Днепр үшін шайқас
Ер есімі — ел есінде
Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевтың есімі тарихта да, халық жадында да мәңгі сақталады. Бұл жазба — Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарын еске алып, ел үшін жанын аямаған ерлердің ерлігін ұлықтауға арналған.
Сабақтың мақсаты
- 1 Оқушыларды Ұлы Отан соғысы және қазақстандықтардың ерлік істерімен, соның ішінде Ідіріс Үргенішбаевтың ерлігі мен қаһармандығымен таныстыру.
- 2 Адамгершілікке, Отанды сүюге және қорғауға тәрбиелеу; отансүйгіштік сезімді күшейту.
- 3 Үлкендерді сыйлауға, олардың еңбегі мен ерлігіне құрметпен қарауға баулу.
Кіріспе сөз
Қазақ халқы талай ауыр тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Сол кезеңдердің ең қасіреттілерінің бірі — әлемді дүр сілкіндірген Екінші дүниежүзілік соғыс. Бұл сұрапыл 1941 жылдың 22 маусымында басталды.
1941 • 22 маусымҮнтаспадан тыңдау
«Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! 1941 жылы 22 маусымда таң шапағы арайлана бастаған кезде елімізге қауіп төнді. Халқымыз адам айтқысыз қиын-қыстау кезеңге душар болды. Фашистік Германия елімізге опасыздықпен басып кірді».
(Соғыс туралы музыка ойнап тұрады.)
Өлең жолдары: соғыс қасіреті
Бұлт түнеріп аспаннан,
Талай көзден жас тамған.
Тұтқиылдан жау тиіп,
Қырғын соғыс басталған.
Соғыс жалмап аға-іні бауырды,
Зар жылатып тыныш жатқан ауылды.
Жалғызынан айырыпты ананы,
Әкесінен айырыпты баланы.
Отан дейміз от жаққан жерімізді,
Отан дейміз өсірген елімізді.
Отан дейміз туған жер, атамекен —
Биік тау, орман-тоғай, көлімізді.
Отан дейміз кең байтақ астананы,
Жасыл жайлау, жаңа жол, жас қаланы.
Отанның шеті де жоқ, шегі де жоқ,
Ол бірақ өз үйіңнен басталады.
Ерлікке тағзым
Бүгін біз бейбіт өмірге жол ашқан батыр аға-апаларымыздың рухына бас иеміз. Олардың ұмытылмас ерлігін еске алып, кейінгі ұрпаққа үлгі етеміз. Сол қаһармандардың қатарында — біздің жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаев.
Ідіріс Үргенішбаев: өмір жолы
Ідіріс Үргенішбаев 1912 жылы Талдықұм селосында дүниеге келді. Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдаған соң, туған ауылында бастауыш мектеп меңгерушісі қызметін атқарды.
1942 жылдың қаңтар айында Қызыл Армия қатарына шақырылды. Артында анасы мен зайыбы Жәмила қалды. Ідірістен қалған жалғыз ұлы Есенгелді 1942 жылғы 28 тамызда Аяққұмда дүниеге келді.
Есенгелді 1969 жылы Зиягүлмен шаңырақ көтерді. Олардың ұлы Арман Үргенішбаев Есенгелдіұлы 1972 жылы 3 маусымда дүниеге келген. Арман Шалқар қаласындағы аула клубында дене тәрбиесі нұсқаушысы болып қызмет атқарады.
Днепр үшін шайқас (1943)
1943 жылдың қыркүйек-қазан айларында Днепр үшін кескілескен шайқас өтті. Бұл шайқасқа екі тараптан да шамамен 4 миллионға жуық адам қатысып, майдан шебі 1400 шақырымға дейін созылды.
Тарихи мәні
Гитлер кеңес әскерлерін оң жағалауы тік жар болып келетін Днепр өзенінде тоқтатып, кейін қарсы шабуылға шығуды жоспарлады. Алайда бұл жоспар іске аспады.