Мұхтар Әуезов Көксерек әңгімесі
Сабақ туралы қысқаша мәлімет
Тақырып
Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі
Сабақтың типі
Аралас
Сабақтың түрі
Дәстүрлі
Әдіс-тәсілдер
Сұрақ-жауап, әңгімелеу, түсіндіру, мәнерлеп оқу
Көрнекіліктер
М. Әуезовтің портреті, шығармалар жинағы
Пәнаралық байланыс
Қазақ тілі, тарих
Сабақтың мақсаттары
Білімділік
Оқушылардың М. О. Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы туралы әдеби білімін кеңейту, «Көксерек» әңгімесінің сюжетімен таныстыру.
Тәрбиелік
Оқушыларды қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеу.
Дамытушылық
Оқушылардың әдеби дүниетанымын кеңейту, қосымша деректер арқылы пәнге қызығушылығын арттыру.
Негізгі идея: «Көксерек» — адам мен табиғат арасындағы байланысты, жауапкершілік пен қатыгездіктің салдарын көрсететін шығарма.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
- Оқушылармен сәлемдесу.
- Оқушылардың сабаққа қатысуын тексеру.
- Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
II. Үй тапсырмасын тексеру
- М. Жұмабаевтың «Толқын» өлеңін жатқа айту.
- «Толқын» көрінісіне сипаттама жазу немесе сурет салу.
III. Жаңа тақырыпты түсіндіру
Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығы
Мұхтар Әуезов 1897 жылы қазіргі Семей облысы, Абай ауданында дүниеге келген. Алғаш сауатын атасы Әуезден ашып, хат таныған. Кейін мұғалімдер семинариясында оқыған.
Төңкеріс қарсаңында Алаш қозғалысының Семейдегі жұмысына қатысады. 1920-жылдары Ленинград университетінде, сондай-ақ Ташкенттегі Орта Азия университетінің аспирантурасында білім алады. Осы кезеңде әлем әдебиетімен терең танысып, жан-жақты білімін кемелдендіреді.
Жазушының алғашқы ірі шығармалары прозалық әңгіме, повесть жанрларында жазылды. Ол 1920-жылдардың басы мен орта шенінде «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Жуандық», «Ескілік көлеңкесінде», «Кім кінәлі», «Барымта» сияқты көптеген әңгімелер жазып, ескі қазақ ауылының әлеуметтік шындығын реалистік дәстүрде бейнеледі.
«Қорғансыздың күні» (1921)
Жазушының алғаш жарық көрген әңгімесі. Мұнда Ғазиза есімді панасыз жетім қыздың адам айтқысыз озбырлық пен қорлыққа шыдамай, боранда адасып, үсіп қаза тапқаны суреттеледі. Ақан сияқты қара ниет ауыл әкімінің тағылық әрекеті әшкереленеді. Шығарма көркемдік бітімімен қазақ әдебиетіне жаңа өрнек әкеліп, адам тағдырын дара, шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді.
«Жетім»
Әңгімеде Қасым атты жетім баланың қасіретті балалық шағы айтылады. Иса есімді жамағайынның қорлығына шыдамай қашқан бала қараңғы түнде тоғай ішінде қаза табады. Жазушы өмірден зәбір көргендердің мұңын әлеуметтік мәселе деңгейінде көтеріп, сыншыл реализмнің белгілерін айқын танытады.
Шығармашылық мұрасының биік белесі
Жазушының шығармашылық шыңы — «Абай жолы» роман-эпопеясы. Сонымен қатар ол қазақ әдебиеті мен мәдениеті, рухани мұрасы туралы маңызды ғылыми еңбектер жазды. 1927 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты іргелі зерттеу еңбегін жариялады. 1959 жылы әдебиеттануға қатысты көлемді ой-толғамдары «Әр жылдар ойлары» деген атпен жеке кітап болып басылды.
Назар аударатын шығарма
Әуезов шығармаларының ішінде адам мен табиғаттың байланысын айқын көрсететін туынды — «Көксерек» әңгімесі.
IV. Жаңа сабақты бекіту
1) Оқулықпен жұмыс
- 78–79-беттер: М. Әуезовтің «Менің өмірбаяным» шығармасынан үзіндімен, сондай-ақ Шыңғыс Айтматов пен Луи Арагонның естеліктерімен танысу; өзіндік пікір білдіру.
- «Көксерек» әңгімесінің I, II, III бөлімдерінің сюжетін талдау; әр бөлімге ат қою.
I бөлім: Қасқырлар мекені
- Қасқырлар ойнағы
- Тағылар ұрпақ қамында
- Сорлы қозы тағдыры
II бөлім: Адамдар қиянаты
- Адамдар тағылығы
- Табиғатқа шабуыл
III бөлім: Көксерек пен Құрмаш
- Көксеректің ұрлығы
- Адамдар және Көксерек
2) Талдау сұрақтары
I бөлім бойынша
- Қасқырлар тіршілігі қалай суреттелген?
- Арлан қасқыр мен қаншық қасқырдың іс-әрекетін баянда.
- Тіршілік үшін күрес пен сол жолдағы қаталдық қалай берілген?
II бөлім бойынша
- Адамдар қасқырлар ұясын неге талқандады?
- Бөлтіріктерге жасалған әрекетке көзқарасың қандай?
- Адамдардың іс-әрекеті дұрыс па? Сен оны қолдайсың ба?
- I бөлімдегі қасқырлар әрекеті мен осы бөлімдегі адамдар әрекетінде ұқсастық бар ма? Қайсысы қаталырақ?
III бөлім бойынша
- Ауыл иттерінен Көксерек қандай зәбір көрді?
- Ауыл адамдары оны неге жек көріп, жазалады? Бұл жазаға көзқарасың қандай?
- Неліктен Көксерек адамдар арасына үйренісе алмады? Пікіріңді мәтінмен дәлелде.
V. Үй тапсырмасы
- М. Әуезовтің «Менің өмірбаяным» шығармасынан алынған үзіндіні жаттау.
- «Көксерек» әңгімесінің I, II, III бөлімдерінің сюжетін мазмұндап айту.
VI. Бағалау
Оқушылардың жауаптары тыңдалып, белсенділігі мен дәлелді ой айтуы ескеріле отырып бағаланады.