Қазақ балалар әдебиетінің атасы

Іс-шара туралы

Тақырыбы

«Әдебиет әлемінде» (қазақ әдебиетінен сыныптан тыс іс-шара)

Мақсаты

  • Оқушылардың оқырмандық талғамын қалыптастыру.
  • Танымдық іс-әрекетке белсенділігін арттыру.
  • Рухани жан дүниесін байыту.

Құрал-жабдықтар

  • Теледидар
  • Кітаптар көрмесі
  • Музыкалық орталық
  • «Кітапқұмардың кітабы»
  • Сандық

Кіріспе: кітапқа құрмет

Жүргізуші (Н. Тілендиевтің «Аққу әуені»): Құрметті қонақтар мен ұстаздар, әдебиетсүйер қауым! Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент бола алмайды. Мұхтар Әуезовтің «Әр адамның ең жақын досы – кітап; сол нәрлі достық ең әуелі әдебиет кітабымен достасудан басталады» деген сөзі рухани бағдарымыз іспетті. Бүгін біз әдебиет әлемінің парақтарына үңіліп, ұлттық қазынамызды бірге еске аламыз. «Әдебиет әлемінде» атты сыныптан тыс іс-шарамызға қош келдіңіздер!

Жүргізуші көмекшісін күтеді. Осы кезде есік қағылып, Кітапқұмар кіріп келеді.

Кітапқұмар: Сәлеметсіздер ме? Мені таныдыңыздар ма? Мен – Кітапқұмармын. Сендерге ерекше кітап әкелдім. Балалар, кітап оқығанды жақсы көресіңдер ме?

Жүргізуші: Әрине, біздің балалар кітап оқығанды жақсы көреді. Солай емес пе?

Кітапқұмар: Қазақ халқы кітапты киелі, қасиетті, құдіретті зат деп бағалаған. «Ой маржаны – кітапта», «Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы», «Кітаппен кеңес, білімдімен теңес», «Білім тозбайды, білімді азбайды» деп, кітапты жоғары қадір тұтқан.

Ал, менің қолымдағы кітап қандай? Қазақ әдебиеті

Бүгін осы «Қазақ әдебиеті» кітабының бірнеше парағын ашып, өз білімдеріңді ортаға саласыңдар. Тапсырмалардың орындалуын әділқазылар бағалайды.

Кітап парақтары: сайыс бөлімдері

«Кітап ашылды!» Әр парақ — әдебиет тарихынан, поэзиядан, мақал-мәтелден, өнер әлемінен және логикалық ойлау тапсырмаларынан құралған бөлім.

1-парақ: «Ұлы тұлғалар»

Қысқаша сипаттама бойынша тұлғаны анықтау тапсырмасы.

Сұрақ 1: Абай мен Ыбырайдың ізін жалғастырған ғалым, ақын-аудармашы; «Тіл-құрал», «Әліппе» оқулықтарын жазған; Пушкин, Крылов шығармаларын аударған.

Жауабы: Ахмет Байтұрсынұлы

Сұрақ 2: Ұлы Отан соғысына қатысқан халық батыры, жазушы; Панфилов дивизиясында командир болған; «Офицердің күнделігі», «Ұшқан ұя» еңбектерінің авторы.

Жауабы: Бауыржан Момышұлы

Сұрақ 3: Қазақ балалар әдебиетінің атасы; мектептер ашқан ұстаз; «Қазақ хрестоматиясы» авторы; «Кел, балалар, оқылық!» және басқа өлең-әңгімелердің иесі.

Жауабы: Ыбырай Алтынсарин

Жүргізуші: Қазақ даласында туған жарық жұлдыздар — Шоқан, Абай, Ыбырай. Олардың өшпес мұрасына бас иіп, әрбір өнегелі сөзінен үлгі аламыз.

2-парақ: «Өлең — сөздің патшасы»

Мәнерлеп оқу сайысы: әр топтан бір сайыскер қазақ ақындарының бір өлеңін жатқа, әсерлі оқиды.

Абайдан ой: «Өлең — сөздің патшасы, сөз сарасы… Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы…»

Музыкалық үзіліс: «Жүрегім менің» әні (сөзі — Тұманбай Молдағалиев, әні — Нұрғиса Тілендиев). Орындайды: қазақ тілі мұғалімі Эльмира Тайтөлеуқызы.

3-парақ: «Мақал-мәтелдер»

Уақыттық тапсырма: бір минут ішінде әр команда мүмкіндігінше көп мақал-мәтелді жатқа айтады. Дұрыстығы мен саны есептеледі.

Жүргізуші: «Сөздің көркі — мақал». Мақал-мәтелді көп біліп, орнымен қолдана алған адамның тілі байып, ойы нақтыланады.

Мысал: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей».

