ЖАПЫРАҚ Сабақтың мақсаты

Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті · №266 мектеп-лицей

Биология пәні мұғалімі: Ғ. Арықбаев

Сабақтың тақырыбы: Жапырақ

Бұл сабақта оқушылар жапырақтың құрылысы мен қызметін, жапырақ тақтасының пішіндерін, жүйкелену типтерін және жапырақтардың сабаққа орналасу заңдылықтарын меңгереді.

Сабақтың мақсаты

Жапырақтың құрылысы, пішіні, жапырақ тақтасының түрлері, жүйкеленуі және сабаққа орналасу түрлерімен таныстыру.

Дамытушылық

Оқушылардың білімділік пен ұжымшылдық қабілеттерін ояту, есте сақтауын және ой-өрісін дамыту.

Білімділік

Жапырақтың түрлері, қызметі, құрылысы және сағақпен байланысы туралы білімді жүйелеу және толықтыру; дүниетанымдық қорытынды жасауға баулу.

Тәрбиелік

Өзін-өзі басқаруға жетелеу, көпшілдік пен ұйымшылдыққа баулу, табиғатты қорғауға тәрбиелеу.

Көрнекіліктер

  • Кеппешөптер, слайдтар, тірек-сызбалар
  • Жапырақ түрлері: ромбы, жүрек, жебе, бүйрек, қылқанды жапырақтар

Сабақтың әдісі

СТО (сыни тұрғыдан ойлау) технологиясы бойынша.

Сабақ барысы

  1. Ұйымдастыру
  2. Жаңа сабақты меңгерту
  3. Үй тапсырмасын сұрау
  4. Бағалау

I. Ой қозғау (қызығушылықты ояту)

Жайқалтса жасыл желек жапырағын,
Ажарланып кетеді-ау атырабым.

Табиғаттың осындай сұлулығын,
Сақтауға барша жанды шақырамын.

Жапырақ — қоймасы ғой таза ауаның,
Таза ауа — қазынасы жан дауаның.

Ағаш егіп, ұрпаққа мирас етсек,
Алармыз бір Алланың мың сауабын.

Жапыраққа зор мән беріп, қаралық,
Жапырақ тұр Күн нұрынан нәр алып.

Жапырақтан бөлінетін оттегі,
Тазартады ауамызға таралып.

II. Жаңа сабақ

Негізгі ұғым

Жапырақ — өсімдіктің өсу мүшесі.

Қызметтері

  • Ауадан көмірқышқыл газы мен су буын сіңіріп, жарықтың әсерінен органикалық зат түзу (фотосинтез)
  • Жасушадағы артық суды буландыру
  • Газ алмасу
  • Органикалық заттарды қорға жинау
  • Көбеюге қатысу

Өркен мен жапырақтың дамуы

Өркен мен жапырақ бірге дамиды: алдымен жапырақ тақтасының ұшы, содан соң негізі, ең соңында сағағы өседі.

Сыртқы құрылысы

Жапырақ тақтадан және сағақтан тұрады. Кеңейген бөлігі — тақта, сабаққа бекінетін жіңішке бөлігі — сағақ.

Сағағы болмайтын жапырақтарды сағақсыз жапырақ дейді.

Тақта мен сағақтың рөлі

  • Фотосинтез, су булану, газ алмасу, қор жинау — жапырақ тақтасында жүреді.
  • Сағақ жапырақты берік ұстап, жұлынып түсуінен сақтайды.
  • Сағақ тақтаны жарыққа қарай бағыттап, бұрылып-қозғалуына мүмкіндік береді.
  • Сабақтан қоректік заттар сағақ арқылы жапыраққа өтеді.

Бөбешік жапырақша және қынап

Кейбір өсімдіктерде жапырақ сағағының түбінде әртүрлі пішінді майда жапырақшалар болады. Оларды бөбешік жапырақша дейді. Ол жапырақ тақтасынан ертерек өсіп, бүршікті зақымданудан қорғайды; бүршік ашылғаннан кейін қурап қалады (асбұршақ, итмұрын, раушан, беде, қараған және т.б.).

Ал кейбір өсімдіктерде жапырақ тақтасының негізі ұзарып, сағақтың орнына түтік тәрізді қусырылады. Бұл бөлім қынап деп аталады (бидай, жүгері, қамыс, күріш және т.б.).

