Мәтін аялдамасы

Атырау қаласы • Талғайран негізгі мектебі

Бастауыш сынып мұғалімі: Сариева Ақмарал Нұрымбетқызы

Сабақ тақырыбы: Мәтін

Бұл сабақ оқушыларға мәтін туралы түсінік беруге, сөйлемдердің мағыналық байланысын ұғындыруға және мәтінге ат қою дағдыларын дамытуға бағытталған.

Сабақтың мақсаты

  • Білімділік: мәтіннің бірнеше сөйлемнен құралатындығын және сөйлемдердің мағынасы жағынан байланысатынын түсіндіру.
  • Дамытушылық: ауызекі сөйлеу тілін дамыту, мәтінді түсіну және оған ат қоюға машықтандыру.
  • Тәрбиелік: дұрыс, мәнерлеп сөйлеуге, бір-бірінің пікірін тыңдауға, сыпайылық пен адамгершілікке тәрбиелеу.

Сабақ туралы мәлімет

Сабақтың түрі
Жаңа сабақ
Сабақтың типі
Жаңа тақырыпты меңгеру
Әдіс-тәсілдер
Түсіндіру, сұрақ-жауап, ойын
Көрнекіліктер
Музыка, мультимедиа, плакат

Сабақ барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

Психологиялық әзірлік (әңгіме)

Мұғалім: Балалар, қазір қандай сабақ екенін еске түсірейік.

Оқушылар: Қазақ тілі.

Мұғалім: Ендеше, сабақта ұстанатын ұранымызды айтайық.

Ұранымыз:

  • Мақсатымыз — білім алу.
  • Міндетіміз — еңбектену.
  • Беске қолды жеткізу.

Ойын: «Қандай мезгіл тамаша?»

Сұрақ-жауап арқылы оқушылар өздеріне ұнайтын жыл мезгілдерін айтады. Тірек сөздерді пайдаланып, әр мезгілді бейнелейтін өлең тармақтары құрастырылады.

Тірек сөздер:

әдемі, керемет, көрікті, сұлу, жаңаша, тамаша

I нұсқа

  • Көктемгі кез көрікті
  • Жазғы мезгіл жаңаша
  • Күзде бәрі әдемі
  • Қыста бәрі тамаша

II нұсқа

  • Көктемгі кез тамаша
  • Жазғы мезгіл әдемі
  • Күзде бәрі көрікті
  • Қыста бәрі жаңаша

Психологиялық дайындық (өлең)

Мынау — менің жүрегім,

Бәрі осыдан басталған.

Мынау — басым ақылды,

Бәрін осы басқарған.

Мынау — менің оң қолым,

Мынау — менің сол қолым,

Барлық істі атқарған.

Үй тапсырмасын тексеру

  1. 79-бет, 6-жаттығу: лауазым, кек, рұқсат, рақым, жаңғақ, лашын, еңбекқор, сенбілік
  2. Топтастыру

II. Жаңа сабақ: «Ғажайыпстанға саяхат»

Кейіпкерлермен танысу

Мұғалім: Балалар, мына кейіпкерлерді танимыз ба?

Оқушылар: Иә. Елдос пен Аяжан.

Мұғалім: Олар қай елдің тұрғындары?

Оқушылар: Ғажайыпстан.

Желаяқтың тапсырмасы: «Бір айналым сөйлеу»

Тақырып: Отан. Оқушылар сағат тілі бағытымен Отан туралы сөйлемдер құрап, тұтас мәтін жасайды.

Талқылау сұрақтары

  • Біз не туралы сөйлемдер құрдық?
  • Сөйлемдеріміз бір-бірімен мағынасы жағынан байланыса ма?

Бірінші аялдама: «Білім аялдамасы»

Оқулықпен жұмыс: 80-бет, 1-жаттығу.

Тапсырма:

Оқы. Қай санның тұсында жазылғандардан толық мәлімет алуға болады деп ойлайсың?

