүр?
- Бесікке бөлеу — бұл қандай дәстүр?
- Тұсау кесу — суретте қандай дәстүр бейнеленген?
- Үйлену тойы — мұнда қандай дәстүр көрініс тапқан?
Соңында оқушылар жауаптарын жинақтап, бәрін бір сөзбен «халықтық салт-дәстүрлер» деп атайтынын айтады.
2) Мағынаны тану
Сабақтың тақырыбы: Халықтық әдеп-ғұрыптар. «Топтастыру» әдісі арқылы оқушылар әдеп-ғұрып туралы не білетінін жазады, ойларын ортаға салады.
Халқымыздың әдеп-ғұрыптары қолданылу аясына қарай бірнеше топқа бөлінеді:
Отау көтеру дәстүрі
Жаңа шаңырақ құруға қатысты ғұрыптар.
Тәрбие дәстүрі
Баланың мінезі мен құндылығын қалыптастыруға бағытталған салттар.
Отбасы, тұрмыс дәстүрі
Үй ішіндегі қарым-қатынас, тұрмыс салтына қатысты қағидалар.
Еңбек дәстүрлері
Бірлік, көмектесу, ортақ еңбекке үндейтін үрдістер.
Наурыз дәстүрлері
Жаңару мен береке мерекесіне байланысты салттар.
Ислам тағылымдары
Діни-имандылық құндылықтарға негізделген ғұрыптар.
Қаза ғұрыптары
Қайғыға ортақтасу, көңіл айту, еске алу рәсімдері.
Әр топ бойынша түсіндірме беріліп, оқушылардан мысал келтіру сұралады. Қажет жағдайда бесік жырын айтқызып, дәстүрдің мәнін сезіндіру ұсынылады.
3) Нақты мысалдар арқылы түсіндіру
Жылу жинау
Өртке ұшырағанда, мал-мүлкі суға кеткенде немесе басқа бақытсыздық жағдайында қалған жанұяға жұрт болып мал, дүние не ақшалай көмек көрсету дәстүрі.
Түрі: отбасылық, қоғамдық қолдау.
Асар
Бір жанұяның қолынан келмейтін ауыр не күрделі жұмысты атқару үшін ауыл болып жұмылу. Мысалы: үй көтеру, егін егу, егін жинау, шөп шабу сияқты жұмыстар.
Түрі: еңбек дәстүрі.
Қонақжайлылық
Үйіне келген қонақты құрметпен қарсы алып, дастарқан жаю — жомарттықтың, елдіктің, азаматтықтың белгісі.
Қонақ келсе үйіне
Жалғыз қойын соятын,
Барын алға қоятын —
Біздің халық ер халық.
Түрі: отбасы дәстүрі.
4) Оқулықпен жұмыс
- Мәтінді оқу, мазмұнын талдау.
- Мазмұны бойынша сұрақтар қойып, толық жауап алу.
- «Мен саған, сен маған» әдісімен оқушылар бір-біріне сұрақ қояды.
5) Сергіту сәті
«Шілдехана», «Бесік той» әндерін тыңдап, қимыл-қозғалыс жасап, би қимылдарын қайталау.
6) Дәптермен жұмыс: «Кім бірінші?» ойыны
«Қонақжайлылық» сөзіндегі әріптерден жаңа сөздер құрастыру. Оқушылар өз сөздерін оқиды, жеңімпаз анықталады.
7) «Қонақжай бөлмесінің қонағы» айдары
«Қазақстан—Қызылорда» телеарнасының тілшісі келіп, оқушылармен шағын сауалнама жүргізеді:
Сенің отбасыңда отбасылық дәстүр бар ма?
Қандай? Ол туралы айтып бер.
Өзің қандай дәстүрлерді көрдің?
Дәстүр ұнады ма? Несімен?
IV. Қорытынды
Қорытынды сұрақтар
- Сабақта не туралы айтылды?
- Қандай жаңа дәстүрлерді естіп, білдіңдер?
Салт-дәстүрді сақтау, ұмытпау және үйрену туралы тілекпен тренинг өткізіледі:
«Мен саған … тілеймін»
Жүректен — жүрекке
V. Үй тапсырмасы
- Мәтінді оқу.
- Салт-дәстүрлер туралы қосымша мәлімет жинау.