Рим тарихшысы

Сабақтың тақырыбы

Сақтардың тәуелсіздік жолындағы күресі

Сабақтың мақсаты

  • Сақтардың тәуелсіздік жолында кімдермен және қалай шайқасқанын, соғыстардың нәтижесін түсіндіру.
  • Берілген үзінділермен жұмыс жасата отырып, оқушылардың ой-өрісін дамыту.
  • Сақтардың ерлік күресін үлгі ете отырып, намыс, батырлық пен отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Карта
  • Таблица
  • Сақтардың құрал-саймандары және т.б.

Түрі және әдістері

Сабақтың түрі

Аралас сабақ

Жүргізу әдістері

Сахналық көрініс, сұрақ-жауап, ойын элементтері.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру

Сабаққа дайындық, оқушылардың назарын тақырыпқа бағыттау.

II. Үй тапсырмасын тексеру

1) «Кім жылдам?» ойыны

Төмендегі ұғымдарға анықтама беру:

  • Тайпа көсемі
  • Жауынгер

2) Тарихшылар сақтар туралы не дейді?

  • Парсы жазбаларында — «құдіретті еркектер» деп аталады.
  • Иран жазбаларында — «жүйрік атты турлар» деп көрсетіледі.
  • Грек жазбаларында — «азиялық скифтер» деп аталады.
  • Грек тарихшылары — сақтар «батыр, дұшпанға қатал, досқа адал» болғанын жазады.
  • Ктесий — сақ әйелдері ержүрек болып, қауіп төнгенде ерлерге көмектесіп, ұрысқа араласқанын баяндайды.
  • Геродот — сақтар өмірінде ағаштың маңызы зор болғанын айтады: қыста ағаш үйді қалың киізбен жауып, жазда жабусыз қолданған.
  • Рим тарихшысы Квинт Курций Руф — сақтардың «көктен түскен сыйқырлы салты» туралы аңызды келтіреді: соқа мен қамыт — егіншілерге, найза мен садақ — сарбаздарға, жайпақ тостаған — абыздарға арналған; бұл заттар елді қорғау үшін қажет делінеді.

Жаңа сабақ

Баяндау жоспары

  1. 1 Томирис пен парсы патшасы Кир арасындағы шайқас.
  2. 2 Парсы патшасы I Дарийдің шапқыншылығы.
  3. 3 Александр Македонскийдің сақ еліне жорығы.

1) Томирис пен Кир: тәуелсіздік үшін шайқас

Б.з.б. VIII–VII ғасырларда сақтар көрші алдыңғы қатарлы елдермен қарым-қатынас жасады. Парсылармен де белгілі бір кезеңде одақтық байланыстар болған. Алайда парсы патшасы Кир сақ-массагеттерді өзіне тәуелді етуді көздеп, жорық бастайды.

Кирдің айласы

Кир соғысқа дайындалып, алдымен Томириске елші жібереді. Жесір қалған сақ патшайымына «маған тұрмысқа шық» деген ұсыныс жасайды. Томирис бұл ұсынысты қабылдамайды.

Кир күшпен бағындыруға кірісіп, әскерін алдап-арбау тәсілімен ұйықтатып түсіру үшін мол тағам мен шарап қалдырады. Сақ жауынгерлері арасында Томиристің ұлы Спаргапис те болады: ол тұтқынға түседі.

Томиристің Кирге жолдаған хаты (үзінді)

«Қанқұмар Кир! Жеңіске желікпе! Сен менің ұлымды ашық айқаста қарудың күшімен жеңген жоқсың. Шарап ішкізіп, алдап қолға түсірдің. Енді ақылымды тыңда: тұтқынға алған жауынгерлерімді қанағат тұтып, ұлымды қайтарып бер де, есен-сау еліңе қайт. Егер олай етпесең, тәңірі атымен ант етемін: қанға қанша тойымсыз болсаң да, адам қанын қалағаныңша ішкіземін!»

Кир хатты оқығанымен, райынан қайтпайды. Тұтқындағы Спаргапис өз жағдайын түсініп, өзін-өзі өлтіреді. Келесі күні екі жақ арасында аса қанды шайқас болып, парсы әскері ойсырай жеңіледі. Кир қаза табады.

