1001 мақал, 101 жұмбақ

Ашық сабақ: «1001 мақал, 101 жұмбақ»

Бұл ашық сабақ қазақ халқының сөз қадірін қастерлейтін, қасиетті сөзді ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізген халық екенін түсіндіруге бағытталған. Сабақ барысында оқушылардың тіл байлығы мен сөздік қоры кеңейіп, ойлау және есте сақтау қабілеттері дамиды.

Мақсаты

Тіл мәдениетін арттыру, сөзді дәл әрі әсерлі қолдануға үйрету, тапқыр сөйлеуге және салмақты ой айтуға баулу.

Көрнекіліктер

Слайдтар, мақал-мәтелдер жинағы, жұмбақтар.

Қатысушылар

Екі топ: «Сұңқар» және «Барыс». Әділқазылар алқасы сайланады.

Кіріспе: мақал-мәтелдің орны

«Мақал — сөздің мәйегі», «Тұз астың дәмін келтірсе, мақал сөздің сәнін келтіреді» деген қанатты сөздер — халық даналығының айғағы. Мақал-мәтел — ата-бабамыздан қалған өшпес мұра. Көлемі шағын болғанымен, уақыт өткен сайын мәні тереңдеп, құны артып, қымбат қазынаға айналады. Ол — тәрбиелік мәні зор рухани байлық.

Мақал мен мәтелдің айырмашылығы

Мақал

Мақалда қорытынды мен тұжырымды түйін айтылады. Ой нақты жеткізіледі.

Мысал

«Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» — ел мен жерді қорғау нағыз жігіттің ісі екенін айқындайды.

Мәтел

Мәтелде ой тікелей емес, тұспалдап, жанамалап беріледі.

Мысал

«Көппен көрген ұлы той» — қандай жағдай болса да халықпен бірге көр, тек өз басыңның қамын ғана ойлама дегенді ишаралайды.

Сайыс кезеңдері

1-айналым: «Кім көп біледі?»

Уақыты: 1 минут

Қатысушы топтар мақал-мәтелді кезекпен айтып жарысады. Белгіленген уақытта қанша мақал айтылса, ұпай да соған сай беріледі.

2-айналым: «Жұмбақ шеш, мақал айт»

Берілген жұмбақты шешіп, жұмбақ мәтінінен бір сөзді алып, сол сөз кездесетін мақал-мәтелді табу және айту.

1) Жұмбақ

Үңгір түбінде жалбырап,
Өсіп тұр жалғыз жапырақ.

Жауабы

Тіл

Тірек сөз және мақал

Жалғыз: «Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас».

2) Жұмбақ

Бір ғажап бар, тілі жоқ.
Сөйлесем десең, міні жоқ.

Жауабы

Кітап

Тірек сөз және мақал

Бір: «Бір күн ұрыстың қырық күндік қырсығы бар».

3) Жұмбақ

Күміс қазықтың асты алтын.

Жауабы

Тіл мен сөз

Тірек сөз және мақал

Күміс: «Арпа-бидай ас екен, алтын-күміс тас екен».

4) Жұмбақ

Арқасында тауы бар,
Иір мойыны тағы бар.
Шөлге төзіп, су таппай,
Ұзақ жолдан табылар.

Жауабы

Түйе

Тірек сөз және мақал

Тау: «Тау мен тасты су бұзады, адамзатты сөз бұзады».

5) Жұмбақ

Желден желігеді,
Судан шегінеді.

Жауабы

От

Тірек сөз және мақал

Жел: «Ақылдыны жел де ұшырмас, ұры да ұрламас».

6) Жұмбақ

Жел соқса, жайқалып толқиды.
Ел оқыса, тұла бойың балқиды.

Жауабы

Өлең

Тірек сөз және мақал

Ел: «Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы».

3-айналым: «Мақал — сөздің мәйегі»

Тақтада мақал-мәтелдердің басы беріледі. Топтар жалғасын табады.

  1. 1. Жақсы кісі байқап сөйлер, (жаман кісі шайқап сөйлер).
  2. 2. Ер еліне ұқсар, (мал иесіне ұқсар).
  3. 3. Балапан ұяда не көрсе, (ұшқанда соны іледі).
  4. 4. Өнер — ағып жатқан бұлақ, (білім — жанып тұрған шырақ).
  5. 5. Жақсының аты өлмейді, (ғалымның хаты өлмейді).
  6. 6. Көз жетпеген жерге (сөз жетеді).
  7. 7. Отыз тістен шыққан сөз, (отыз рулы елге тарайды).
  8. 8. Дұшпаны көптер сақтана жүреді, (досы көптер мақтана жүреді).
  9. 9. Жалған достан (жау артық).
  10. 10. Өнерлінің қолы алтын, (өлеңшінің сөзі алтын).

4-айналым: «Даналық ойдан дән ізде»

Топтар сандарды таңдау арқылы ұяшықтан шыққан мақалдың мағынасын түсіндіреді. Бұл кезең оқушының ойын дәлелдеп айтуына, мазмұнды ой қорытуына және сөз мәдениетін көрсетуіне мүмкіндік береді.

Сабақтың өзегі — «1001 мақал, 101 жұмбақ» арқылы тілге құрметті арттыру, білімге құштарлық пен ізденімпаздықты күшейту.