Жапырақ тақтасының пішіндері (мысалдар)

Ине тәрізді (қылқанды)

Қарағай, шырша

Таспа тәрізді

Бидай, қарабидай, жүгері, арпа

Күрек тәрізді

Иісті шөп

Жүрек пішінді

Жөке, гүлшетен

Бүйрек пішінді

Құсықшөп

Жебе тәрізді

Шырмауық

Жапырақтың өсуі және тіршілік ету ұзақтығы

Жапырақ ағаштың біржылдық өркенінде түзіледі. Өсуі әдетте 30–40 күн аралығында жүреді. Тек қырыққұлақ пен түбіртаспа өсімдіктерінде жапырақ тіршілігін жойғанша өсе береді.

Жапырақтың тіршілік ету мерзімі бірнеше айдан 15 жылға дейін созылуы мүмкін.

Өсімдік Тіршілік ету мерзімі
Қарағай 2–4 жыл
Кавказ самырсыны 9–13 жыл
Тиса қылқаны 6–10 жыл
Шырша 5–12 жыл
Тозды емен 1–2 жыл
Қаражидек 1–4 жыл

Жапырақтың түрлері

Жай жапырақ

Бір ғана тақтасы бар жапырақ (терек, қарағаш, қайың және т.б.).

Күрделі жапырақ

Бір сағақта екі немесе одан да көп жапырақша болса, күрделі жапырақ деп аталады. Жапырақшалардың әрқайсысы жеке-жеке түседі.

Күрделі жапырақ түрлері

Үшқұлақты

Сағағында 3 жапырақша (беде, соя)

Саусақсалалы

5–7 немесе одан көп жапырақша (қарасора, атбас талшын, бөрі бұршақ)

Қауырсын тәрізді

Негізгі сағақты бойлай екі жаққа орналасады

Жұп (асбұршақ, сары қараған, қоянбұршақ) · Тақ (қызыл мия, ақ мия, итмұрын, ақ қараған, шетен, грек жаңғағы)

Жүйкелену

Жүйкелену — өткізгіш шоқтардың жапырақ тақтасында орналасуы.

Қызметі

  • Жапыраққа беріктік береді.
  • Су мен минералды тұздарды жапырақ ұлпаларына жеткізеді.

Негізгі типтері (мысалдар)

  • Қауырсын тәрізді торлы: тал, алма, терек, алмұрт
  • Саусақсалалы: үйеңкі, үпілмәлік, бегония
  • Параллель: бидай, жүгері
  • Доғалы: інжугүл, жолжелкен

Жапырақтың сабаққа орналасуы

Жапырақтар сабаққа белгілі бір заңдылықпен орналасады: бұрын шыққан жапырақ кейінгілеріне көлеңке түсірмейтіндей ретпен бекінеді. Бекінудің үш түрі бар: кезектесіп, қарама-қарсы және топтанып орналасу.

Кезектесіп

Әр буында бір жапырақ болады.

Қарама-қарсы

Әр буында екі жапырақ қарама-қарсы орналасады (үйеңкі, гүлшетен, қалампыр, жалбыз).

Топтанып

Әр буында үш немесе одан да көп жапырақ болады (сарыағаш, қызылбояу, талгүл, қарғакөз).

III. Биологиялық диктант

Төмендегі сөйлемдерді толықтырыңыз.

  1. Жапырақтың кеңейген жалпақ бөлімі —
  2. Жапырақ сағағының орнына түтік тәрізді өсетін бөлім —
  3. Жапырақша саны жұп болса, болады.
  4. Өткізгіш шоқтардың жапырақ тақтасында орналасуы деп аталады.
  5. Егер бір буында үш немесе бірнеше жапырақ болса, орналасу болады.
  6. Өң жасушаларында болмайды.
  7. Жапырақтың ортаңғы жұмсақ бөліміндегі жасушалар пішініне қарай бөлінеді.
  8. Су мен минералды заттар арқылы өтеді.
  9. Ылғалы аз жерде өсетін жапырақтар болады.
  10. Фотосинтез үдерісін алғаш сипаттаған орыс ғалымы —
  11. Қант хлоропластарда өзгеріп, айналады.
  12. Итмұрын жапырағының жүйкелену түрі —
  13. Сағағының түбіне орналасқан әртүрлі пішінді майда жапырақшаларды жапырақша дейді.
  14. Күн энергиясының қатысуымен болатын құбылыс —
  15. Сабақтың әр буынында бір жапырақ болса, орналасқан деп аталады.
  16. Жапырақ жасушаларында жасушалар тығыз орналаспай, арасында кеңістіктер болса, ол жасушасы деп аталады.

Бағалау

Оқушылардың жауаптары мен белсенділігі бойынша бағаланады.

Үй тапсырмасы

  • «Жапырақ» тақырыбын оқу
  • № 23, 24, 25, 26, 27 суреттерін салу