Психологиялық ойындар

Баяндама

Түзете-дамыта оқыту сыныбында ойын элементтері арқылы оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру жолдары

«Ойын баланың алдынан өмір есігін ашып, оның шығармашылық қабілетін дамытады; ойынсыз ақыл-ойдың қалыптасуы мүмкін емес». — В. А. Сухомлинский

Қазіргі мектептің міндеті

Бүгінгі таңда жалпы білім беретін орта мектеп — жаңа қоғамның, болашақтың мектебі. Ол саналы ұлттық мәдениетке бағдарланған, баланың жеке басының дамуына және тұлға болып қалыптасуына жағдай жасайтын, бәсекеге қабілетті жас ұрпақты тәрбиелеп, дамытатын орта болуы тиіс.

ҚР «Білім туралы» заңындағы басымдықтар

  • Білім бағдарламаларын меңгеру үшін жағдай жасау.
  • Жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту.
  • Адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру.
  • Жеке тұлғаның дамуына жағдай жасау арқылы парасаттылықты арттыру.

Осыған байланысты қоғам алдына оқушының жеке басын үйлесімді дамытуға бағытталған міндеттер қойылып отыр. Әрбір болашақ азаматты жан-жақты тәрбиелеу және білім беру арқылы дамыту — ең жауапты іс.

ПДТ (психикалық дамуы тежелген) балалардың оқуындағы қиындықтар

Ғылыми деректер бойынша, жалпы білім беретін мектептердегі үлгерімі төмен оқушылардың едәуір бөлігін психикалық дамуы тежелген (ПДТ) балалар құрауы мүмкін. К. С. Лебединская, В. И. Лубовской және басқа дефектолог-зерттеушілер бір жастағы балалардың психикалық дамуы әртүрлі болатынын, яғни интеллектуалдық қабілетінің жас ерекшелігіне толық сәйкес келмейтін жағдайлар кездесетінін атап көрсетеді.

Негізгі қиындықтар

  • Зейіннің тұрақсыздығы.
  • Есте сақтау мүмкіндігінің төмендігі.
  • Ойлау және кеңістікте бағдарлаудың әлсіздігі.
  • Тез шаршағыштық.

Мектепте байқалатын белгілер

  • Сабаққа белсенділігі төмен, тапсырманы өздігінен орындауы қиындайды.
  • Сыныптастарымен араласуы шектеулі, өз ойын ашық жеткізуі қиын.
  • Оқу, жазу, есептеуде қателері жиілейді.
  • Өзін төмен бағалау, өз күшіне сенімсіздік байқалады.

ПДТ балалардың тілдік қоры әдетте қатарластарына қарағанда төмен болуы мүмкін, бұл тапсырманы түсіну мен орындауда қосымша қиындықтар туғызады.

Түзете-дамыта оқыту (ТДО): кімдер оқиды және қандай қағидаттар маңызды?

Қазіргі таңда елімізде арнайы білім беруді қажет ететін балаларға арналған арнайы мектептер мен жалпы мектептер ішінде арнайы сыныптар ашылуда. Түзете-дамыта оқыту сыныптарына орталық жүйке жүйесі қызметінің жетілмеуі, соматикалық әлсіздік, педагогикалық қараусыздық сияқты биологиялық және әлеуметтік себептер салдарынан оқуда және мектепке бейімделуде қиындық көретін балалар қабылданады.

Түзете-дамыту жұмыстарының негізгі принциптері

  • Баланың жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау.
  • Шаршап кетпеуін қадағалау.
  • Оқу әрекетін ойын түрінде ұйымдастыру.
  • Сыныптан тыс тәрбие сағаттарына қатыстыру.
  • Ойын дағдыларын оқу әрекетіне көшіру.
  • Арнайы әдістемелермен оқытуды ұйымдастыру.
  • Жылдық диагностика арқылы даму деңгейін салыстыру.

Оқыту-тәрбиелеу үдерісіндегі міндеттер

  1. 1 Психофизиологиялық мүмкіндіктерді қажетті деңгейге дейін дамыту және оқу дайындығын қамтамасыз ету.
  2. 2 Ой-өрісті дамыту.
  3. 3 Оқу қажеттілігін қалыптастыру.
  4. 4 Әлеуметтік-адамгершілік мінез-құлықты қалыптастыру.
  5. 5 Баланың даму динамикасын жүйелі бақылау.
  6. 6 Даму мүмкіндігіне сай интеллектуалдық біліктілікті қалыптастыру.
  7. 7 Жалпы даму деңгейін көтеру және қолдау.
  8. 8 Жағымды әлеуметтік ортаны қалыптастыру.