  1. О.
  2. Отан
  3. Отан — оттан да ыстық.
  4. Осы кең байтақ жерде әрбір адамның ауылы, көшесі, үйі бар. Ол — оның кішкентай Отаны. Осындай кішкентай жерлерден үлкен Отан құралады. Сен осы жердің қай бұрышында тусаң да, бүкіл жер — сенің Отаның, туған елің. Сен оны мақтанышпен: «Менің елім — Қазақстан Республикасы!» — дейсің.

Шығармашылық диктант

I топ

Асылай, киді, көйлек, әдемі.

II топ

Елдос, оқиды, сабақты, жақсы.

III топ

Кітапханада, кітаптар, қызықты, көп.

Екінші аялдама: «Мәтін аялдамасы»

Елдос пен Аяжанның сұрағы

«Мәтін дегеніміз не?»

Білімпаз атаның түсіндірмесі

«Ерте, ерте, ертеде “Қазақ тілі елінде” дыбыс, буын, сөз, сөйлем өмір сүріпті. Дыбыстар бірігіп буын құраған, буындар бірігіп сөз құраған, сөздер байланысып сөйлем құраған...»

Негізгі қорытынды

  • Мәтін — ойды жазбаша немесе ауызша жеткізу.
  • Мәтін бірнеше сөйлемнен құралады.
  • Мәтіндегі сөйлемдер мағынасы жағынан байланысады.

80-бет, 2-жаттығу

Мәтінді көшіріп жаз. Мәтін неше сөйлемнен құралғанын анықта.

Жұмахан атасын алма ағашының көлеңкесіне ертіп келді. Атасы қолымен ағашты ұстады. Бұтаны сипап, әлденені айтқандай болды. Жұмахан құлағын тосты. Атасы өлең оқып отыр. Жамбыл Жабаевтың өлеңі. Бұл алма ағашын Жамбыл ата өз қолымен отырғызыпты.

Тыныштық сәті

Жәй үнмен классикалық әуен қосылады.

Қорытындылау: «Кім көп біледі?»

Төмендегілердің қайсысы мәтін бола алады?

  1. Менің досым бар. Айгүл доппен ойнады.
  2. Менің жасым жетіде. Алақай, көктем келді! Жасасын, Отаным — Қазақстан!
  3. Менің күшігім бар. Аты — Ақтөс. Себебі оның төсі аппақ. Ол өте сүйкімді және ақылды. Мен қайда барсам да, күшігім артымнан қалмайды. Мен күшігімді жақсы көремін.

Үшінші аялдама: «Зерек аялдамасы»

81-бет, 3-жаттығу: мәтінді оқы.

Данияр мектептен келді. Үйдің алдына қар үйіліп қалыпты. Қолына күрек алды. Ауланың қарын тазартуға кірісті. Бірақ қар таусылар емес. Осы кезде оған көрші үйдегі досы Нариман келді. Нариман да қол шанасын сүйреп шығыпты. Екеуі екі шанамен қарды тез тасып бітірді.

«Зерек» викторинасы

  • Данияр қайдан келді?
  • Оқиға қалай жалғасты?
  • Оған көмекке кім келді?
  • Данияр мен Нариман қарды қалай тазалады?
  • Мәтінге қандай ат қоюға болады?

Рефлексия

Ғажайыпстан елі ұнады ма? Несімен ұнады?

Оқушылар саяхат арқылы «Мәтін» тақырыбымен танысып, мәтіннің құрылымы мен сөйлемдердің мағыналық байланысын бекітеді.

III. Сабақты бекіту

Ойтолғаныс

  • Бүгін біз нені үйрендік?
  • Мәтін дегеніміз не? Мәтін — ойды жазбаша немесе ауызша жеткізу.
  • Мәтін бірнеше сөйлемнен құралады және сөйлемдері мағынасы жағынан өзара байланысады.

IV. Бағалау

Оқушылардың сабаққа қатысуы, тапсырмаларды орындауы және мәтін құрастыру дағдылары бойынша бағаланады.

V. Үй тапсырмасы

  1. Ережені жаттау.
  2. 81-бет, 4-жаттығу.