Түйіндейміз білімді
Кіріспе
Атырау облысы, Индер ауданы, Елтай ауылы, М. Сиранов атындағы орта мектептің биология пәні мұғалімдері Гүлжихан Сарсенғалиева және Айдана Нұржанова ұйымдастырған «Көңілділер, тапқыштар, білімділер» зияткерлік ойынының мазмұны төмендегідей.
Апталық қорытындысы
«Шуағы тарқамасын жер бетінің» атты биология, химия және өзін-өзі тану пәндері бірлестігінің 13–17 сәуір аралығында өткен апталығының қорытынды кеші.
Ойын форматы
9–10–11 сынып оқушылары арасында «Не? Қайда? Қашан?» үлгісіндегі зияткерлік сайыс.
Мақсаты
- Биология және химия пәндері бойынша білімді жан-жақты дамыту, теориялық-логикалық ойлауды жетілдіру.
- Ойды еркін жеткізуге үйрету, ой-өріс пен ойлау қабілетін дамыту.
Көрнекіліктер
Интербелсенді тақта, сұрақтар салынған конверттер, июла, «қара жәшік» және басқа да құралдар.
Ұйымдастыру кезеңі
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Сайыстан тыс қалмаңыздар!
Мұнда қызық табылар, білім нұры шашылар.
Ақылы мен ойы дамыған — үлгі алайық оқушылардан!
Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Еліміздің болашағы — білімді жастар екені сөзсіз. Осы мақсатпен 9–10–11 сынып оқушылары арасында «Көңілділер, тапқыштар, білімділер» атты интеллектуалды ойын өткізілді.
Сайыс ұраны
Көңілді, тапқыш, алғырлар бар өнерін алдарыңа салады.
Кім білімді, көп оқыса — бүгінгі күн жеңімпазы болады.
Шығармашылық үзіліс
Би: «Көктем вальсі» (8-сынып оқушылары).
Қатысушылар
Сайысқа қатысатын оқушылар таныстырылып, әр топ өз ішінен топ басшысын сайлады.
Ойын ережесі
- Ойын 8 раундтан тұрады.
- Әр раундқа 8 конверт ішінде сұрақтар дайындалды.
- Июланы айналдырғанда бағдарша түскен конверттегі сұрақ оқылады.
- Командаға ақылдасуға 1 минут беріледі.
- Топ басшысының шешімімен бір қатысушы жауапты жариялайды.
Білген сайын біле бергім келеді — біле беру ел тілегі.
Бүгінгі сайыста жеңіске жет, білімді әрі білікті жас жеткіншек!
Раундтар
Раунд 1
Сұрақ жолдаған: Маржан әжей (Атырау облысы, Индер ауданы, Аққала ауылы)
Бұл өсімдік «1000 аурудың емі» деп саналады. Оны жинағанда халқымыз иіліп сәлем берген. Түйетабандар тұқымдасына жататын улы өсімдік. Халқымыз «пәле-жаладан сақтасын» деп үйді осы өсімдіктің түтінімен аластап, көз тимесін деп іліп қояды. Бұл қандай өсімдік?
Жауабы
Адыраспан
Раунд 2
Сұрақ жолдаған: Раушан Тыныштыққызы Маңғыстауова (2012 түлегі, Х. Досмұхамедов атындағы АМУ, 3-курс)
1670 жылы ағылшын ботанигі Дж. Рей тәжірибе жасайды: бір ыдысқа қызғылт орман құмырсқаларын салып, су құйып қайнатады, буын басқа ыдысқа өткізіп, конденсациялайды. Нәтижесінде қышқылдық қасиеті бар сулы ерітінді алады. Бұл қандай қышқыл?
Жауабы
Құмырсқа қышқылы
Музыкалық үзіліс
Ән: «Ақ көгершін» — 9-сынып оқушысы Жақсылық Назерке.
Раунд 3
Сұрақ жолдаған: Гүлсана Ділмағанбетова (2009 түлегі, С. Асфендияров атындағы ММУ интернатурасы)
Ежелгі Римде адамдар аренаны бақылап отырып, бір өсімдікті қытырлатып шайнап отырғаны айтылады. Бұл өсімдік біздің эрамызға дейін шамамен 2000 жыл бұрын да белгілі болған. Құрамында А дәрумені мен каротин бар, ағзаның өсуіне пайдалы. Бұл қандай өсімдік?
Жауабы
Сәбіз
Раунд 4
Бейнесұрақ. Сұрақ жолдаған: Гүлжахан Мұқымқызы Сарсенғалиева (I санатты мұғалім)
Жауабы
Жуа
Раунд 5
Сұрақ жолдаған: «Химия в школе» журналы редакциясы (Алматы қаласы)
Медиктер зарарсыздандыру кезінде, тері илеушілер елтірі дайындау кезінде, химиктер шыны дайындау кезінде қандай қышқылды қолданады?
Жауабы
Бор қышқылы
Музыкалық үзіліс
Ән: «Ақ кептерлер» — 7 «Ә» сынып оқушысы Қайырбаева Шәрбәт.
Раунд 6
Сұрақ жолдаған: Алматы қаласы №122 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушылары (жаратылыстану-математика бағыты)
Қай элементтердің атауы планеталардың атауларымен сәйкес келеді? Д. И. Менделеевтің периодтық жүйесін еске түсіріңіздер.
Жауабы
Уран, Нептуний, Плутоний
Шығармашылық үзіліс
«Аққу биі» — 5 «А» сынып оқушысы.
Раунд 7
«Қара жәшік» сұрағы. Сұрақ жолдаған: Фарида Темірболатқызы Темірболатова (жоғары санатты мұғалім)
Құмды аймақта ауа қызуы 60°-қа дейін жететін шақта тірі ағзаларға өте қиын жағдай туады. Сондай ортада құмды жарып, шырыны тамшылаған жасыл өсімдік өсіп тұрады. Жәшіктің ішінде жасырылған сол өсімдікті табыңыз.
Жауабы
Кактус
Раунд 8
Сұрақ жолдаған: Индер ауданы, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушылары
Таңғы асқа отырмас бұрын қандай тұзды пайдаланасыз?
Жауабы
Тіс пастасындағы кальций карбонаты
Қорытынды
Өз ойыңды ашық айтып, түйіндейміз білімді.
Әр нәрсенің жауабын тез айтайық ұғымды.
Тауды биік деме сен — талаптансаң, шығарсың.
Қарсылас мықты деме сен — білімді болсаң, шығарсың.
Зияткерлік ойын өз мәресіне жетті. Команда атынан топ басшысы, 11-сынып оқушысы Айғали Алмагүл сөз сөйлеп, ойынның қызықты әрі әсерлі өткенін атап өтті: сұрақтардың мазмұнды болғанын және барлық оқушының белсенді қатысқанын айтты.
Марапаттау
Апталыққа және сайысқа белсенді қатысқан оқушылар марапатталып, дипломдар мен сыйлықтар табысталды.