4-парақ: «Өнер — өмір»

Әдебиет пен өнер байланысы: фильм үзіндісі, музыкалық аспапты тану және орындаушылық өнер.

Бейнесұрақ: «Менің атым — Қожа» фильмінен үзінді көрсетіледі.

Сұрақ: Фильм қалай аталады? Қай шығарманың желісімен түсірілген?

Музыкалық сұрақ: Тыңдалған аспап қандай? Ол кімнің есімімен байланысты?

Жауабы: қобыз — Қорқыт ата

Жүргізуші (қобыз әуені): Қобыз — ғасырлар бойы қазақтың мұңын шерткен қасиетті аспап. Оның үнінде даланың тынысы, желдің сыбдыры, ел қорғаған ерлердің рухы бар. Қорқыт ата қобызбен өмір мен өнер жайлы күй толғаған. Нағыз өнер ұмытылмайды: атадан балаға, ғасырдан ғасырға жетіп, халықтың рухани мұрасына айналады.

Би өнері: 2-сынып оқушыларының орындауында би ұсынылады.

5-парақ: «Жұмбақ сандық»

Әр топқа жұмбақ жасырылады. Жауаптары сандықтың ішінде жасырылған сыйлықтармен байланысады.

Жұмбақ 1: Тілі бар, үні жоқ, өзін адам түсінген. Жүрегі бар да қаны жоқ, сөйлеп тұрған ішінен.

Жауабы: Кітап

Сандық ашылып, кішкентай кітапша ішінен сурет таныстырылады: ғарышкер Тоқтар Әубәкіров. 12 сәуір — Ғарышкерлер күні. Оның өмір жолы — оқушыларға үлгі.

Естелікке кітаптар таратылады.

Жұмбақ 2: Білімнен мол сый-асы, балғындардың ұясы.

Жауабы: Мектеп

Жүргізуші: Жұмбақ арқылы ойлау қабілетінің ұшқырлығы көрінеді. Әр дұрыс жауап — зеректік пен жинақылықтың белгісі.

6-парақ: Топ басшыларының сайысы

Әр дұрыс жауап — 1 балл. Сұрақтар халық ауыз әдебиеті, тұлғалар, шығармалар мен ұғымдарды қамтиды.

Кітапқұмардың сұрақтары

  1. Халық ауыз әдебиетін кімдер шығарған? — Халық
  2. Қой иесін ата. — Шопан ата
  3. Жұмбақ: «Суға батпайды, отқа жанбайды». — Мұз
  4. Мақал-мәтелдердің көлемі қандай болады? — Қысқа
  5. Қазақ ертегілері неше топқа бөлінеді? — 3
  6. «Бала Шоқан» повесінің авторы кім? — Сапарғали Бегалин
  7. «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмаларының авторы кім? — Ілияс Жансүгіров
  8. Адам мен табиғат байланысын ашатын шығарма. — «Көксерек» (М. Әуезов)
  9. «Әжемнің әңгімесі» шығармасы кім туралы? — Абай
  10. ХХ ғасырдың «Гомері» атанған ақын. — Жамбыл

Жүргізушінің сұрақтары

  1. Қобыланды мінген ат. — Тайбурыл
  2. Жиренше кім? — Тапқыр шешен
  3. Мақал: «Ел іші — …» — Алтын бесік
  4. Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өренім» өлеңі не туралы? — Ерлік туралы
  5. «Көксерек» кімнің шығармасы? — Мұхтар Әуезов
  6. Қазақтың киелі саны. — Жеті
  7. «Әнші» әңгімесіндегі Әмірхан кімнің прототипі? — Әміре Қашаубаев
  8. «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмаларының басты тақырыбы. — Қазақ ән-күйі, өнерпаздар тағдыры
  9. Сиыр иесін ата. — Зеңгі баба
  10. Халықтың ауызша тараған көркем әңгімесі. — Ертегі

Қорытынды және марапаттау

Жүргізуші: Осымен сайысымыз аяқталды. Әділқазылар ұпайларды толық есептегенше, қонақтарымызға «Ақ тілек» әні ұсынылады. Орындайтын: 10-сынып оқушысы Левина Татьяна.

Жүргізуші: Қазылар орнықтырар әділдікті, кімдердің жауаптары кәміл шықты. Білім мен тапқырлықтың жарысында жеңіске жетер дейміз нағыз мықты.

Сөз әділқазылар алқасына беріледі.

Жеңімпаз топқа мақтау қағаздары мен сыйлықтар табыс етіледі. Қатысқан оқушыларға ынталандыру сыйлықтары беріледі.

Қоштасу сөзі

Кітапқұмар: Балалар, мені білім әлемінде күтіп қалғандар бар шығар. Сау болыңдар! Алдағы уақытта да биік жеңістерден көріне беріңдер! Келесі кездескенше!