Бәйге ойын сабақ

Сабақтың тақырыбы

Сан есімді өткенді қайталау

Сабақтың мақсаты

1) Білімділік

Сан есім бойынша алған білімдерін тереңдету және жинақтау. Әр оқушыны өз бетінше білім алуға дағдыландыру.

2) Тәрбиелік

Ұлттық тәрбие негізінде ғасырлар бойы жинақталған тәлім-тәрбиені, құндылықтарды және адамгершілік қағидаларын оқушы бойына сіңіру.

3) Дамытушылық

Сөздік қорын байыту, ойлау процесін дамыту, шығармашылық қабілетін шыңдау.

Сабақтың сипаттамасы

Түрі

Дәстүрлі емес сабақ

Типі

«Бәйге» ойын-сабақ

Әдіс-тәсілдер

СТО, сұрақ-жауап, ойын элементтері және т.б.

Көрнекіліктер

Интерактивті тақта, электронды оқулық, сызба-кестелер, үлестірмелі қиықшалар және т.б.

Пәнаралық байланыс

  • Әдебиет
  • Өзін-өзі тану
  • Математика
  • Ән-күй
  • Орыс тілі
  • Ағылшын тілі
  • Информатика
  • Тарих

Сабақтың барысы

I. Ұйымдастыру кезеңі

  • Психологиялық дайындық: оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу, Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.
  • Сабақтың мазмұнын Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесімен байланыстырып, мақсат-міндеттермен таныстыру.
  • Топқа бөлу: «Дүлдүлдер», «Сұңқарлар», «Жүйріктер».

II. Үй тапсырмасын тексеру және қызығушылықты ояту

1) М. Шаханов «Төрт ана»

Оқушылардың тілге деген қызығушылығын арттыру мақсатында сабақ тақырыбымен байланыстыра отырып, М. Шахановтың «Төрт ана» өлеңі оқылады.

2) «Тойға шашу» сұрақтары (ой қозғау)

Бұл бөлім білімді бекітумен қатар тәрбиелік міндетті де атқарады: ұлттық құндылықтарды бағалау, салт-дәстүрді құрметтеу, Абайдың өнегелі сөздерін есте сақтау, әдебиетке сүйіспеншілік қалыптастыру.

Қазақ дәстүріндегі «шашу» ұғымы талқыланып, Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойымен байланыстырылған сұрақ-ойын ұйымдастырылады. Оқушылар ұсынылған жауап нұсқаларының ішінен дұрысын таңдайды; екінші топ жауаптың дұрыстығын қадағалайды. Қорытынды тестілеуді интерактивті құрылғылар арқылы өткізу уақытты үнемдеп, оқушының тұлғалық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Сұрақтар

  1. Сан есім сөз табының қай тобына жатады?
  2. Заттың нақты санын білдіретін сан есімді ата.
  3. Күрделі сан есім қалай жасалады?
  4. Туынды сан есімге мысал келтір.
  5. Берілген үзіндінің қай жырдан алынғанын анықтап, құрамындағы сан есімнің мағынасын түсіндір.
  6. «Жарлы болсаң арлы болма», «Қалауын тапса, қар жанады», «Алтын көрсе, періште жолдан таяр» мақалдарын сынайтын Абайдың нешінші сөзі? Сол сөздегі сұраққа жауап беретін сан есімді ата.
  7. Абай өлеңінен алынған үзіндіде сан есімнің қай түрі кездеседі?
  8. Атау септіктегі сан есімдер сөйлемде қандай қызмет атқарады?

3) Сергіту сәті: «Қара жорға»

«Қара жорға» — тарихы терең, ұлттық рухты көтеретін би. Деректерге сүйенсек, бұл бидің тамыры көне кезеңдерге кетеді.

2009 жылы Қытайда бір мезетте 13 мың адам билегені үшін бұл би Гиннестің рекордтар кітабына енген. Қазақстанда биді жаңғыртуға Қытайдан көшіп келген Арыстан қажы Шәдетұлының еңбегі аталады.

