Балалардың денсаулық құндылықтары туралы түсініктерін кеңейту

Ашық тәрбие сағаты

Тақырыбы: Тазалық — денсаулық кепілі

Бұл тәрбие сағаты балалардың денсаулық туралы түсінігін кеңейтіп, тазалықтың маңызын ұғындыруға бағытталған. Оқушылар жеке бас гигиенасы құралдарын танып, оларды дұрыс пайдалануды үйренеді.

Көрнекілігі

  • Интерактивті тақта
  • Слайд-суреттер

Мақсаты

а) Білімдік мақсат

Балалардың денсаулық құндылықтары туралы түсінігін кеңейту; тазалық құралдары туралы айта білуге және оларды дұрыс пайдалануға үйрету.

ә) Дамытушылық мақсат

Қоршаған ортаны таза ұстап, аялай білуге баулу; өз денсаулығын сақтай білу дағдыларын дамыту.

б) Тәрбиелік мақсат

Оқушыларды болашақтың тірегі болатын дені сау, жан-жақты азамат етіп тәрбиелеу.

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық дайындық

Қуанамын мен де,

Қуанасың сен де,

Қуанайық, достарым,

Арайлап атқан күнге!

Әңгімелесу

Мұғалім: Балалар, сендер болашақта қандай адам болғыларың келеді?

Нұржан: Мен ұлмын, сондықтан өжет, күшті, төзімді, көңілді болғым келеді.

Аружан: Мен қызбын, сондықтан нәзік, шыншыл, әділ, әдемі болғым келеді.

Мұғалім: Әдемі, нәзік, әрі күшті болу үшін не керек? (Денсаулық.) Ендеше, ауырмай, таза әрі әдемі болып жүру үшін өз-өзімізге қызмет көрсету дағдыларымен танысамыз.

Сұрақ: Денсаулық дегенді қалай түсінеміз?

Спорт Жеміс-жидектер Күннің көзі Дәріхана Су Таза ауа

Кезеңдер

  1. I кезең: Менің таңым
  2. II кезең: Қимыл-қозғалыс
  3. III кезең: Сиқырлы сандық
  4. IV кезең: Көрініс
  5. V кезең: Спорт — сенің серігің
  6. VI кезең: Кім тапқыр?

I кезең: «Менің таңым»

Бұл кезеңде балалар денсаулық пен тазалық туралы өлеңдерін мәнерлеп оқиды. Өлең жолдары арқылы таза жүрудің, дұрыс күтінудің және шынығудың маңызы айқындалады.

Гүлдана

Су — өмірдің жүрегі,

Денсаулықтың тірегі.

Шөлдесең — қанасың,

Жуынсаң — тазасың.

Қоршаған ауамен

Шық кең далаға.

Шынық сен әрдайым

Керемет ауада.

Кемел

Тазалықты іздесең,

Мөлдір судан табасың.

Жиі-жиі жуынсаң,

Аппақ, таза боласың.

Тазалықты іздесең,

Шампунь мен сүлгі керек.

Бірі жуып шашыңды,

Бірі сүртіп береді.

Динара

Тазалықты іздесең,

Айна мен тарақ керек.

Бірі тарап шашыңды,

Екіншісі көрсетеді.

Тазалықты іздесең,

Тіс пастасынан табасың.

Тістеріңді щеткамен

Тазалатып аласың.

Негізгі ой

Тазалық — күнделікті әдет. Су, таза ауа, жеке гигиена құралдары және қозғалыс белсенділігі денсаулықты нығайтып, өз-өзіңе деген жауапкершілікті арттырады.