Мынау қандай оюлар

Сурет оқу іс-әрекетінің жоспары

Бөлімі

Шығармашылық

Саласы

Білім беру

Тақырыбы

Камзолды оюмен өрнектейміз

Мақсаты

  • Қиып әзірленген камзолды дәстүрден тыс тәсілмен — картон бастырмасы арқылы ою-өрнекпен безендіруді үйретуді жалғастыру.
  • Бояу түстерін дұрыс таңдауға баулу, ою-өрнек пен ұлттық киімдер туралы білімді бекіту.
  • Әсемдік пен сұлулықты сезінуге тәрбиелеу, көркемдік талғам қалыптастыру.
  • Ойлау қабілеті мен тілін дамыту.

Көрнекіліктер

  • Ұлттық бұйымдар
  • Ұлттық киімдер суреттері
  • DVD/диск (бейнематериал)
  • Қиылған камзол үлгілері

Әдіс-тәсілдер

көрсету әңгімелесу сұрақ-жауап сергіту ойын қорыту

Салалық байланыс

Көркем әдебиет, тіл дамыту.

Сабақ барысы

Мотивациялық қозғаушы: «Шаттық шеңбері»

Күннің көзі ашылсын,
Көкке шуақ шашылсын.
Құтты қонақ келіпті,
Төрімізге еніпті.
Амандасу үлкенге —
Тәрбиенің басы ғой.
Ал, қанекей бәріміз,
Сәлем дейік үлкенге.

Сәлеметсіздер ме, апайлар!
Еліміз аман болсын!
Аспанымыз ашық болсын!
Мейірімді болайық!
Деніміз сау болсын!
Балабақшамыз жайнай берсін!
Бәріміз дос болайық! Достарымыз көп болсын!

Ұйымдастыру-ізденуші бөлім

Тәрбиеші балалармен қысқа әңгіме жүргізеді:

  • Қазір жылдың қай мезгілі?
  • Қандай ай?
  • Аптаның нешінші күні?
  • Қазір қандай оқу іс-әрекеті болатынын білеміз бе?

Оқиға

Осы сәтте есік қағылып, хат тасушы келеді.

Хат тасушы

Сәлеметсіздер ме, балалар! Бұл «Балауса» тобы ма? Мен сендерге сәлемдеме әкелдім. Ішіндегі тапсырманы мұқият тыңдап, дұрыс орындаңдар. Міне, апай. Сау болыңдар!

Тәрбиеші

Рахмет сізге! Сау болыңыз, жолыңыз болсын.

Балалар сәлемдемені бірге ашады: ішінен диск және қиылған камзол үлгілері шығады.

Бейнеүндеу: әженің өтініші

Теледидар қосылып, экраннан әже көрінеді.

Амансыңдар ма, балалар! Мен Аяжанның әжесімін. Немереме камзол тігіп едім, енді оған қандай ою-өрнек салып безендіретінімді білмей отырмын. Сендер мектепке барғалы отырған балаларсыңдар, ұлттық оюлардың түрлерін жақсы білесіңдер деп сенемін. Сәлемдеме ішіндегі камзол үлгілеріне өздерің білетін оюларды түсіріп, маған көмектесіңдерші. Әдемі өрнектелген камзолдарды күтемін. Сау болыңдар!

Тәрбиеші: «Балалар, әжеміз бізге үлкен сенім артып отыр. Көмектесеміз бе?»

Ою туралы мақал-мәтелдер

Аружан

«Ою ойғанның — ойы ұшқыр.»

Ерасыл

«Ою ойған, сызуды да сызады.»

Анель

«Шешеннің сөзі ортақ, шебердің қолы ортақ.»

Білімді өзектендіру: ұлттық ою-өрнек

Камзолды бұл жолы қылқаламмен емес, картон бастырмасы арқылы өрнектейміз. Балалар мына ою түрлерін атайды: қошқар мүйіз, қос мүйіз, тарақ, ирек және т.б.

Ұлттық оюлардың атауы көбіне өсімдік пен жануарлар әлемімен байланысты. Ою-өрнектерді тек киімге ғана емес, сондай-ақ ыдыстарға және тұрмыстық бұйымдарға да салған. Ұлттық киімдер: бас киім, аяқ киім, камзол, шапан, белдік — бәрі де оюлармен көмкерілген. Оюды әр бұйымның ерекшелігіне қарай таңдайды.

Ою туралы тақпақтар

Азамат

Әжей кесте тігеді,
Ойып түрлі оюды.
Жібереді өнері,
Шарықтатып көңілді.

Жұлдызай

Оюларға сүйсініп,
Қайран қалып тұрасың.
Көре білсең, түсініп,
Одан көп сыр ұғасың.

К. Жұлдызай

Көрші әжей өнерлі,
Барып тұрам күнде мен.
Құрмет тұтып шеберді,
Ою-өрнек үйренем.

Тәрбиеші балалардың жауаптарын нақтылайды: «Бүгін әженің камзолын қандай оюлармен өрнектейміз? Мынау қандай ою? Ал мынау қандай ою?»

Практикалық жұмыс: картон бастырмасымен өрнектеу

Қажеттілер

  • Камзол үлгісі
  • Дайын картон бастырмасы
  • Қызыл және көк бояулар

Нұсқаулық

  • Картонды бояуға ұқыпты батырыңдар.
  • Өрнекті анық әрі таза басыңдар.
  • Түстерді үйлестіріп, әдемілікке мән беріңдер.

Тәрбиеші камзолға бастырып көрсету арқылы түсіндіреді: жоғарыдан төмен қарай «бота мойын» оюын басамыз, ал камзолдың етегіне «қошқар мүйіз» оюын түсіреміз. Әжеге ұнамды болатындай, жұмысты ұқыпты орындаңдар.

Сергіту сәті

Ал, балалар, тұрайық,
Ою-өрнек сызайық.
Түйе табан,
Қой ізі мен қос мүйіз,
Қарға тұяқ, құс қанат.
Бүршік пен гүл әдемі —
Ою-өрнек әлемі.
Қылқаламды алайық,
Сәнді өрнек салайық.

Өз бетінше жұмыс

Балалар орындарына отырып, әженің тапсырмасын орындайды. Тәрбиеші бақылап, қажет болған жағдайда әр балаға жеке көмек көрсетеді.

Рефлексия және көрме

Балалардың жұмыстарын атап, тақтаға іліп, шағын көрме ұйымдастырылады.

Одан кейін Мадияр сурет оқу іс-әрекеті туралы тақпағын айтады: О. Әубәкіров — «Сурет сабағы».

Дидактикалық ойын: «Өз оюыңды құрастыр»

Мақсаты: әр балаға төрт түрлі ою элементін құрастырып шығу тапсырмасы беріледі. Құрастырған оюының атауын айтады.

Қорытынды

Бүгін бәрің оқу іс-әрекетіне белсенді қатыстыңдар: жақсы жауап бердіңдер, камзолға оюларды ұқыпты әрі әдемі бастыңдар. Сендердің жұмыстарыңды көргенде Аяжанның әжесі қатты қуанады.

Енді қонақтармен қоштасайық: «Сау болыңыздар!»