Күкірт ежелден белгілі элемент

Сабақ туралы

Сабақтың тақырыбы: Күкірт (презентация түрінде).

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: периодтық жүйедегі орнына сүйене отырып күкірт атомының құрылысы, қасиеттері, қосылыстары және күнделікті өмірдегі қолданылу салалары туралы білім қалыптастыру; алған білімді бекіту және ойлау қабілетін дамыту.
  • Тәрбиелік: химия пәніне тән ұқыптылыққа, төзімділікке, ұйымшылдыққа және жауапкершілікке тәрбиелеу.
  • Дамытушылық: химиялық заттармен қауіпсіз әрі сауатты жұмыс істеу дағдыларын дамыту; өмірлік бақылауларды оқу материалымен байланыстырып, шығармашылықпен жұмыс істеуге дағдыландыру.

Ұйымдастыру және өткізу форматы

Көрнекіліктер

  • Интерактивті тақта
  • Тест тапсырмалары
  • Есептер
  • Тәжірибелерді көрсету

Сабақ сипаттамасы

Сабақ түрі
Дәстүрлі
Сабақ типі
Аралас
Әдістер
Баяндау, топпен жұмыс, тәжірибе көрсету, сұрақ-жауап

Сабақ жоспары

  1. 1Ұйымдастыру кезеңі
  2. 2Өткен материалға шолу
  3. 3Жаңа сабақ
  4. 4Сабақты бекіту
  5. 5Бағалау
  6. 6Үй тапсырмасын беру

Күкірт: жалпы сипаттамасы

Негізгі деректер

Химиялық таңбасы
S
Реттік нөмірі
16
Электрондық құрылысы
1s² 2s² 2p⁶ 3s² 3p⁴
Периодтық жүйедегі орны
III период, VI (16) топ. Оттекпен бір топшада орналасқан маңызды бейметалл.

Есте сақтайтын ой

Күкірт реакцияларда тотықтырғыш та, тотықсыздандырғыш та бола алады. Бұл оның қосылыстар түзу қабілетін және химиялық белсенділігін түсіндіреді.

Физикалық қасиеттері

Негізгі қасиеттер

  • Күкірт — сары түсті, қатты кристалды зат.
  • Аллотропиялық түрөзгерістері: ромбтық, моноклинді, пластикалық.
  • Қалыпты жағдайда күкірт молекуласы сақина түрінде тұйықталған сегіз атомнан (S₈) тұрады.

Ерігіштігі және күй өзгерістері

Күкірт суда ерімейді, спирт пен эфирде нашар ериді; ал бензолда және күкіртті көміртекте (CS₂) жақсы ериді.

Сары түсті күкіртті суға салғанда ол бетіне қалқып шығады. 150°C-тан жоғары температурада күкірт өте қозғалғыш, мөлдір сары сұйыққа айналады. Одан әрі қыздырғанда буға айналып, түсі алқызылдан мөлдір түске дейін өзгереді.

Химиялық қасиеттері және тәжірибелер

Жай заттармен әрекеттесуі

  • Жоғары температурада сутекпен әрекеттеседі.
  • Жоғары температурада фтормен және оттекпен әрекеттеседі (жанады).
  • Кейбір металдармен бөлме температурасында да әрекеттесе береді.

Тәжірибе 1

Сұйық сынап пен күкірт ұнтағын келіге салып езгенде сынап(II) сульфиді түзіледі:

Hg + S → HgS

Тәжірибе 2

Жіңішке мыс сымдар бумасы күкірт буында жанып, қара түсті мыс(II) сульфидін түзеді:

Cu + S → CuS

Қысқаша еске салу

Күкірт суда ерімейді; спирт пен эфирде нашар ериді; бензолда және күкіртті көміртекте (CS₂) жақсы ериді.

Табиғатта таралуы

Күкірт — ежелден белгілі элемент. Ол табиғатта бос күйінде де, металдармен қосылыстар түрінде де кездеседі. Жер қыртысындағы жалпы мөлшері шамамен 0,1%.

Қазақстанда кең тараған минералдарының бірі — BaSO₄ (барит). Ол Алматы облысының Кеген ауданында табылған.

Күкірт нәруыздардың құрамына кіретіндіктен, ол тіршіліктің негізгі элементтерінің қатарына жатады.

Алынуы

Өнеркәсіпте

Күкіртті ұңғыма арқылы қыздырылған бу жіберіп балқыту (Фраш әдісі) арқылы алады. Жер бетіне шыққан күкіртті сол жерде қалыптарға құяды.

