Ерте темір дәуірі ескерткіштері, Тасмола мәдениеті

Қазақстан тарихы • 7-сынып

Сарыарқа – Ұлы дала

Мақсаты

Орталық Қазақстан аймағының Сарыарқа деп аталу себебін түсіндіру, орналасуын картадан көрсету; тарихи-мәдени ескерткіштерін таныстыру арқылы өңірдің шаруашылығы мен оны мекендеген тайпалар жөнінде тарихи түсінік қалыптастыру.

Дамытушылық

Бұрынғы білімді қолдана отырып, сұрақ қою, салыстыру және жаңа тақырыппен байланыстыра талдау арқылы ойлау мен шығармашылық қабілетті дамыту.

Тәрбиелік

Кең байтақ қазақ жерінің тарихи орындары мен тайпалар қалдырған мұра арқылы туған жерге сүйіспеншілік пен эстетикалық талғамды тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже

  • Оқушылар өз бетімен білім алуға дағдыланады.
  • Жаңа білімді меңгереді.
  • Орталық Қазақстан туралы ақпаратты қажет кезде қолдана білуге үйренеді.

Сабақ форматы

Түрі
Жаңа сабақты меңгерту.
Әдісі
СТО стратегиялары, өзара оқыту, картамен және түрлі түсті суреттермен жұмыс.

Көрнекілігі

Қазақстанның физикалық картасы, схема-суреттер.

Мағынаны тану

Сабақтың кіріспесінде Б. Самединованың орындауындағы «Сарыарқа» әні тыңдалып, Орталық Қазақстан табиғатының суреттері көрсетіледі. Бұл көріністер тақырыптың негізгі идеясына — Сарыарқаның табиғи кеңістігі мен тарихи-мәдени құндылықтарына — назар аудартады.

Сабақ жоспары

  1. 1Сарыарқа – ұлы дала.
  2. 2Сарыарқаның тұрғындары.
  3. 3Шаруашылығы.
  4. 4Ерте темір дәуірі ескерткіштері және Тасмола мәдениеті.

Географиялық орны және атауы

Шекаралары

  • Батысында — Торғай үстірті.
  • Шығысында — Сауыр–Тарбағатай тау жүйесі.
  • Солтүстігінде — Солтүстік Қазақстан жазығы.
  • Оңтүстік-батысында — Тұран ойпаты.

Аумағы мен өлшемі

Ұзындығы
Батыстан шығысқа дейін шамамен 1200 км.
Ені
Шығысында 400 км, батысында 900 км шамасында.

«Сарыарқа» ұғымы нені білдіреді?

«Сарыарқа» атауы қазақтың сары даласын шығыстан батысқа қарай бөліп жатқан аласа таулар желісін сипаттайды. Мыңдаған жылдар бойы жел мен судың әсерінен мүжілген жоталар, олардың баурайындағы көлдер мен ерекше тас пішіндер өлкенің көркін айшықтайды.

Көкшетау өңіріндегі табиғи нысандардың (мысалы, «шөккен бура», Оқжетпес, Жұмбақтас) маңында көптеген аңыз-әңгімелер сақталған.

Кен өндіру дәстүрі

Қола дәуірінен бастап бұл аймақта кен өндіру дамыды. Ерте темір дәуірінде мыс, алтын және өзге де металдарды өндіру кең өркендеді.

Сарыарқаның тұрғындары: тайпалар және деректер

Ежелгі деректерде Сарыарқа өңірін әртүрлі тайпалар мекендегені айтылады. Тарих ғылымында «тарихтың атасы» деп танылған Геродот бұл аймақта аргиппейлер мен исседондар өмір сүргенін жазады.

Қазіргі зерттеушілердің тұжырымдауынша: ежелгі заманда Сарыарқаның солтүстік-батысында — аргиппейлер, орталығында — исседондар, шығысында — аримаспылар орналасқан.

Сыныптық жұмыс идеясы

Тайпалардың орналасуын картаға белгілеп, табиғи орта мен шаруашылық түрлерінің байланысын талдау.

Шаруашылық: көшпелі өмір салтының қалыптасуы

Неге көшпелі мал шаруашылығына көшті?

  1. 1 Қуаңшылық күшейіп, жауын-шашын азайды; егіншілікпен айналысу қиындай түсті.
  2. 2 Ат әбзелдерінің жетілуі жылқыны көлік ретінде кең қолдануға мүмкіндік берді.
  3. 3 Мал санының артуы жаңа жайылымдарды қажет етті.

Жұмбақ арқылы бекіту

1) «Кішкене ғана бойы бар, айналдырып киген тоны бар.»

Жауабы: қой

2) «Мүйізі айдай иірген, мұрнын көкке шүйірген…»

Жауабы: сиыр

3) «Кезекті бір жануар, үстінде екі тауы бар.»

Жауабы: түйе

Бұл жұмбақтар Орталық Қазақстанды мекендеген тайпалардың осы түліктерді өсіріп, тіршілігін қамтамасыз еткенін көрсетеді.

Көшпелілерге қажет білім

Малшылар өздерін қоршаған табиғатты танып, ауа райын болжап, жыл маусымдарын ажырата білуге тиіс болды. Халық тәжірибесінде ауа райын болжауға қатысты мынадай белгілер сақталған:

  • Қозылар қойдың алдын орай жайылса, қыс қолайлы болады.
  • Қой қыста қорадан шықпай, шегіншектеп маңыраса, ауа райы бұзылады.
  • Жыл құстары топ-тобымен бір мезгілде ұшып келсе, көктем тез шығады.
  • Қарлығаш биік ұшса — күн ашық, төмен ұшса — ауа райы бұзылады.
  • Жазда қоян көп болса, алдағы қыс суық болады.
  • Күзде құмырсқа көп көрінсе, қыс жылы болады.
  • Құмырсқа илеуін биігірек етіп салса, қыс қатты болады.

