Хабарлы сөйлемдерді қаратпа сөзі бар сөйлемдерге айналдырып жазу

Сабақ жоспары

Тақырып

Қаратпа сөз

Сабақ түрі

Аралас сабақ

Сабақтың мақсаты

  • Оқушылардың қаратпа сөз туралы білімін толықтыру.
  • Өз бетімен жұмыс жасау арқылы теориялық ойлауын, сөйлеу тілін дамыту.
  • Ұйымшылдыққа, достыққа, адамгершілікке тәрбиелеу.

Әдіс-тәсілдер

Көрнекілік, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, топтау.

Көрнекіліктер

Тірек сызбалар, мазмұнды суреттер, ойын құралдары.

1

Ұйымдастыру кезеңі

Сабаққа даярлық жұмыстары жүргізіледі.

2

Үй тапсырмасын тексеру

Оқушылардың білімін бекіту мақсатында тест алынады.

Тест тапсырмалары

  1. «Кім? Не?» сұрақтарына жауап беретін сөйлемнің негізгі мүшесін қалай атаймыз?
    а) бастауыш
    ә) баяндауыш
    б) тұрлаусыз мүшелер
  2. Тек тұрлаулы мүшелерден ғана тұратын сөйлем қалай аталады?
    а) жайылма сөйлем
    ә) жалаң сөйлем
    б) құрмалас сөйлем
  3. Бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен келсе, арасына қандай тыныс белгісі қойылады?
    а) сызықша
    ә) үтір
    б) нүкте
  4. Дауыссыз дыбыстар қатары:
    а) ы, і, ұ, ү
    ә) в, ч, щ, х, һ, б, г, д, ж, з, л, м, н
    б) а, о, ә, е
  5. Етістіктің сұрақтары:
    а) Не істеді? Не істейді?
    ә) Кім? Не?
    б) Қандай? Қай?
3

Жаңа сабақ

Оқулықпен жұмыс

  • Күн ретін жазу.
  • Көркем жазу.

7-жаттығу

Сөйлемдерді мәнерлеп оқып, қаратпа сөздерді табыңдар. Қажетті тыныс белгілерін қойып, көшіріп жазыңдар.

1) «Түйе, қайда барасың?» — дейді түлкі. (Балалар фольклоры)

2) Кел, балалар, келіңдер. Кереметті көріңдер! (С. Сейітов)

3) Жаңа жыл, Жаңа жыл! Не әкелдің, сен бізге? (Х. Ерғалиев)

4) Құлпыра берші, кең дала! Гүліңді күнде терейін. (Ж. Саин)

5) Анау тағаны, балам, ала жүр. (Ы. Алтынсарин)

Талқылау сұрағы

«Неліктен үтір қойдың?»

  • Қаратпа сөз сөйлем мүшесі бола алмайды.
  • Оған сұрақ қойылмайды.
  • Қаратпа сөзді бастауыштан ажырата білу керек.

Шығармашылық диктант (8-жаттығу)

Хабарлы сөйлемдерді қаратпа сөзі бар сөйлемдерге айналдырып жазыңдар.

  • Серік, кітапханадан алған кітаптарыңды өткіз.
  • Ән шырқаңдар, балалар!
  • Жылқышы, аттарды айдап кет!
  • Айдос, үлкен кісіге орын бер!

9-жаттығу

Мәтінді түсініп оқыңдар. Қаратпа сөздерді алып тастап оқығанда, мәтінде қандай өзгеріс болатынын анықтаңдар. Қаратпа сөзі бар сөйлемдерді көшіріп жазып, қаратпа сөздің астын сызыңдар.

Кәкеннің демалысы кезінде әкесі: — Ертең жолға шығамыз, балам, тағы да тауға шығып кетпе, — деді. — Қайда барамыз, көке? — деп, Кәкен кәдімгідей көңілденіп, қуанышын жасыра алмай қутыңдап қалды. — Ауылға барамыз, бабаңа сәлем беріп, батасын алып қайтамыз. — Баба деген кім, көке? — Бабаң — әкеңнің атасы, атаңның әкесі.

(Әбдібай Табылды)

«Мен не білдім?» (10-жаттығу)

Ата, туған өлкем сөздері бір жағдайда қаратпа сөз, екінші жағдайда бастауыш болатындай сөйлемдер құрастырып жазыңдар.

Қаратпа сөз

Ата, үйге қайтайық.

Туған өлкем, неткен сұлу едің!

Бастауыш

Ата ауылға келді.

Менің туған өлкем тамаша!

Еске сақта

Қаратпа сөз сөйлемнің мүшесі болмайды, оған сұрақ қойылмайды. Ол тыңдаушының назарын аудару үшін қолданылады және көбіне үтірмен ажыратылады.

«Көршіңмен әңгімелес» (11-жаттығу)

Ертегіден үзіндіні оқыңдар. Қай ертегіден екенін еске түсіріңдер. Қаратпа сөздерді тауып, ертегіні әрі қарай жалғастырыңдар.

Шығармашылық диктант (12-жаттығу)

Көп нүктенің орнына қаратпа сөздерді қойып, көшіріп жазыңдар.

  1. Әпке, мені көшеден өткізіп жіберші.
  2. Терезені дұрыстап жапшы, Әсет.
  3. Иә, балам, оқып жүрсің бе?
  4. Көке, менің балам бабама кім болады?

13-жаттығу

Өлеңді оқыңдар. Өлең мазмұнына сәйкес келетін қаратпа сөзі бар сөйлем сызбасын табыңдар.

— Бүлдірген тереміз, балақай.
— Алақай!
— Ат жарыс көреміз, балақай.
— Алақай!
— Айға ұшып барамыз, балақай.
— Кел, ағаш жарамыз, балақай.

Қорытындылау

«Ата», «туған өлкем» сөздерін бірде қаратпа сөз, бірде бастауыш болатындай етіп сөйлем құрап жазыңдар.

Мысал

Ата, үйге қайтайық.

Ата ауылға келді.

Мысал

Туған өлкем, неткен сұлу едің!

Менің туған өлкем тамаша!

Үйге тапсырма

  • 13-жаттығу.
  • Ережені жаттау.