Жылы жаққа ұшпайтын, Біздің жақта қыстайтын

Сабақтың мақсаты

Танымдық

І. Жансүгіровтің «Қоңырқай күз болыпты, қуарып жапырақ түсіпті…» деген жолдарын еске ала отырып, балаларды балабақша ауласында және қалада өсетін ағаштардың атауларын білуге, бұтақтары мен жапырақтарын діңіне қарап ажыратуға үйрету.

Экологиялық

Күздің ерекшеліктерін байқата отырып, табиғат байлығын қорғауға, оны аялай білу дағдысын дамыту. Күз мезгілінде құрт-құмырсқа тіршілігінде болатын біртіндеп өзгерістер туралы түсініктерін кеңейту.

Тәрбиелік

Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауды қалыптастыру.

Көрнекіліктер мен құралдар

  • Балабақша айналасының картасы
  • Ағаштардың суреттері
  • Гербарийлер
  • Техникалық құралдар
  • Қыстайтын құстардың суреттері
  • Жылжымалы папкілер

Сабақтың өту барысы

Жаттығулар және кіріспе

Тәрбиеші

Балалар, оқу іс-әрекетін бастамас бұрын тілімізге және қолымызға жаттығу жасап алайық: «Көңілді тіл ертегісі», «Кім бірінші?» (саусаққа, тіл мен қолға арналған жаттығулар).

Жұмбақ-әуен

Айнала сары киінді, құстар жылы жаққа ұшады. Күн бұлттанып, ызғарланады — бұл қай кезде болады?

Балалардың жауабы

Бұл күз мезгілінде болады.

Күз туралы сұрақ-жауап

Тәрбиеші

Балалар, жылдың неше мезгілі бар?

Балалар: Жылдың төрт мезгілі бар: көктем, жаз, күз, қыс.

Тәрбиеші

Күз мезгілінде неше ай бар?

Санжар: Күздің үш айы бар: қыркүйек, қазан, қараша.

Тәрбиеші

Күздің ерекшеліктерін кім айтады?

Гүлназ: Күн суытады, жылы киінеміз, құстар жылы жаққа ұшып кетеді. Көкөніс, жеміс-жидек және дақылдарды жинап аламыз.

Күз туралы тақпақтар

Салтанат

Алтын сары, қызыл-көк,
Алуан-алуан жапырақ.
Күзгі бақта күлімдеп,
Көз тартады апырап.

Балаби

Көктемде егін егетін,
Күзде жиып беретін.
Біздің дала — бай дала,
Алтын астық айнала.

Құстар — табиғаттың қорғаушылары

Сұрақ

Құстар біздің кіміміз?

Балалар: Құстар — біздің достарымыз. Олар бақшаны құрт-құмырсқалардан қорғайды, табиғатты сақтауға көмектеседі.

Қыстайтын құстар

  • Сауысқан
  • Торғай
  • Суықторғай
  • Кептер

Мақал-мәтел және жұмбақ

Санжар: «Құсқа аяз қатер емес, аштық қатер».
Құстар көп болса, зиянкес жәндіктер аз болады.

Көктемде келіп, күзде кетеді,
Жаздай бауда әндетеді.

Жауабы: құстар

Алуа

Қайтқан құсты көрдің бе?
Қайтпай ұшқан әуелеп.
Күткен күзім, келдің бе?
Сыңсып бағың мәуелеп.

Сәуле

Жылы жаққа ұшпайтын,
Біздің жақта қыстайтын.
Құстар жүрсе жуықта,
Жем шашуды ұмытпа.

Қазан айындағы мереке және Отан туралы ой

Сұрақ

Қазан айында қандай мереке бар?

Балерке: 25 қазан — Республика күні.

Тұжырым

Юсуп: Біз Қазақстан Республикасында тұрамыз.

Балабақша туралы

Нұрислам: Біз №13 «Бөбек» балабақшасына келіп жүрміз.

Дарина: Балабақшамыз Нағым Қобландин көшесінде орналасқан.

Экологиялық сабақ: ауладағы ағаштармен танысу

Тәрбиеші

Бүгін І. Жансүгіров айтқандай «күз болыпты, қурап жапырақ түсіпті…» деген ойға сүйене отырып, экологиялық сабағымызды бастаймыз. Қонақтарға балабақша айналасында өсетін ағаштарды таныстырамыз.

Қақпа алды (оң жақ)

Сабрина: Қарағаш пен сирень өсіп тұр.

Қақпа алды (сол жақ)

Балалар: Гүлдер, сирень ағаштары және балалар суреттері бар.

Аула кеңістігі

Ары қарай көбіне қарағаштар мен шырмауықтар өседі. Бақшаның бір жағын танып болдық, енді оң жақ қапталда балалар серуендегенде демалатын орын бар.

Диас: Ең үлкен ағаштар — терек, қарағаш және бұталар.

Гүлзар

Балалар: Қанна мен пион гүлдері өседі.

Терезе жаны

Балалар: Шырмауық гүлдері, бәйшешек, қоңыраугүл, інжугүлдер бар.

Картадағы бояулар

Балалар: Өйткені күз мезгілі: жапырақтар сарғайған.

Сергіту сәті

Бойды бүкпей тік ұста,
Еркін тұрып тыныста.
Жай оң қолды оң жаққа,
Жай сол қолды сол жаққа.
Екі қолды белге ұста.
Алға қарай бір адым,
Артқа қарай бір адым.
Қос аяқтап топ-топ,
Алақанды соқ-соқ.

Дидактикалық ойындар: ағаштарды тану

«Сиқырлы шам» ойыны

Суретке қарап, ағаштың атауын табу.

Гүлсая (қарағаш туралы)

Көше бойы аралас,
Қаптап өскен қарағаш.
Жемісі жоқ болса да,
Саясы көп дара ағаш.

Сипаттама

Адил: Діңі қаралау, бұтақтары жайылып өседі.

Ағаштардың ерекшеліктері

Көк терек

Рабия: Аязға тоңбайды, аптапқа шыңдалады. Жел өтінде тұрса да, иілсе де сынбайды.

Бекнұр: Жуан, ұзын, тік өседі, қабығы көкшіл.

Емен

Айгерім: Егістікті қоршай ектік еменді, ескен желден егінді қорғап тұрар ол енді.

Еменнің діңі сұрғылт қара, жапырақтары оюға ұқсайды, көлеңкесі кең.

Шырша

Алуа: Жазда да, қыста да жасыл. Инелері көп, бүрлері аз.

Мақал-мәтелдер: табиғатты аялау

  • Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын.
  • Ағаш ексең аялап, басыңда болар сая бақ.
  • Бір ағаш кессең, он ағаш отырғыз.

«Қай ағаштың жапырағы?»

Балалар жапырақтарды пішіні мен жүйкесіне қарап сәйкестендіреді: қай ағашқа тиесілі екенін табады.

ТРИЗ әдісі және шығармашылық жұмыс

«Торғай қонды ағашқа» тапсырмасы: үрлеу әдісі және саусақпен салу арқылы бейнелеу жұмысы орындалады.

Қорытынды

Экология туралы тақпақ

Табиғатты сүйіңдер,
Сүю үшін біліңдер.
Қамқорлық жасау жолында,
Жан-тәніңмен күйіңдер.

Мадақтау

Оқу іс-әрекетіне белсенді қатысқан балалар мадақталады.