Осындай тәжірибелік білім көшпелі шаруашылықтың тиімді жүргізілуіне ықпал етті.

Аспан әлемі, жұлдыздар және уақыт өлшемі

Қазақтардың аспан әлемі туралы түсінігі бай болды: бағытты, уақытты және маусымды жұлдыздарға қарап анықтаған. Жол жүргенде басты бағдар болған жұлдыз — солтүстіктегі Темірқазық. Оны айнала қозғалатын жеті жұлдыз Жетіқарақшы деп аталады.

Үркерге қарап маусымды тану

  • Үркердің жерге жақындауы — көктемнің таяғанының белгісі.
  • Жаздың басында Үркер жақындап, соңында көрінбей кетеді.
  • Үркер «жерге түскендей» болған кезеңмен шілде айы байланыстырылған (қырық күн шілде).
  • Үркер қайта көрінсе — күздің жақындауы.

Шолпан және тұрмыс ырғағы

Таң алдында көрінетін жұлдызды Шолпан деп атаған. Алыс сапарға шығатын жолаушы таң Шолпаны көрінгенде жолға шыққан. Қыста малды кешкі Шолпанға қарап қораға кіргізген.

Ай атаулары: табиғатпен байланыс

Наурыз

Парсыша «жаңа күн».

Көкек (сәуір)

Көкектің алғаш шақыра бастайтын кезі.

Мамыр

Семірген дала қазының мамырлап ұша алмай қалатын кезі деген түсінік бар.

Маусым (Отамалы)

Жер отайып, мал көкке қарық болады деген мағынада.

Шілде

Парсыша «шіллә» — қырық (қырық күн шілде ұғымымен байланыстырылады).

Тамыз

«Сарша тамыз»: шөптің сарғая бастауы.

Қыркүйек

Күйек салу науқаны.

Қазан

Зерттеушілер бұл айда соғым қамы басталып, қазанның жиі асылуымен байланыстырады.

Қараша

Жер тақырланып, қарайып қалуына қатысты түсіндіріледі.

Желтоқсан

Жылдың ақырғы ширегі; Наурызға дейін тоқсан күн қыс бар деген ұғыммен сабақтас.

Қаңтар

Күннің «қаңтарылып», одан әрі қысқара алмайтын шағы деген түсінік бар.

Ақпан

Кей деректерде «ақ ықпа» тіркесімен байланыстырылады: суық желден ықтайтын кез.

Ерте темір дәуірі ескерткіштері және Тасмола мәдениеті

Әр халық өз мекенінде із қалдырады: жерлеу орындары, еңбек құралдарының қалдықтары және өзге де археологиялық деректер соның дәлелі. Сарыарқа өңіріндегі ерте темір дәуіріне тән бірқатар ескерткіштерді исседон тайпалары қалдырған деп есептеледі.

Бұл мәдениеттің алғашқы ескерткіштері Павлодар облысы Екібастұз ауданындағы Тасмола өңірінен табылған. Сол себепті Сарыарқаның ерте темір дәуірі ескерткіштері Тасмола мәдениеті деп аталады.

Оба және қорым

Оба — қабір үстіне топырақтан үйілген төбешік. Обалар жеке де, топтасып та кездеседі. Топтасқан түрі қорым деп аталады.

«Мұртты обалар»

Орталық Қазақстандағы ерте темір дәуіріне тән ерекше ескерткіштер — мұртты обалар. Кейбір ғалымдардың пікірінше, мұртты қорғандар бағдаршам қызметін атқарған.

Қазақстанда мұртты обаларға жататын 300-ден астам ескерткіш бар. Соның 80%-дан астамы Орталық және Солтүстік Қазақстанда орналасқан.

Мұртты обалардың негізгі 4 түрі

  1. Үлкен қорғанның шығыс жағынан салынған кіші қорған және кіші қорғаннан шығысқа қарай мұрт тәрізді тас тізбек созылады.
  2. Екі қорған оңтүстіктен солтүстікке қарай қатар салынады; екі қорғанның шетінен шығысқа қарай доға тәрізді «мұрт» жүргізіледі.
  3. Әуелі бір үлкен қорған салынып, оның үстінен тағы бір кіші қорған тұрғызылады; шығыс жағынан тас мұрт жасалады.
  4. Үшінші түрге ұқсас: бірінің үстіне бірі салынған екі қорғаннан тұрады. Астыңғы және үстіңгі қабаттардың ара жігі қазба жұмыстары кезінде анықталады.

Кейбір обалардың екеу болып салынуының бір түсіндірмесі бар: біріне адам, екіншісіне мініс аты жерленген.

Салыстыру (Венн диаграммасы мазмұны)

Беғазы–Дәндібай мәдениеті

  • Қола дәуіріне жатады.
  • Құрылыстары ірі, күрделі.

Ортақ белгілер

  • Екеуі де оба түріндегі ескерткіштермен танылады.
  • Негізгі таралу аймағы — Орталық Қазақстан.

Тасмола мәдениеті

  • Ерте темір дәуіріне жатады.
  • Адаммен бірге жылқыны қоса жерлеу дәстүрі кездеседі.

Бұған дейінгі тақырыптармен байланыс ретінде: қола дәуіріндегі андрон тайпаларынан қалған мұра Андрон мәдениеті деп аталады.

Автор туралы мәлімет

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы, Сыңғырлау ауылы, «Сыңғырлау мектеп-балабақша кешені» КММ-нің тарих және құқық пәні мұғалімі — Шариғатова Гүлжамал.