Томиристің серті

Томирис Кирдің басын қан толтырылған торсыққа салып, берген сертін орындағаны туралы аңыз айтылады. Бұл оқиға сақтардың тәуелсіздігін сақтап қалған тарихи күрестің символына айналды.

2) I Дарий жорығы және Шырақтың ерлігі

Кир оқиғасынан кейін шамамен 11 жыл өткен соң, б.з.б. 518 жылы парсы патшасы I Дарий сақтарға қарсы үлкен жорық ұйымдастырады. Бұл кезеңдегі ерлік туралы грек тарихшысы Полиэн Шырақ есімді сақ жауынгерінің ісін баяндайды.

Шырақтың айласы

Шырақ өз денесін әдейі жаралап, парсыларға «қашқын» болып барады. Ол сақ жерінің ой-шұңқырын жақсы білетінін айтып, парсы әскерін бастап баруға «көмектесетінін» жеткізеді.

Нәтижесінде парсылардың қалың қолын елсіз, сусыз шөлге кіргізіп, адастырады. Әскер аштық пен шөлден қырылады.

Аңыздағы диалог (мазмұны бойынша)

Дарий: «Не мақсатпен сен бізді алдап, әскерімізді қырмақсың? Енді алға да, артқа да жол жоқ».

Шырақ: «Жеңіс деген осы: отандастарымның басына үйірілген қасіретті кері серпіп, сендерді шөл мен аштыққа әкеп қамадым. Енді қайда барсаңдар да табатындарың — ажал».

Аңыз бойынша, ашуға булыққан Дарий Шырақты өлтіреді. Бірақ Шырақтың әрекеті — елін қорғау жолындағы жанқиярлықтың, әскери тапқырлықтың көрнекті үлгісі.

3) Александр Македонский және «көз сүйегі» туралы тәмсіл

Б.з.б. IV ғасырда грек-македон әскері Орта Азияға басып кіріп, Самарқанды жаулап алады. Бұл кезеңді түсіндіруде әдеби үзінділер мен тәмсілдер ойды тереңдетуге көмектеседі.

«Ескендір» поэмасынан мазмұнды үзінді

Александр: «Қақпаңды аш!»

Жауап: «Қақпаны саған ашуға рұқсат жоқ.»

Александр: «Мен Ескендір патшамын, жер жүзінде соғыста бәрін жеңгенмін… Халқыма сый қылып, белгі болар бір нәрсе беріңдер.»

Сонда оған бір орамал лақтырады. Александр орамалды ашып қараса — адамның көз сүйегі шығады. Ол таңырқап, Аристотельден ақыл сұрайды.

Аристотельдің түйіні

«Тоя ма адам көзі мың мен санға?
Жеміт көз жер бетінде тоймаса да,
Өлсе тояр көзіне құм құйылғанда.»

Тәмсілдің мәні — тойымсыздықтың шегі бар, ал шынайы құндылық күшпен емес, ақыл мен парасатпен өлшенеді.

Сабақты бекіту

Сақтардың елін, жерін, тәуелсіздігін қорғаудағы күресін негізгі мысалдар арқылы талдадық. Енді мазмұнды жинақтап, сұрақтар арқылы бекітейік:

  1. 1 Сақтар кімдермен шайқасты?
  2. 2 Парсылар сақтарды алдағанда, сақтар бұған қалай жауап қайтарды?
  3. 3 Македонскийдің жорығына қарсы тұрудың мақсаты қандай болды?
  4. 4 Қандай тарихи тұлғалармен таныстық?

Қорытынды, бағалау, үй тапсырмасы

Сабақты қорытындылау

Томирис, Шырақ секілді тұлғалардың ерлігі арқылы сақтардың тәуелсіздік үшін күресі — бірлік, намыс және тапқырлықтың үлгісі екенін байқаймыз.

Оқушыларды бағалау

Сұрақтарға жауап беруі, мәтінмен жұмыс, сахналық көрініске қатысуы және талдау дағдылары бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

Шырақтың ерлігі туралы оқып келу.