Еркіндіктің көк туы биік болсын
Еркіндіктің көк туы биік болсын!
Еуразияның кіндік тұсында ұлан-байтақ қазақ даласы жатыр. Ежелгі атам замандардан бері бұл сахара өзінің ұлы рухын жоғалтпай, бүгінгі үшінші мыңжылдықта да асқақтығын танытып келеді. Атыраудан Алтайға дейін созылған кең өлкеміз — тарихы терең, дәстүрі дархан ата-жұрт. Әні мен күйі шалқыған, сыры мен жыры толқыған ғажайып мекен.
Ой өзегі
Бүгінгі кеңдігімізге, тыныштығымызға, еңсеміздің биіктігіне сүйсіну — ел үшін жанын қиған батыр ұл-қыздардың ерлігі мен еңбегінің арқасы.
Тәуелсіздік — ұрпаққа қалған аманат
Тәуелсіздік — қасиетті де құдіретті ұғым. Оның тереңіне үңілсек, ата-бабаның ғасырлар бойғы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтың ұрпаққа қалдырған мәңгі өшпес ізі мен аманаты жатқанын көреміз. Ұлан даланың жас перзенті — кеңпейіл қазақтың азаттық мұраты жолындағы сан қилы күресі, тағдырдың талайына жазылған «тар жол, тайғақ кешудің» табы бар.
Өлең жолдары
Отар болдым, от кештім, суға баттым,
Күнін кештім шарқ ұрған шағаланың.
Енді бүгін көрдім мен қазағымның
Азаттықты бақытқа балағанын!
Бауыржан Жақып бостандықтың адамзат үшін ең жоғары құндылық екенін осылай жырлаған.
Уақыт ағымы және елдік жауапкершілік
Өмір көші үнемі қозғалыста. Азаттық ұраны әр қазақтың қанына сіңіп, уақытпен бірге ілгері ағады. Ел мен жер тарихы күн санап жаңарып, қоғам өркениетке қарай дамып келеді. Тәуелсіздіктің арқасында елімізге құт қонып, ырыс үйіріліп, ортаға несібе дарыды.
Дана сөз
Төле би айтқандай, қолға қонған бақ құсын үркітіп алмау үшін жұдырықтай жұмылып, ақылдасып, елдіктің тұғырына әрбір азамат өз үлесін қоса білсе — елдігіміздің еңсесі нығаяды.
Ерлік — ұрпаққа үлгі
«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген сөз бекер емес. Кешегі Ұлы Отан соғысында ел намысын қорғаған батырларымыздың ерлігі — тарихтың алтын парағы. Бауыржан Момышұлының қайсарлығы, Әлия мен Мәншүктің қайталанбас ерлігі — жас ұрпаққа өнеге. Желтоқсан оқиғасында Қайрат, Ербол, Ләззат, Сабира сынды өрімдей жастардың батылдығы да — азаттықтың бағасын ұғындыратын тағылым мектебі.
Неге олар ерледі?
Отанға, атамекенге деген сүйіспеншілік пен перзенттік парыз сезімі — ерліктің ең қуатты қайнары.
Бүгінгі міндет
Ерлік рухын ұлықтау — өткенді ғана еске алу емес, тәуелсіздікті күнделікті еңбектің мазмұнына айналдыру.
Бірлік, білім, рухани сабақтастық
Еркін елдің жас қырандары ХХ ғасыр басындағы зиялылар таңдаған білім мен білік жолын бағдар етуі керек. Тәуелсіздікті сақтау, сан қилы теперішке тозбаған ұлтымыздың асыл мұрасын, салт-дәстүрін, биік рухын қастерлеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу — бәріміздің парызымыз.
Бірлік туралы өсиет
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді; төртеу түгел болса, төбедегі келеді».
Бұл нақыл — тұтастықты ту етіп көтерудің, ортақ мұратқа жұмылудың айқын өлшемі.
Болашаққа нық қадам
Тәуелсіздіктің құны мен қадірін азаматтық сана, патриоттық жүрекпен түсіне білу маңызды. Жас өреннің «қазақ» деп соққан жүрегін еркін елдің ертеңгі күнінің тірегі деп танысақ, болашағымыздың берік болары анық. Ежелден аңсаған еркіндіктің туы жоғары, елдігі мығым болсын, тілегіміз қабыл болғай.
Ростов орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі — Мұханбетжанова Жазира Мизамханқызы