Зертханада

1) Оттек жеткіліксіз болғанда

2H₂S + O₂ → 2S + 2H₂O

2) Күкірт(IV) оксиді арқылы

2H₂S + SO₂ → 2H₂O + 3S

SO₂ + 2C → S + CO₂

SO₂ + 2CO → S + 2CO₂

3) Натрий тиосульфатына қышқыл әсер еткенде

Na₂S₂O₃ + 2HCl → 2NaCl + SO₂ + H₂O + S

Қолданылуы

Күкірт өндірісінің шамамен 50%күкірт қышқылын (H₂SO₄) алуға жұмсалады.

Өнеркәсіпте

  • Резеңке өндірісі (вулканизация), эбонит алу.
  • Жасанды талшық өндіру.
  • Органикалық синтез және қопарылғыш заттар өндірісі.
  • Сіріңке, қара оқ-дәрі өндірісінде қолдану.

Аз мөлшерде қосылған күкірт резеңкенің беріктігін және серпімділігін арттырады.

Ауыл шаруашылығы және медицина

  • Өсімдік зиянкестеріне қарсы құралдар (кей қолдануларда гербицид/фунгицид ретінде).
  • Тері ауруларын емдеуге арналған майлар дайындау.

Сонымен қатар алтын түстес әрлеу пигменті ретінде қолданылатын қалайы(IV) дисульфидін SnS₂ өндіруге де пайдаланылады.

Күкірттің биологиялық рөлі

Күкірт маңызды биогендік элемент болғандықтан, барлық тірі ағзаларда үнемі кездеседі.

Өсімдіктерде

Құрамындағы күкірт: 0,3–1,2%

Жануарларда

Құрамындағы күкірт: 0,5–2%

Адам ағзасында

Орташа 70 кг денеде: шамамен 140 г күкірт

Күкірт нәруыздардың құрамдас бөлігі. Нәруыздар құрамында масса бойынша 0,8–2,4% химиялық байланысқан күкірт болады.

Есептер

Есеп 1

3,2 г күкіртті оттекте жаққанда қанша грамм күкірт(IV) оксиді (SO₂) түзіледі? Оның зат мөлшері қандай?

Есеп 2

6 г күкірт пен 6,5 г мырыш әрекеттескенде қанша грамм мырыш сульфиді (ZnS) түзіледі?

Тест сұрақтары

1) Оттегінің валенттігі нешеге тең?

  • A) Электртерістілігі жоғары болғандықтан
  • B) d-деңгейшесі жоқ
  • C) Газ болғандықтан

2) Халькогендердің қайсысы 2, 4, 6 валенттілік көрсетеді?

  • A) O, S, Se, Te
  • B) O, S, Te, Po
  • C) S, Se, Te, Po

3) Оттегі қай кезде +2, қай кезде −1 тотығу дәрежесін көрсетеді?

  • A) Оттегі фторидінде және пероксидтерде
  • B) Сутекпен қосылысында және металдармен қосылыстарында
  • C) С. А. М. сәйкес, С. М. М. сәйкес

4) VI топша элементтері гидридтерінің беріктігі қалай өзгереді?

  • A) Судан теллурсутекке (H₂Te) қарай артады
  • B) Судан теллурсутекке (H₂Te) қарай кемиді
  • C) Судан селенсутекке (H₂Se) қарай артады

5) H₂EO₃ тотығу-тотықсыздану реакцияларында қандай қасиет көрсетеді?

  • A) Тотықтырғыш
  • B) Тотықсыздандырғыш
  • C) Тотықтырғыш та, тотықсыздандырғыш та

6) H₂EO₄ тотығу-тотықсыздану реакцияларында қандай қасиет көрсетеді?

  • A) Тотықтырғыш
  • B) Тотықсыздандырғыш
  • C) Тотықтырғыш та, тотықсыздандырғыш та

7) Жер бетіндегі бос оттек негізінен қалай пайда болады?

  • A) Күн сәулесінің әсерінен
  • B) Фотосинтез процесінің нәтижесінде
  • C) Жауын-шашынның көп болуынан

8) Орамалды сулап ацетонға батырып жаққанда неге орамал жанбайды?

  • A) Ацетон тез ұшып кетеді
  • B) Су жану кезінде бөлінетін жылуды сіңіреді
  • C) Орамал жанбайды

Жауап кілті

1 — B, 2 — C, 3 — A, 4 — B, 5 — C, 6 — A, 7 — B, 8 — B.