Әлпеш ана
Әлпеш ана және қазақ тарихындағы әйелдердің орны
Бізге жеткен деректер бойынша, Найман екі әйел алған екен. Бірінші әйелі Қырғауылдан үш ұл туады: Ақсақал (кей деректе Ақсопы), Үйелші, Күйелші. Екінші әйелі Шүңірекейден жалғыз ұл — Тоқбан дүниеге келеді.
Бұл кезең — ел іргесінен жау торыған, берекесі қашқан мазасыз заман. Найман әулетіне өшігіп жүрген қас дұшпан орайын тауып, ауылға тұтқиылдан шауып, ер-азаматты қынадай қырады. Қарт Найманның төрт ұлы көз алдында мерт болып, өзі ойран болған жұртта жалғыз қалады. Жау ниеті — қартты тірі қалдырып, «қу бас» атандырып, қалған ғұмырын қорлыққа айналдыру болса керек.
Қайғы үстіндегі жауапкершілік
Қаза тапқан төрт ұлдың ішінде үйленгені жалғыз Тоқбан еді. Оның жары — Әлпеш (кей деректе Ақсұлу, Мәзбура) — жесір қалады. Әлпеш Үйсін Дулат бидің қызы болуы мүмкін. Шабылған әулеттің зары да, қорғансыз қалған қарт Найманның ауыртпалығы да енді Әлпештің иығына түседі.
Әмеңгерлікке алар жақын ағайын табылмаған соң, ата жолымен Арғын мен Қыпшақтың жігіттері сөз салады. Найман уәж айтар қисын таппай, ерікті келіннің өзіне береді. Әлпеш болса: «Атамның тұяғын үзбеймін, атын жоғалтпаймын, ошағын сөндірмеймін. Тәңірдің бір жазғаны болар!» — деп, басын босатып алады.
Әлпештің уайымы — өз жесірлігі емес, келін болып түскен әулеттің тұқымы жалғаспай қалуы еді.
Үміт пен тәуекел: Гүлшенің келуі
Бір күні Әлпеш атасының дәрет сындырған жеріне көзі түсіп, қарт Найманның бойында әлі де қуат барын аңғарады. Сол сәт үміт сәулесі жанғандай болып: «Е, Тәңірім, бере көр! Атамның бойында әлі де қуат бар екен-ау!» — деп, тәуекелге бел байлайды.
Әлпеш төркініне барып, әкесі Дулатпен бірге туысқан Ақмырза деген кісінің Гүлше есімді қызын (кей деректе Құрым, Дәмелі, Дәмеш, Тұрымтай) қарт Найманға айттырып алып келеді. Әлпеш Гүлшені айрықша құрметтеп, «енді сен маған ене болдың» деп, атын атамай Қызене дейді.
Гүлше Найманға тигеннен кейін алты ай өткенде жүкті болады. Алайда көп ұзамай Найман қатты сырқаттанып, төсек тартып жатып қалады. Ауруының беті белгілі болған соң, арғын ағайындарын шақырып, өсиет айтады: «Жасым сексенге келіп, бұл өмірден тұяқсыз өтемін-ау деп өкіріп жылап жүргенде, көремін бе деген балам еді. Мына Қызенеден ұл туса, оның жауабын Тәңірдің алдында сендерден сұраймын», — дейді.
Осыдан кейін Найман көп ұзамай дүние салады. Кешікпей-ақ, Гүлше аман-есен ұл табады.
Ат қою дауы және елдік мәміле
Бұл кезде Найман шаңырағының бас иесі болып отырған Әлпеш алты алаштың басын қосып, ақ түйенің қарынын жарып, ұлан-асыр той жасайды. Той үстінде Үйсін Дулат би: «Найман — қаны араласқан қадірлі құдам еді. Мына нәресте — артында қалған белгі ғой. Атын Белгібай қояйық», — дейді.
Арғындар да өз уәжін айтады: «Балаға ат қою жолы біздікі еді. Найман атамыздың Тәңірден өкіріп жылап жүріп тілеген баласы ғой. Атын Өкіреш қоямыз», — дейді.
Әлпеш бұл дауды татулықпен шешіп, екі жақтың да жолын беріп, ақ жамбы, ақ бас құндыз, ақ атан бастатып, бәрін разы қылады.
