Оқушылардың сан есім туралы білімдерін тереңдете отырып, сөз таптары туралы білімдерін бекіту

Сабақ тақырыбы: Сан есім

Мақсаты

  1. Оқушылардың сан есім туралы білімін тереңдету және сөз таптары бойынша алған білімін бекіту.
  2. Ойлау белсенділігін арттыру, шығармашылық қабілеттерін дамыту.
  3. Таза әрі көркем жазуға баулу, бастапқы экономикалық түсінік қалыптастыру.

Көрнекіліктер

  • Слайдтар
  • Жетондар
  • Семантикалық карта

Әдісі мен түрі

Әдісі
ауызша, жазбаша, сұрақ-жауап
Сабақ түрі
аукцион сабақ

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Тәрбиелік үндеу

Әрбір адам — туысым, досым, бауырым.

Әрбір сабақ — үйрену, ұғу, ұлағат.

Әрбір ісің — тірлік, тірек, адамдық.

Әрбір сөзің — шындық, бірлік, адалдық.

Сыныпқа бағыт-бағдар

Сабақ барысында нақты әрі толық жауап беруге, сондай-ақ таза және әдемі жазуға ерекше мән береміз.

Ескерту:

Бүгін сабағымызға қонақтар келді. Олар сендердің білімдеріңді көргісі келеді.

II. Сабақ мақсатымен таныстыру

Сұрақ-жауап

Біз қай ауданның тұрғынымыз?
Жарма ауданының.
Биыл ауданымызда қандай айтулы мереке болады?
85 жылдық мерейтой.
Қандай сабақ түрлерін білесіңдер?
Саяхат сабақ, ертегі сабақ, жарыс сабақ, концерт сабақ және т.б.

Аукцион сабағының идеясы

Бүгін мерейтойға орай аукцион сабақ өткіземіз. Аукцион — көпшілікпен жүргізілетін сауда. Осы арқылы нарықтық экономиканың алғашқы түсініктерін меңгереміз.

Дүкенде затты ақшаға сатып алсақ, бұл сабақта әр дұрыс жауабың үшін ақша құны жазылған жетон беріледі.

Сабақ соңында әр оқушы өз жетондары бойынша «ақшасын» санайды. Ал бүкіл сынып болып жинаған соманы ауданымыздың мерейлі тойына арнаймыз.

Іске сәт! Саудамыз сәтті болсын!

III. Өткен тақырыпты қайталау

Шығармашылық тапсырма

Сөзжұмбақ шешу (2-слайд). Ерекше торкөзде шыққан сөз:

Сан есім

Дәптермен жұмыс

Дәптерімізді ашып, күнін және айын жазамыз.

Жазу үлгісі:

Сәуірдің он үші. Сынып жұмысы.

IV. Жаңа сабақ

Көркем жазу

Ққ, ҚҚ — жеке сөздер және мақал-мәтелдер арқылы жазу дағдысын бекіту (3-слайд).

414-жаттығу

Мәтіндегі бос орындарға тиісті сан есімдерді қойып жазыңдар:

Асқар ...... жаста. Ол ...... сыныпта оқиды.

Ағасы оған үнтаспа сыйлады. Үнтаспа ...... теңге тұрады.

Асқардың ағасы — шопан. Ол ...... бәйге алды.

Сөздік жұмысы

Шопан, бәйге сөздерінің мағынасын түсіндіру.

Шығармашылық тапсырма: «Жаңа сөз»

4-слайд бойынша жаңа сөздер құрастырып, оларды оқыңдар және қай сөз табына жататынын айтыңдар.

415-жаттығу (ауызша)

  • Сан есімдерді табу.
  • Сан есімі бар қандай мақал-мәтел білесіңдер? Айтып көріңдер.

416-жаттығу (өздік жұмыс)

Төмендегі сұрақтарға жауап беріп жазыңдар:

  1. Қай көшеде тұрасың?
  2. Үйіңнің нөмірі неше?
  3. Пәтеріңнің нөмірі нешінші?
  4. Отбасыңда қанша адам бар?

V. Қорытындылау және бағалау

Бекіту

Семантикалық карта арқылы берілген суреттерге қатысты тапсырмаларды орындау: қыз, мысық, гүл (6-слайд).

Бағалау

Оқушылар жетондары бойынша «ақшаларын» санап, нәтижесіне қарай бағаланады.

Назарда:

Дәлелді жауап, белсенділік және көркем жазу — бағалаудағы негізгі өлшемдер.

Үй тапсырмасы

  1. 417-жаттығу, 151-бет.
  2. Сан есімі бар жұмбақтар жазу.