Әдістемелік ұйымдастыру: неге көңіл бөлу керек?

  • Жалпы білім беру сабақтарында және арнайы оқыту кезінде әр баламен жеке жұмыс жүргізу.
  • Қажудың алдын алу үшін ақыл-ой және тәжірибелік жұмыстарды алмастырып отыру.
  • Қызықты, эстетикалық безендірілген дидактикалық материалдарды дайындап, көрнекіліктің әртүрлі тәсілдерін қолдану.
  • Сөйлеуді дамытатын және оқу әрекетіне қажетті дағдыларды қалыптастыратын әдістер арқылы оқушы белсенділігін арттыру.
  • Белгілі бір бөлімді меңгеруге бағытталған дайындық жұмыстарын жүргізіп, қоршаған орта туралы білімін кеңейту.
  • Оқу кезінде де, оқудан тыс уақытта да баланың әрекеттерін дер кезінде, үздіксіз түзетіп отыру.

Тиімді нәтиженің шарты

ПДТ балалардың табысқа жетуі үшін олар үнемі бақылауда болуы қажет. Сынып жетекшісі, психолог, логопед, дефектолог және ата-ана әр баланың физиологиялық және психологиялық жас ерекшеліктерін ескеріп, тығыз байланыста жұмыс істегенде түзету жұмыстары нәтижелі болады.

Неге ойын тәсілі тиімді?

ТДО сыныптарындағы оқыту мен тәрбиелеу үдерісіне көптеген жаңа тәсілдер енгізілуде. Солардың ішіндегі ең маңызды әрі қолайлысы — ойын арқылы баланың психикасы мен ойлау қабілетін дамыту. Ойын оқу материалын жақсы қабылдауға көмектеседі, сабақты қызықты етеді, сергектік береді және қиындықтарды жеңуге ықпал етеді.

Ойынның тәрбиелік қыры

Ойын — адамгершілікке тәрбиелеудің пәрменді жолы. Ол қарым-қатынасты, өзін ұстауды, өзара сыйластықты табиғи түрде қалыптастырады.

Ойын терапиясы

Ойын терапиясы — баланың көңіл-күйін, өзіне және ортаға қатынасын жұмсақ өзгертуге, қызығушылығын арттыруға, белсенділігін, сөздік қорын және тіл байлығын дамытуға бағытталған күрделі жұмыс.

Ойын — білімге құштарлық пен еліктеуді тұтататын ұшқын. Оқытушы әр сабақта ойын түрлерін орнымен қолданса, бүлдіршіндердің пәнге қызығушылығы мен ынта-ықыласы тұрақты қалыптасады.

Ойын түрлері және педагогикалық мүмкіндіктері

Білім беретін ойындар

Тақырыпты түсіндіру, бекіту, қайталау үшін қолданылады.

Тәрбиелейтін ойындар

Құндылық, мінез-құлық, қарым-қатынас мәдениетін дамытады.

Дамытатын ойындар

Зейін, ойлау, есте сақтау, ерік-эмоция сферасын қолдайды.

Әлеуметтендіретін ойындар

Топта жұмыс істеу, рөлдік өзара әрекеттесуді қалыптастырады.

Диагностикалық ойындар

Эмоциялық күйді, қарым-қатынас ерекшелігін, дағды деңгейін байқауға көмектеседі.

Сабақ алдындағы психологиялық ойын-жаттығулар

Баланы оқуға қызықтыру және қоршаған ортамен байланысын нығайту үшін сабақ алдында ашықтықты, сенімділік деңгейін, эмоционалдық еркіндікті және ұжымда бірлік орнатуды көздейтін жұмыстарды ұйымдастырған жөн. Психологиялық ойын-жаттығулар баланың рухани жай-күйінің үйлесімді дамуына ықпал етеді әрі сезім әрекетін, әсерленушілік деңгейін анықтауға көмектеседі.

Мысалдар

«Менің көңіл-күйім»

Алдарыңдағы бланкіге өз көңіл-күйлеріңді суреттеп салыңдар.

«Есте қалған қызықты оқиға»

Топ дөңгеленіп отырып, қатысушыларға доп беріледі. Допты кезектесіп беріп, әркім есінде қалған қызықты оқиғасын айтады.

«Мен саған сенемін»

Әуен қосылып тұрады. Жұп құрып, бір-бірінің көзіне қарап отырады: «Мен саған сенемін… өйткені сен жақсы адамсың».

