Ойын - педагогтар үшін баланы зерттеудің басты диагностикасы
Ойын арқылы білім алу: оқыту іс-әрекетіндегі сюжеттік-рөлдік және дидактикалық ойындардың маңызы
Баланың көп уақытын ойынмен өткізетіні белгілі. Ал бала ойынына зер сала қарасақ, ойынның баланың өсіп, біліп, төңірегіндегі дүниені танып, ойланып сөйлей білуінде алатын маңызы орасан зор.
Үйде көпшілік ата-аналар баланың ойынына жеткілікті көңіл бөле бермейді: олар баланың сұраған ойыншығын немесе дүкенде әдемі көрінген ойыншықты алып берумен ғана шектеледі. Ал балабақшада оқыту іс-әрекетінің негізгі элементтерінің бірі — ойын. Сондықтан педагог ойынға ерекше мән беріп, оны баланың қарым-қатынас қабілетінің қалыптасу құралы ретінде қарастырады. Ойын арқылы баланың үлкендермен және құрдастарымен дұрыс қарым-қатынас орнатуына жағдай жасайды.
Дж. Родари
«Тек ойын кезінде ғана бала еркін сөйлейді. “Не айту керек?” дегенге мән беріп жатпайды, өзінің көкейіндегісін ғана айтады... Баладан жауап аламын немесе үйретемін деп іске кірісудің берері шамалы. Онымен ойнау, қиялдау, құрастыру, бір нәрсе ойлап табуға әрекеттену қажет».
Ойын — педагог үшін баланы зерттеудің маңызды диагностикалық алаңы. Ол баланың интеллектуалдық мүмкіндіктеріне, мінез-құлқының ерекшеліктеріне және балалар арасындағы қарым-қатынас сапасына ықпал етеді. Кез келген ойында бастамашыл, қолдаушы, ойын бағытын өз қалауынша бұруға тырысатын, көпшілікті соңынан ертетін көшбасшы (лидер) әрекеттері айқын көрінеді.
Ойын кезінде баланың осы әрекеттерін бақылай отырып, педагог бір жағынан бала туралы қажетті мәлімет жинаса, екінші жағынан оқыту мен тәрбиені өзіне керекті арнаға бағыттауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар ойын барысында баланы дамудың жаңа кезеңіне дайындайтын нақты психикалық өзгерістер де жүреді.
Ойын барысында баланың қиялы толық ашылады. Педагогтың міндеті — баланың қиялын жайдақ деңгейде қалдырмай, оны оқыту іс-әрекетінің негізгі мақсатына жақындату. Дж. Родари айтқандай, бала «не айту керек» дегенге мән бермейді; сондықтан баламен бірге ойнай отырып, оның қиялын қажет бағытқа асқан ептілікпен бұра білу маңызды.
Мысал: «Ойыншықтар дүкені» сюжеттік-рөлдік ойыны
Мысалы, «Ойыншықтар әлемі» тақырыбын өту барысында «Ойыншықтар дүкені» сюжеттік-рөлдік ойынын ұйымдастыруға болады. Бір ғана ойынның өзінде-ақ балаға қарым-қатынас мәдениетінің бастауын көрсетіп, әдептілік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеміз.
Жағдай: Сөреде түрлі ойыншықтар тізіліп тұрады. Тәрбиеші немесе бір бала сатушы рөліне енеді.
Негізгі шарт: Көпшілік орында өзімізді әдепті әрі мәдениетті ұстаймыз. Сатушымен сөйлескенде әдепті сөздерді қолданамыз.
Диалог үлгілері
- — Сәлеметсіз бе, тәтей!
- — Кешіріңіз, ана қоянның бағасы қанша?
- — Өтінемін, ана аюды көрсетіңізші?
- — Сау болыңыз!
Мұндай ойынды көптеген сабақтарда қолдануға болады: «Жемістер», «Көкөністер», «Киімдер» және басқа да тақырыптарда.