Кәсіби мамандардың пікірінше, бидің әр қимылы дене шынықтыру жаттығуы іспетті: буындарға қан жүргізіп, сергектік береді, ынтаны арттырады. «Қара жорға» — тек би емес, тұтас бір қимыл мәдениеті, денсаулыққа пайдалы ұлттық мұра.

III. Білімді жан-жақты тексеру: «Бәйге» ойыны

Оқушыларға тойда ойналатын ұлттық ойындар туралы сұрақ қойылып, «Бәйгенің» мәні мен өткізілу тәртібі түсіндіріледі. Бұл бөлім халықтық педагогикамен сабақтасып, қызығушылықты арттырады.

Додаға түсіп жарыспай,
Жүйріктің бағы жанар ма?!
Білім мен өнер жарысып,
Тәрбие, білім табар ма?!

Бұл жолы тайға мініп жарыспаймыз — білім мен өнерді жарыстырамыз.

1-мәре: «Жалғастыр»

Дәптермен жұмыс: 189-жаттығудағы сөз тіркестерінен сөйлем құрап, талдау жасау. Әдіс оқушы білімін жинақтап, шапшаң ойлауды дамытады.

2-мәре: «Мақал құра»

Оқушылар мақал-мәтелдерді жылдам құрастырады. Мақалдар арқылы біліммен бірге өнегелі тәрбие беріледі.

3-мәре: «Ойла, ойлан, ойландыр»

Логикалық ойлауды жетілдіру: сан есімнің емлесін еске түсіріп, төмендегі үлгілерді сауатты әрі тез жазу.

Бір мың тоғыз жүз алпыс бес; бес жүз отыз бір; 25-ке; 12-ден; 5-сынып; VI ғасыр; жетеу алма; 1000-даған; сағат 5-терде; 20 дәптер; 50-50-ден; 11-ден; 16 желтоқсан; ХХ том; 2-інші; он-оннан; 100 шамалы; отызға тарта; екі жарты; 90-ға таман; он бес жарым; 1938 жыл; 7-інші маусым.

4-мәре: «Кім жүйрік?»

Фонетиканы еске түсіру: сан есімдерді буынға бөліп жазу.

Бір буынды

бір, он, бес, үш, төрт, жүз, мың, т.б.

Екі буынды

екі, алты, жеті, сегіз, тоғыз, алпыс, отыз, т.б.

Үш буынды

жиырма, миллион, т.б.

5-мәре: «Құпия сөздің құлпын аш» (полиглот)

«Үш тұғырлы тіл» идеясын қолдау мақсатында мақал-мәтелдердегі түсіп қалған сан есімдерді тауып, қазақша-орысша-ағылшынша айту.

  1. … атасын білмеген — жетесіз. (жеті — семь — seven)
  2. Қызды … үйден тию. (қырық — сорок — forty)
  3. … ала болса, ауыздағы кетеді; … түгел болса, төбедегі келеді. (алтау/төртеу — шесть/четыре — six/four)
  4. Білекті … жығар, білімді … жығар. (бірді/мыңды — один/тысяча — one/one thousand)
  5. Білгенің …, білмегенің …. (тоғыз/тоқсан тоғыз — девять/девяносто девять — nine/ninety-nine)
  6. … өлшеп, … рет кес. (жеті/бір — семь/один — seven/one)

6-мәре: «Шығармашылық деңгей»

Ел тәуелсіздігіне арнап, сан есімдерді қатыстырып өлең немесе шағын шығарма жазу. Мақсат — шығармашылық қабілетті ашу.

Оқушы жұмысының үлгісі (Рүстембек Ақмоншақ)

Белгілі ақын Иса Байзақов: «Ер туып, жоқ елді бар қыла алмайды, ел болса, ер туғызбай тұра алмайды» деген. Елдің елдігін білдіретін бірінші белгі — тіл. Тіл жоғалса, ел де жоғалады. Отанға сүйіспеншілік өз халқыңның тарихына және тіліне құрметтен басталады.

