Тұрақты сөз тіркесі

Сабақтың тақырыбы

«Қазақстан еліне сиқырлы саяхат» (Тұрақты сөз тіркесі), 5-сынып.

Лексика Фразеологизм Ғажайып саяхат

Білімділік мақсаты

Сөз тіркестері бойынша алған білімді тереңдету, тұрақты сөз тіркестерімен (фразеологизмдермен) таныстыру.

Дамытушылық мақсаты

Өз бетінше салыстыруға, қорытынды жасауға үйрету; дағды-машықты, танымдық белсенділікті арттыру; оқу техникасы мен сауаттылықты дамыту.

Тәрбиелік мақсаты

Туған елге, жерге сүйіспеншілікті арттыру; Отанды сүюге, қорғауға және құрметтеуге тәрбиелеу.

Көрнекілік және әдіс-тәсіл

  • Тірек-сызба, интерактивті тақта, слайд суреттері
  • Еліміздің рәміздері, карта
  • Ойын, сұрақ-жауап, түсіндіру

Сабақтың барысы

1) Ұйымдастыру кезеңі және тіл дамыту

Қонақжай көңілмен қонақтармен сәлемдесу:

Үлкенге — сіз,
Кішіге де — сіз,
Сәлем бердік сіздерге
Құрметпен біз.

Сабаққа кіріспе:

Қазақ тілім — өз тілім, ана тілім,
Абай, Мұхтар сөйлеген дана тілім.
Қастерлейді ұл-қызың мәңгі сені,
Болашағым, бақытым — дара тілім!

Сабақты Әнұранмен бастайық.

2) «Ғажайып саяхат» желісі

Бүгінгі сабағымыз ерекше: біз Ақ Ботақан және оның достары — Құлыншақ-Тұлпар, Балапан-Бүркіт, Бала-Барыспен бірге Қазақстан еліне «сиқырлы саяхатқа» шығамыз.

Ертегілік кіріспе

Көгілдір өзен жағасында, жап-жасыл көкорай шалғында Ақ Інген мен Ақ Бура өмір сүріпті. Олардың бұлттай аппақ Ақ Ботақаны болыпты. Ақ Ботақан күнде таңертең анасы берген сүтті ішеді екен, қиялдағанды жақсы көріпті. Бір күні ол саяхатқа шығуды армандап, мектеп кітапханасынан география мен тарих кітаптарын тауып оқиды. Өзінің сенімді достарын — Құлыншақ-Тұлпарды, Балапан-Бүркітті, Бала-Барысты — қиялынан бір сәт те қалдырмайды.

Ендеше, Ақ Ботақанның қиялы бойынша берілген тапсырмаларды орындаймыз.

Құпия сандық

«Сәт-сапар, жас достар!»

Өткенді қайталау

Өткен сабақты пысықтау үшін тақтадағы сәйкестендіру тестін орындаймыз.

Мысал Ұғым
Терең — таяз Антонимдер
Айт, жүз, қара (бір сөз, әртүрлі мағына) Омонимдер
Ел, жұрт, халық Синонимдер
Терең құдық (нақты мағына) Тура мағына
Белгілі бір тілдегі сөздердің жиынтығы Лексика

Өткен сабағымызды қорытындыладық.

3) Тарихқа шолу: ел, жер, ана тілі

Қазақ халқы көшіп-қонып өмір сүрген ата-бабаларымыздан үш асыл құндылықты бойтұмардай сақтап келеді: Ел, Жер, Ана тілі. Осы үшеуінсіз кез келген халықтың егемен ел екенін дәлелдеуі қиын.

Сұрақ-жауап

  • Қазақстан тәуелсіздікке қай жылы қол жеткізді? 1991 жылғы 16 желтоқсан.
  • Тәуелсіздікке неше жыл толды? (Сыныптың жылына қарай нақтыланады.)

Далада думан, қалада думан жыр бүгін,
Жасай бер, жаса асқардан аса әрқашан,
Кеудеме әкеп қондырған бақыт бұлбұлын —
Тәуелсіз Қазақстаным!

Жаңа тақырып: Тұрақты сөз тіркесі

Лексика тарауындағы маңызды бөлімнің бірі — тұрақты сөз тіркестері (фразеологизмдер).

Анықтама

Екі немесе бірнеше сөздің тіркесуі арқылы жасалып, бір ғана тұтас мағынаны білдіретін тіркестер тұрақты тіркестер немесе фразеологизмдер деп аталады.

Негізгі белгілері

  • Бір ғана мағынаны білдіреді.
  • Сөздердің орнын ауыстыруға болмайды.
  • Басқа тілге сөзбе-сөз еркін аударылмайды.
  • Құрамындағы сөздер бірігіп, бір ұғымды білдіреді.

Мысалдар

Жүрегі тас төбесіне шығу Ит арқасы қиянда Төбесі көкке жетті Бармағын тістеу Қол ұшын беру Қой аузынан шөп алмас Ит терісін басына қаптау Тайға таңба басқандай Жұмған аузын ашпау Тісінен шығармау

Келесі құпия

«Бұл қалалар қай аймаққа жатады?»

Географиямен байланыс

Тапсырма арқылы қалаларды аймақтарға бөліп, картадан көрсетеміз. «Жол жолмен табысады, халық халықпен табысады» қағидасымен білімімізді байланыстырамыз.

Оқулықпен жұмыс және сергіту

Жаттығулар

  • 113-жаттығу
  • 114-жаттығу

Қорқыт ата туралы әңгімеден үзіндімен жұмыс жүргізіледі.

Сергіту сәті

«Қара жорға» биі.

Мақсаты: зейінді сергіту, қимыл-қозғалыс арқылы белсенділікті арттыру.

Бекіту: тапсырмалар және тест

Құлыншақ-Тұлпардың тапсырмасы

Тұрақты тіркестердің белгілерін еске түсіріп, сөйлемдерді толықтырамыз:

1)

Тұрақты тіркес бір ғана мағынаны білдіреді.

2)

Сөздердің орнын ауыстыруға болмайды.

3)

Басқа тілге еркін аударуға келмейді.

«Иә / Жоқ» тесті

Тұжырым Жауап
«Ақ саусақ» — еңбекқор. Иә / Жоқ
Тұрақты сөз тіркесі лексика тарауына жатады. Иә / Жоқ
«Көзді ашып жұмғанша» — тез, шапшаң, жылдам. Иә / Жоқ

(Талдау кезінде әр жауапты дәлелдеп айту ұсынылады.)

Қорытынды: құпияның ашылуы

Ақ Ботақанның барлық құпиясы — Қазақстанның картасы екен. Біз Қазақстанның бес аймағын Ақ Ботақан, Құлыншақ-Тұлпар, Балапан-Бүркіт, Бала-Барыспен бірге «шарлап шықтық».

Әженің қоржыны

Қоржыннан Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен құжаттары табылады:

  • Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы
  • Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы
  • Қазақстан Республикасының Ата Заңы
  • Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы — теңге
  • Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны

Көк туым көтерілді бағы жанып,
Елтаңбам төрде, әлемге танылды анық.
Шырқадым бар дауыспен Әнұранды —
Арманым, Ата Заңым қабылданып.

Үй тапсырмасы және бағалау

Үй тапсырмасы

117-жаттығу.

Бағалау

Сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы және жауаптарының дәлелділігі бойынша бағаланады.