«Сиқырлы сөздер»

Мұғалім өтінішті жай түрде айтады, ал оқушы оны әдепті, сыпайы формаға келтіріп айтуы керек. Мысалы: «Айнаш, дәптерді бер» → «Айнаш, өтінемін, дәптерді берші».

Қарым-қатынас — күрделі процесс. Қоршаған адамдармен қарым-қатынаста қиналатын бала ұжымға бейімделуде де, білімді меңгеруде де кедергілерге кездеседі. Сондықтан сабақ алдындағы қысқа психологиялық жаттығулар жүйелі түрде қажет.

Танымдық және дамытушы ойындар

Дамытушы ойындар баланың танымдық және ерік-эмоциялар сферасын дамытуға бағытталады. Олардың маңыздылығы — оқушының ынта-ықыласын ескеріп, оқуды қызықты ету арқылы білім, білік, дағдыларды қалыптастыру.

Басты талап

Ойын оқушының танымдық әрекетін және қызығушылығын дамытуы керек. Танымдық ойындар жас ерекшелігіне қарай күрделене түседі.

сөзжұмбақ сөз тізбек кроссворд викторина логикалық есептер тренинг тест психологиялық жаттығулар

Саусақ ойындары және тіл дамуы

Саусақ ойыны — ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан мәдени шығармашылық. Оны ойнай отырып, балалар қоршаған ортадағы заттар мен құбылыстарды, жан-жануарларды, құстарды, ағаштарды және өзге де бейнелерді қимыл арқылы көрсете алады.

Тіл кемістігі бар балаларда жалпы қимыл, соның ішінде ұсақ моторика жеткілікті деңгейде дамымауы мүмкін. Сөйлеу мүшелерінің қозғалыс әрекеті қол саусақтарының нәзік қимылдарының дамуымен тығыз байланысты болғандықтан, қолдың ептілігін дамытуға арналған жүйелі түзету-тәрбие жұмысы маңызды.

Ұлттық және дидактикалық ойындар

Ұлттық ойындар — ата-бабамыздан жеткен асыл қазына, өткен мен бүгінді жалғайтын құндылық. Оларды үйрену және күнделікті өмірде қолданудың пайдасы зор: ойын баланың шығармашылық қабілетін оятып, өмір бойы серік болатын тәжірибе қалыптастырады.

Дидактикалық ойынның мақсаты

Баланы қызықтыра отырып, жаңа сабақты немесе өткен материалды берік меңгерту. Ойын барысында есте сақтау, көру, сезіну, қабылдау, ойлау және сөйлеу үдерістері дамиды; заттарды пішініне, көлеміне қарай іріктеу, түрлі қимылдарды орындау дағдылары қалыптасады.

ТДО сыныптарында жиі қолданылатын дидактикалық ойындар

Қай әріпті жоғалттым? Қай буынды жоғалттым? Бос торкөзді толтыр Қызықты торкөз Сөйлем қуаласпақ Тыныс белгісін тап Екі-екіден жұпта Кім тапқыр? Сөз ойла — тез ойла Ойлан, тап Кім шапшаң? Қай дыбыстан басталады? Қағып алып, жауабын айт Сиқырлы сандық

Сюжеттік-рөлдік және сергіту ойындары

Сюжеттік-рөлдік ойын — өмірлік жағдайлардың белгілі бір мінез-құлық немесе эмоциялық қырларын меңгеру мақсатында алдын ала бөлінген рөлдер арқылы сахналанып орындалатын әрекет. Әдетте шағын топтарда (3–5 қатысушы) ұйымдастырылады: қатысушылар тапсырма алады, рөлдерді бөліседі, жағдайды ойнайды және оны топқа көрсетеді. Мұғалім балалардың мінез-құлқын ескере отырып, рөлдерді әділ әрі қолайлы бөлуге бағыттайды.

ТДО сыныптарында сергіту ойындарының да маңызы зор: олар шаршауды азайтып, демалуға мүмкіндік береді және сабаққа қайта шоғырлануға көмектеседі.

Қорытынды

Егер мұғалім түзете-оқыту және тәрбие үдерісінде түрлі ойындарды жүйелі қолданып, танымдық белсенділікті арттыратындай тапсырмалар ұсынса, онда оқушылардың оқуға деген ынтасы күшейеді. Бұл танымдық үдерістер мен психологиялық қасиеттердің дамуына ықпал етіп, ПДТ балаларды өз жасындағы балалардың даму деңгейіне жақындатуға мүмкіндік береді.