Асан Қайғы бабамыздың: «Қазаққа сөз дарыған, бір сөз үшін семіріп, бір сөз үшін арыған» деуі де тегін емес. Мен өз тілімді былай жырлар едім:

Қазақ тілім, ана тілім, бай тілім,
Қасиеттісің, қадірлісің, ай-күнім.
Құрметтейміз, бас иеміз біз саған,
Қорламаймыз деп мәңгіге айтамын.

Қазақ халқы қазақ тілде сөйлейді,
Қазақ тілі ешқашан да өлмейді.
Жоғалуын қаламаймыз мәңгіге,
Өз тілімізбен мақтанамыз әлемге.

Қазақ тілі — еліміздің ертеңі,
Қазақ тілі — бұрынғының ертегі.
Сен бар кезде ұрпақ та бар, бәрі бар,
Жырым да бар, күйім де бар, әнім бар.

Мағжан жырлаған ана тілімізді қадірлеу — перзенттік парыз. Бұл өлеңімді Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнаймын. Тіліміз берік, тәуелсіздігіміз баянды болсын!

7-мәре: Ұлттық дәстүрдегі киелі ұғымдар

Сан есімдерге байланысты ұлттық дүниетанымдағы киелі ұғымдарды еске түсіріп, қысқаша түсініктеме беру.

Жеті ата

ата, бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат

Үш арсыз

ұйқы, тамақ, күлкі

Жеті жетім

киюсіз тозған тон — жетім; иесіз қалған жер — жетім; аққу-қазсыз көл — жетім; елінен айырылған ер — жетім; замандасы қалмаған қарт — жетім

Жеті қазына

Қызыр, бақ, ақыл, денсаулық, ақжаулық, тұз, ит

Жеті жұрттың жеті белгісі

ту, елтаңба, әнұран, елұран, төлтұмар, елтеңге, ұлтжазу

Қырық санының қасиеті

қырқынан шығару; өлікке қырқын беру

IV. Қорытынды және бағалау

1) INSERT: «Түртіп алу»

Бұл стратегия сабақтың қаншалықты түсінілгенін анықтауға көмектеседі және оқушыны өз ойын жүйелі айтуға үйретеді.

V

Бұрыннан білемін (немесе білемін деп ойлаймын).

Білгеніме сай келмейді, өзгеше ақпарат.

+

Мен үшін жаңа ақпарат.

?

Түсініксіз, таң қалдырды немесе тереңірек білгім келеді.

2) «Жүректен жүрекке» әдісі

Өзін-өзі танумен байланыстыра отырып, оқушылар шеңбер құрып, бір-біріне тілек айтып, еңбегін бағалайды. Топ басшысының есебі негізінде жеңімпаз топ анықталып, оқушылар бағаланады.

Тілек үлгілері

  • «Дария, сен бүгін сабаққа өте жақсы дайындықпен келдің. Қазақ тілін жақсы меңгеріп, ұлттық арнада танымал жүргізуші болуыңа тілектеспін. Тәуелсіздігіміздің өркендеуіне үлес қосатыныңа сенемін».
  • «Динара, үй тапсырмасында қате жіберсең де, талпынысың көрінді. Алдағы уақытта ұқыптылығыңды арттырып, жақсы нәтижеге жетуіңе тілектеспін».

V. Үй тапсырмасы

  1. 191-жаттығу: мәтінді оқып, мазмұнын айту. Сан есімдерді құрамына қарай ауызша талдау.
  2. «Қазақша өлшем бірліктер қалай айтылады?» тақырыбында ізденіс жасап келу (оқушыны ғылыми ізденіске бағыттайды).

Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен, қазақ тілім!

Сабақ ұлттық рухты көтеріп, патриоттық тәрбие беретін осы ой-тұжырыммен аяқталады.