Ел аузындағы шежіре сөзде мынадай өлең айтылады:
Баланың атын қойды Белгібай деп,
Атадан туып қалған белгі ғой деп.
Ару Әлпеш баланы ардақтайды:
Тәңірім бір тілекті берді ғой! — деп.
Әмеңгерлік жолы және ұрпақтың жалғасуы
Ақыл-парасаты мол Әлпеш көз алдында дүниеге келген қайнысы Белгібайды алтыға келгенше бағып-қағып өсіреді. Кейін өзі отыз жетіге келгенде әмеңгерлік жолымен Белгібайға қосылған екен.
Белгібай мен Әлпештің арасынан ұл туып, «Сүйінші, Найманның тұяғы жалғасын тапты!» — деп, есімін Сүйініш қояды. Сүйініштен — Төлегетай, одан — Қытай, одан — Қаракерей, Матай, Садыр, Төртуыл тарайды. Осы буынның өсіп-өнген ұрпағы «Төрт Төлегетай» атанады.
Әлпештің ұйытқы болуы: шаңырақтың ынтымағы
Белгібай (Өкіреш) Әлпештен өзге де әйел алған. Ол — түрікмен Арлауыт бидің Қаракөз атты қызы болуы мүмкін. Бұл әйел бала көтермейді. Осы аралықта Әлпеш екінші баласына жүкті болып, аман-есен босанған соң, есімін Сүгірше қояды да, Қаракөздің бауырына салады.
Әлпеш Сүгіршеден кейін бала көтермей, бөлек шығып, «енді орнымды бассын» деп, өз немере сіңлісі Тоқсұлуды Белгібайға қосады. Тоқсұлудан Өтеген туады. Сөйтіп, Белгібай үш әйелінен Сүйініш, Сүгірше, Өтеген атты үш бала көреді. Қария сөзде «тоғыз таңбалы қалың Найман осы үшеуінен өсіп-өнген» делінеді.
Осы күйге жеткізген Әлпешті шежіре айтушылар күні бүгінге дейін «Найманның әулие келіні», «Иісі Найманның ардақты анасы» деп қадір тұтады.
Гүлше (Қызене), Елтай (Елата) және Серікбай
Найман қайтыс болып, асы берілген соң, ата жолымен Қызене атанған Гүлшені Сарымен бірге туысқан Шомақтың немересі Елтайға әмеңгерлік жолымен қосады. Кейбір шежіре дерегінде Елтай Найманның туған інісі Наймантайдан туған делінеді.
Әлпеш Елтайды «атамның орнына ата болды» деп, есімін Елата атап кетеді. Кейін Елата мен Гүлшенің арасынан бір ұл туады. Әлпеш ол бала Белгібайға серік болсын деп, атын Серікбай қояды.
Серікбайдан — Келбұға, Кетбұға атты екі ұл туады. Шежіренің бір нұсқасында Келбұғадан — Балталы, Кетбұғадан — Бағаналы тарайды делінеді. Бұл ұрпақтың өзі де кейін іргелі руға ұласқан.
Кетбұға жыраудың Шыңғыс ханның оң тізесін басып отырған би болғаны, «Ақсақ құлан» сияқты күйді тудырған ұлы күйші екені де айтылады.
Тәрбиенің өзегі: бірлік пен ортақтық
Найман атасының тұяғын жалғаған ұрпақ шашау шықпасын, ұжым ыдырамасын деген оймен Әлпеш Серікбайды өз бауырына салып өсіреді. Белгібай мен Серікбай — енелес-емшектес болғаны бөлек, екеуі де Әлпештің қолында тәрбиеленгендіктен, жұптары жазылмай, бір туғандай болып кетеді.
Әлпеш-ана осының бәріне ұйытқы болып, Найманның кіндігінен тараған жұрт жиырма шақты ауыл болғанша жат болып кетпесін деп, енші бөлістірмей, мал-жанын ортақ ұстатқан дейді.
Қария сөзде Әлпеш-анадан қалған өсиет ретінде мына нақыл айтылады:
- «Байдың малы ортақ болсын,
- батырдың жаны ортақ болсын,
- шебердің қолы ортақ болсын,
- біреуге біреу зорлық жасамасын!»