Менің мамандығым - менің мақтанышым
Менің мамандығым – менің мақтанышым!
Адам баласының өмірлік серігі — Құдай қосқан жары болса, еңбектегі серігі — таңдаған мамандығы. Өмірде осы екі таңдауда да қателеспеу маңызды. Мамандық — кез келген адам үшін тіршілік көзі ғана емес, белгілі бір дайындықты, біліктілікті және жеке жауапкершілікті талап ететін еңбек қызметінің мәнді бөлігі.
Әр адам үшін әртүрлі мағына
Біреу үшін мамандық — арманның орындалуы және отбасы дәстүрін жалғастыру. Екіншісі үшін — жаңалыққа ұмтылу, білім биігіндегі дербестік. Ал үшінші біреулер үшін — тек «мамандық иесі атану» мақсатымен таңдалған, кейін өкіндіретін бағыт болуы мүмкін.
Өмірдің кірпішін дұрыс қалау
Кубалық жазушы және публицист Хосе Хулиан Мартидің: «Мамандық таңдау — өміріңіздің кірпішін дұрыс қалау. Ең қиын мамандық — адам болып қалу» деген ойы жиі еске түседі. Расында, мамандық — тағдырды таңдаумен тең.
Дұрыс таңдалмаған мамандық өмірде де, еңбекте де өкініш тудырады. Сондықтан адам өз қабілетіне сай, жүрек қалауымен сүйікті ісін таңдағанда ғана үлкен белестерді бағындыра алады деп сенемін. Осындай маңызды кезеңнен өткен мен үшін әкемнің кеңесі — өмірлік әрі еңбектік серігімді жүрек қалауымен таңдауыма себеп болды.
Таңдауым
«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген дана қағиданы басшылыққа ала отырып, бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасында «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша білім алып жүрмін.
Әлеуметтік жұмыс деген не?
Әлеуметтік жұмыс — жеке адамдардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған кәсіби іс-әрекеттің ерекше түрі. Ол, ең алдымен, әлеуметтік жағынан жәбір көрген тұлғалар мен қоғамдық топтардың мәселелерін шешуге, азаматтардың әлеуметтік кепілдігі бар құқықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, сондай-ақ адамның әлеуметтік қызмет атқару қабілетін қалпына келтіруге немесе арттыруға жағдай жасауға ықпал етеді.
Кәсіптің құндылықтық негізі
- 1 Ізгілік пен қайырымдылық
- 2 Сыйластық
- 3 Өзара сенім
- 4 Қоғам алдындағы жауапкершілік
Әлеуметтік қызметкер қайда жұмыс істей алады?
Кез келген бітіруші түлектің көкейінде: «Әлеуметтік қызметкер болып қай орталықтарда қызмет атқаруға болады?» деген сұрақ туындайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік қызметкерлердің еңбек ету мүмкіндігі кең, соның ішінде:
Мемлекеттік және әлеуметтік инфрақұрылым
- Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО)
- Халықты жұмыспен қамту саласы
- Зейнетақымен қамтамасыз ету орталықтары
Денсаулық сақтау және қолдау қызметтері
- Оңалту және дағдарыстық орталықтар
- Ауруханалар мен емдік-профилактикалық мекемелер
- Жастармен, егде жастағы азаматтармен, көпбалалы және көмекке мұқтаж отбасылармен тікелей жұмыс
ҚазҰУ кафедрасы және кәсіби мүмкіндіктер
ҚазҰУ-дың «Әлеуметтік жұмыс» мамандығының түлектері бүгінде әлемнің әртүрлі мемлекеттерінде білімін жетілдіріп қана қоймай, өз мамандығы бойынша табысты еңбек етуде. Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының ұжымы шығармашылық әлеуетті жауапкершілікпен ұштастырып, өз кәсібіне және университетіне шынайы берілген.
Қосдипломдық бағдарлама
Бүгінде кафедрада бітіруші түлектер үшін Ресей Федерациясындағы серіктес жоғары оқу орындары негізінде қосдипломдық бағдарлама жүзеге асырылуда:
- Бірінші Президенті Б. Н. Ельцин атындағы Урал федералдық университеті
- Белгород мемлекеттік ұлттық зерттеу университеті
Білім мен ғылымның қайнар мекеніне айналған кафедра оқытушылары үшін ең үлкен қуаныш — өз шәкірттерінің болашақта биік белестерді бағындырып, кәсіби ортада өз орнын табуы.
Талапкерлерге үндеу
Мектеп бітіруші түлектерді әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Философия және саясаттану факультеті, Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының «Әлеуметтік жұмыс» мамандығын таңдауға және осы салада кәсіби маман болуға шақырамын.